Жексенбі, 30 Қараша 2014   |   402 рет оқылды

Діни басқармада – чемпиондар – Илья Ильин мен Жасұлан Қыдырбаев

Бүгін Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы әлем чемпиондары – Илья Ильин мен Жасұлан Қыдырбаевты және оның бапкерлерін қабылдады.

Қазақстан атын айдай әлемге паш еткен спортшылар Бас мүфтимен елдегі тұрақтылық, бірлік, еліміздің өркендеуі, мемлекетіміздің мерейі, спорт туралы сұхбаттасты. Зілтемірші жігіттерді жеңісімен құттықтаған Ержан қажы Малғажыұлы: «Сіздердің көк туымызды көкте желбіретіп, жеңіске жетіп, әлемге танылып, мәртебелеріңіздің биіктеп жатқаны – Алланың қолдауы, Елбасының қамқорлығы, Тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің арқасы. Қоғамда тыныштық болса, біз әлі талай асуларды бағындырамыз. Спорт – баршаны бірлікке біріктіретін игі шара. Еліміздегі мұсылман жамағаты да сіздердің жеңістеріңізге қуанып, қолдап-қуаттап, Аллаға дұға етуде. Біздің басты жетістігіміз – бірлігімізде. Халқымыз кезінде талай тауқыметті бастан кешті. Қазір, Құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы. Біз бүгінгі күніміздің қадірін жақсы түсінуіміз керек. Алла Тағала жар болып, биік шыңдарды бағындыра берулеріңізге тілектеспін», – деді.

Өзге мемлекеттермен салыстырғанда тұрмысы түзу, бірлігі сақталған, экономикасы өркендеп келе жатқан Қазақстанда тұру үлкен бақыт екенін айтқан Илья Ильин Бас мүфтидің қабылдауын өзіне мәртебе санайтынын жеткізді. «Бәріміздің мақсатымыз бір: еліміздің дамуына үлес қосу, Қазақстанды әлемге таныту. Біздің қолдаушымыз – халық, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл бізге үлкен жауапкергшілік жүктейді. Ел сенімінен шығуға әрдайым дайынбыз. Бізді қабылдап, жылы лебіздеріңізді білдіріп жатырсыз. Сізге тек алғыс айтамыз. Сіздердің де жұмыстарыңыз өте маңызды. Бастамаларыңызды көріп, біліп жүремін. Сізге де жұмысыңызға береке тілеймін», – деді И. Ильин.

ҚМДБ төрағасы чемпиондардың бапкерлеріне жылы лебізін білдіріп, алғыс айтты. Бас мүфти жастарымыз танымал тұлғаларға, спортшыларға қарап, бой түзейтінін, солардан үлгі алатынын тілге тиек етті.

 www.muftyat.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы