Бейсенбі, 06 Ақпан 2014   |   251 рет оқылды

Халықпен тікелей тілдесу – атқарылар істі айқындайды

 

Ақпан айының 3 жұлдызында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Керделі, Еңбекші,Жиделірық, Төңкеріс, Ақмая ауылдық округтерін аралап, халықпен кездесіп, жалпы 2013 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Шиеліде өткен жылы атқарылған және алдағы уақытта жасалатын жұмыстар жинақталған, жылды қорытындылайтын «Ортақ іс, ортақ нәтиже» деп аталатын әкімнің баяндамасын халық ыждағаттылықпен тыңдады. Барлық ауылдарда халық көп жиналған. Мектептер мен клубтардың үлкен залдары сол ауылдардың тұрғындарына лық толы болды. Тіпті, есепті тікесінен тік тұрып тыңдағандар да көп болды. Аудандық мәслихаттың депутаттары мен дербес бөлімдердің басшылары жиналған жиналыстар мәдениетті, өз атауына лайық жоғары деңгейде өтті. Халық сыпайыгершілік пен жоғары мәдениеттілік танытып, аудан әкімінің есебін қолдап, оған өз ризашылықтарын білдіріп жатты.Өз кезегінде, ауылдарында қордаланып қалған, шешілмей жүрген мәсе лелерді көтерген ауыл тұрғындары аудан әкіміне бірқатар сұрақтар да қойды. Алдымен, Керделі ауылдық округінде болып өткен есепті кездесуде аудан әкімінің баяндамасынан кейін Шахмардан Алтынбеков жарық, аяқ су мәселелерін көтерсе, Әміртайұлы Баттал “Р-12” су арнасының ауылға жақын екенін, ауылда ыза су белең алмас үшін қашыртқының табанын қайта қазылу керектігін, ауылдық округ әкімінің әкімшілік ғимаратының жоқтығын, учаскелік инспектор көліксіз, қызметтік баспанасыз жүргендігін тілге тиек етті. Ауыл тұрғыны Ахметов Шәзінда жеке кәсіп ашқысы келетінін айтып көмек сұрады. Ал ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбжамалов Амангелді аудан әкімінің жыл бойындағы атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, риза шылығын білдірді. Көпшіліктің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беру кезінде аудан әкімі Мұрат Нәлқожаұлы алдағы уақытта жарық мәселесі шешілетінін және трансформатор орналатынын айтты. Канал мәселесіне келгенде жоба жасалып, құжаттары рәсімделу керектігін тілге тиек етіп, кәсіп ашпақ ниетінде жүрген Ш.Ахметовке көмек беру үшін тиісті сала басшыларына арнайы тапсырма берді. Осылайша жиынды қорытындылаған аудан әкіміне ауыл ақсақалы Ибрагим Мұсабеков батасын берді. Ашығын айту керек, Нартай ауылында көше жөндеу мәселесі айтылмады. Бұған қарағанда, “атақты ақын атындағы ауылдағы жолдар толық жөнделген бе?” деп қаласың. Бірақ, бұл округтің жолдары стандартқа сай болып тұрғаны шамалы екені баршаға мәлім. Аудан әкімінің алдында халықтың неге көтермегенін, не үшін мәселе етіп ұсынбағанын түсінбедік. Осыдан соң аталмыш шара жалпы тірек ауылына айналған Еңбекшіде жалғасымын тапты. Еңбекшідегі халық Нартай ауылының тұрғындары секілді ауылға керектіні айтып, жан-жақтан сұрақтар қоймады. Негізі, бір жылдың ішінде екі бірдей мектеп соғылған округ тірек ауылына айналғанын бұл ауылдың жұрты жақсы біледі. Ал тірек ауылында барлық көшелері жөнделіп, жарық тартылып, балабақша, дәрігерлік амбулатория жалпы барлық жағдай жасалады. Ия, ауыл тұрғындарына бұдан артық не керек?! Сәйкесінше Еңбекші ауылының тұрғындары әкімге, сала басшыларына рахметтерін айтып жатты. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікқара Әбдіжапбаров пен ардагер ұстаз Бәтішева Ұлман халықтың атынан алғыс айтса, ауыл имамы Мұқан Бекқожаев батасын берді.

Түске дейін Жиделіарық ауылдық округі де қамтылды. Бұл жерде ауыл имамы Әбутәліп Жолтаев, “балабақша, мектептегі арнайы орталыққа балаларды тасымалдайтын автокөлік бөлінсе” деген ниетін білдірсе, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмзеев Есен аудан әкімінің жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта атқарылар жұмыстарына сәттілік тілей келе жол, жер, ауылдық клубтың ғимаратына байланысты мәселелерін көтерді. Ал Қалкөзов Абдулла ауылдағы электр бағаналарын сынға алды. Бұл сұрақтарға да тұщымды жауап беру үшін аудан әкімі М.Ергешбаев арнайы мамандарды қатыстырды. Жер мәселесіне келгенде аудандық жер бөлімінің басшысы Г.Құлмырзаева ауылдағы бұрынғы «Жиделі арық» шаруа қожалығы банкротқа ұшырап жерлері мемлекетке өтіп кеткендігін, қайта қайтарып алу үшін тендер жариялап, аукционға шығарса сырттан кез-келген қалталы азаматтардың бірі сатып алса, ауыл тұрғындарының егістік жері былай тұрсын, жайылым жері азаятынын атап кетті. Клуб үйіне қатысты мәселеге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әшімхан Оспанов бұл ауылдағы мәдениет ошағының апатты жағдайда тұрғанын, алдағы уақытта өз кезегі бойынша жөнделетінін тілге тиек етіп, жауап берді. Аудан әкімі М.Ергешбаев жер мәселесін облыстағы мамандармен ақылдасып шешу керектігін назарға алды.

Түстен кейін Шеген Қодаманов ауылында жалғасымын тапқан есепті кездесу жиналысында Патыма Даниярова әкімнің есебіне оң бағасын беріп, рахметін айтып, кейбір жаңадан қосылған көшелердегі су, жарық, жол мәселелерін сөз етсе, ауыл тұрғыны Көшербай Боданов ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның 3000-нан аса халқы бар Төңкеріске тарлық етіп отырғанын айтты. Аудан әкімі бұл мәселер бойынша алдағы уақытта жұмыстар атқарылатынын тілге тиек етіп, жиналысты қорытындылады. Ал Байзақ қажы Қалтаев ауыл тұрғындарының атынан рахметін айтып, батасын берді. Ақмая ауылдық округінде ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Каналбек Орынбаев ауылдың ішкі жолдарының нашарлығын, пошта ғимаратының ескі әрі тарлығын, емхананың жағдайы сын көтермейтінін, 2600 халқы бар ауылда ауылдың мәселесімен айналысу үшін әкімде ғимарат жоқтығын, Полуказарма елдімекеніне ауыз судың тартылмағанын, ауылдағы 5000 га инженерлік жердің тиімсіз пайдаланып жатқандығын тілге тиек ете келе, биылғы жылы тым болмаса үш көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Полуказармаға ауыз су тартылса деген халықтың тілегін жеткізді. Ал Алтынбай Оразмаханұлы «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы бойынша несие ала алмай жүргендігін айтты. Барлық мәселені назарға алған аудан әкімі алдағы уақытта халықтың өтініші бойынша үш көшені жөндеу жоспарда барлығын, үш-төрт жылдың көлемінде ауылдағы көшелер түгел жөнделетінін тілге тиек етті. Ауыл әкімдігіне қарасты ғимаратты қайта қалпына келтіру және Полуказармаға ауыз су тарту, сонымен қатар, инженерлік жерлерді тиімді пайдалану үшін шаруашылықтардың бірігу керектігін ерекше атап өтті. Таңертең ақын Нартай ауылынан бастау алған есепті кездесу жиналыстары кеңестік дәуірде 15 Социалистік Еңбек Ері шыққан Ақмая ауылында кешкілік өз мәресіне жетті.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы