Сәрсенбі, 12 Ақпан 2014   |   168 рет оқылды

Мақсаттар айқындалып, міндеттер жүктелді

Аудан әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев өзінің екінші күнгі есеп беру жиынын Байсын ауылынан бастады. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Ә.Оразбекұлы жүргізіп отырды. Аудан әкімі аппараты, дербес бөлім, сала басшылары, БАҚ, құқық қорғау өкілдері қатысып отырған жиында “Ортақ іс, ортақ нәтиже ” тақырыбындағы баяндамасын аудан әкімі М. Ергешбаев бастап та кетті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша 2013 жылғы ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының қорытындылары мен барлық салалар бойынша атқарылған жұмыстар және алға межелеген міндеттер жайлы жік-жігімен тарқатып, халықты хабардар етті. Ауылдың клубына лық толған халық есепті тыңдап, оң бағасын берді. Ішкі жолдардың, клубтың жөндеуден өтетінін естіген тұрғындар алғыстарын қол шапалақтап, қошеметтеу арқылы білдірді. Ауылдың Бердібаев Жантөре мен Мақашев Ысқақ сынды баталы қарттары алғыстарын айтып, ел үшін жұмыс жасап жатқан азаматтарға ақ баталарын берді.

Байсындықтармен жылы қоштасқан әкім мұнан соң даңғайыр диқан Ы. Жақаев атындағы ауылға аттанып кетті. Мұнда да зор ықыласпен жылдық есеп тыңдаған халық аудан әкімі М. Ергешбаевқа рахметтерін айтумен қатар, көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікірлерін жасырмай, сауалдарын да жолдады. Маханбетов Шәймерден, Әшірханов Төрехан, Махмудов Нұрландар аяқ су яғни, мал ішетін су, егіндік жерлердің тозып бара жатқандығы, “Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі қайта ауылға орналастырылса” деген базыналарымен қатар, базар бағасының шарықтауы, ауылға қатынайтын маршрут жүретін көшенің аяғы сын көтермейтіндігін де тілге тиек етті. Тек мәселелер ғана айтылмай бұл ауылда белгілі бір салаларға аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, аудандық спорт саласы мамандарына және ауылдағы кіші кәсіпкерлерге алғыстарын жаудырды. Бұл сауалдарға да толығымен жауаптар берілді. Каналдардың сағасы тазаланып, 3 техника жұмыс жасап жатқандығын атап өтті, су мамандары. Ал, музейді көшіруді алдағы уақытта қарастыратындықтарын білген тұрғындар бір серпіліп қалды. Базар бағамын ылғи назарда ұстайтындығын жеткізген М.Ергешбаев “қайта өзге аудандарға қарағанда бізде азық-түлік өнімдері бағалары төмен, көшелердің жайына келсек, біртіндеп жөнделуде, бәрі де кезегімен жасалады, тек сәл ыждағаттылық керек”, - деді. Бұл атқарылып жатқан істер өздеріңіздің қолдауларыңыз бен ауызбірліктің нәтижесі деген әкім үлкендердің алғысы мен батасын алып, кезектегі Бидайкөл ауылына жол тартып кетті.

Бидайкөл халқы да аудан басшысының есепті баяндамасын асыға күткен тәрізденді. Баяндаманы слайдтар арқылы көрсету де өте ұғынықты, ұтымды шықты. Біздің ауыл үшін алдағы жыл қандай жаңалықтарымен бөліседі екен деген емеурінді әрбірінің жүзінен аңғару әсте қиын емес еді. Дегенмен, 44 жылдан бері жөндеу жұмыстарын көрмей келген клуб үйі жөнделетіндігі, ауыз су келетіндігі, дәрігерлік амбулатория, балабақша салынатындығы туралы хабарлар зор қуаныш сыйлағаны анық. Осы жайларға қуанған Аханов Мейрамбек “алғыстан басқа айтарым жоқ” деп, бата беріп әкім есебін оң бағалады. Бірақ та болса күрделенген мәселелерді осындайда айтпағанда қайда айтамыз деді ме, Бақтияров Дүйсенбек, Отарбаев Сабыржан есімді азаматтар “ауыл шаруашылығымен айналысу үшін бірнеше жылдан бері банктердің қарамағына өтіп кеткен жерлеріміздің мәселесі шешіле ме?”, - деген сауал тастады ортаға. Ақшаға құныққандар мия тамырын өткіземіз деп жайылымдық жерлердің күйі қашқанын да қынжылыспен айтып өтті осы тұста. Міне, бұл сұрақтарға аудандық жер қатынастары бөлімі басшысы Г. Құлмырза жерді қайтару мақсатында елеулі жұмыстар атқарылып жатқандығын айтса, прокуратура, АІІБ өкілдері мия тамырын терушілерге қарсы да қандай істер жасалынғандығынан жиылған жұртты хабардар қылды. Бұл тұста аудан әкімі М. Ергешбаев “мия тамырын термес бұрын оны егуді де ойлайық, табиғатқа тағылық көрсетпей, болашағымызды да естен шығармайық”, - деп өз сөзін аяқтады.

Қарғалының да халқы аудан әкімін риясыз көңілмен қарсы алып, есебін жоғары мәдениетпен тыңдады. Ауданның жыл бойындағы жетістіктері мен жасалынған жұмыстар жайынан толық хабар алды. Мұнда да көше, аяқ су жайы қозғалды. Ысқақов Қожахмет, Ысқақова Разия, Әбуов Яхияр есімді тұрғындар сауалдарын жолдап, игі лебіздерін де айтты.” Мектепке балаларды таситын көлік болса екен” деген ойларын да жасырмады.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы