Сейсенбі, 27 Ақпан 2018   |   181 рет оқылды

ӨКІЛ ИМАМ "НҰР-МҮБАРАК" ШӘКІРТТЕРІН ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРДЫ

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт – Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы Алматы қаласында болып, іс-сапар барысында «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіндегі білім алушы қызылордалық шәкірттермен кездесті.

Шәкірттермен кездесу барысында өкіл имам бірқатар маңызды ақпараттармен бөлісті. Ең алдымен шәкірттерге имамдық қызметтің жауапкершілігін, қазіргі қоғамда имамға қойылар талап-міндеттердің маңыздылығын айта келе, мықты кадр болудың қыр-сырымен бөлісті.

Кездесу нәтижесінде аталмыш университеттің төменгі курс студенттері алдағы уақытта облысымыздағы мешіттерде іс-тәжірибеден өтетін болды.

Жалпы кездесуден кейін, Болатбек қажы Ұласқанұлы университетті биыл бітіретін бітіруші түлектермен сұқбаттасты.

«Аймақтағы діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау, жастардың жат ағым жетегінде кетуінің алдын алу, Ислам дінінің өркендеуіне қызмет ету бағытында атқарылар шаралар өте көп. Біршама жауапкершіліктің имам қызметкерлерге артылатыны да белгілі.» - дей келе, өкіл имам қызылордалық бітіруші түлектерді Сыр еліне қызмет етуге шақырды.

Өз кезегінде кездесуге қатысушы шәкірттер Болатбек қажы Ұласқанұлына жаңа қызметте табыс тілеп, Алланың қалауымен туған жерге еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді.

Осылайша шәкірттерге тың серпін беріп, жігер сыйлаған өкіл имам ендігі іс- сапарын Астанада өтетін Еуразия мұсылман ғұламаларының форумына қатысуымен жалғастырмақ.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы