Сейсенбі, 16 Желтоқсан 2014   |   458 рет оқылды

«Нұр-Мүбарак» университетінің беделі күннен-күнге артуда

Мәскеуде өткен X халықаралық форум Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университетінің беделін арттыра түсті. Қазіргі заман талаптарына сәйкес діннің міндеті мен діндарлардың жауапкершілігіне қатысты  тақырыпты қамтыған халықаралық басқосудың бағдарламасында  «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті мен Мәскеу ислам институтының арасында келісімшартқа ресми түрде қол қойылды. «Нұр-Мүбарак» проректоры, профессор  Шәмшадин Керім мырзаның айтуынша, бұл келісім аясында ТМД елдер арасындағы ислам білімін  дамытудың басымдылық бағыттарына сәйкес электронды білім  алу мен қашықтан дәріс беру технологияларын енгізу мәселесі қолға алынбақ.  Оқу бағдарламасын жетілдіру бойынша  жасалатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау   Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп әзірленбек. Ресей тарапынан Мәскеу ислам университетінің  ректоры  Дамир Хайретдинов, ал елімізден «Нұр-Мүбарак» проректоры Шәмшадин Керім қол қойған құжат бойынша екі университет арасындағы  білім алу мүмкіндіктері артып қана қоймай,  бұл университет түлектерінің дипломдарын екі елде де мойындау құзыретін  де қамтымақ.

Ресей Федерациясы мұсылмандарының діни басқармасы, Ресей мүфтилер Кеңесі, мұсылман ғалымдарының бүкіләлемдік Одағы, Түркияның дін істер министрлігі, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдерінің институты, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің шығыстану факультеті, Мәскеу ислам институты, «Әл-Мустафа» халықаралық университеті, Ислам ғылымы, мәдениеті, білімін қолдау қоры, «Медина» Медиа-холдингі, ЮНЕСКО істері бойынша РФ комиссиясы ұйымдастырған форумға  әлемнің жиырма мемлекетінен 500-ден аса делегат қатысты. Қазіргі заман талаптары мен даму үдерісі, түрлі оқиғаларға  сәйкес діннің орны мен діндарлардың міндетін  жан-жақты қамтыған форумға «Нұр-Мүбарак» университетінен Ш. Керім мырзамен қатар оқу бөлімінің меңгерушісі филос.ғ.кандидаты А.Әлмұхаммедов мырза қатысып, бірлікке ұмтылған мұсылман қауымына еліміз тарапынан үн қосып қайтты.

Заман талабына сай  жаңа белестерге көтерілген «Нұр-Мүбарак» университетінің  халықаралық деңгейдегі құжаттарына тоқталсақ,  жуырда ғана Египет Араб Республикасындағы «Әл-Азһар»  университетімен  халықтар арасындағы қарым-қатынасты күшейтудің негізі ретінде алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін гуманитарлық және академиялық байланысты  дамытуға өзара ресми түрде келісімге отырған болатын. Мың жылдық тарихы бар әрі әлемдік деңгейде мойындалған ғылым ордасы «Әл-Азһар» университетімен келісім жасау – бұл тарихы  небәрі он  жылдан енді ғана асқан «Нұр-Мүбарак»  университеті үшін өте үлкен жетістік. Сондай-ақ,  осы желтоқсан айының алғашқы күнінде ғана Малайзияның Ұлттық Сұлтан Зайнал Абидин университетімен  екіжақты меморандум  қабылданған болатын.

Бұл келісімшарттар бойынша  «Нұр-Мүбарак» университетінің білім талапкерлері академиялық, ғылыми, шығармашылық және мәдени ынтымақтастық арқылы шетелдің озық  оқу орындарының тәжірибелерімен алмасып, ғалымдарынан дәріс алып қана қоймай, сол университеттердің өздерінде де білім алуға да қол жеткізбек.

Айша КЕҢЕСБАЙ,
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы