Сейсенбі, 06 Қаңтар 2015   |   484 рет оқылды

ҚМДБ делегациясы Түркия елінде

Қазақстан мен Түркия Республикалары арасындағы достық қарым қатынас және ынтымақтастық негізінде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен ҚР Мәдениет және спорт Министірлігі Дін істері комитеті қазақстандық азаматтардың теологиялық мамандықтары бойынша жоғары діни білім алулары үшін «Мәрмара», «Стамбул», «Анкара», «Селжұқ» университеттерін діни білім алуға лайықты деп тапқан болатын. Соның негізінде аталмыш оқу орындарымен ҚМДБ және Түркия Діни істер басқармасы арасындағы келісім негізінде «Хасеки» академиясында тәлім алып жатқан студенттеріміздің жай күйін, оқу үрдісін, оқу бағдарламасын, кітапхана қорлары мен шетелдік студенттерге арналған тұрмыстық жағдайымен танысу мақсатында 4- Қаңтар күні Түркия Республикасына үш кісілік делегация іс сапарға аттанды. Делегация құрамында ҚМДБ-ның  діни оқу ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетнің проректоры, профессор Шәмшәдин Керім, «Әбу Ханифа» ғылыми зерттеу орталығы директоры, доктор Алау Әділбаев бар. Стамбул қаласына келген делегацияны Қазақстан елшілігі мен ТР Діни істер басқармасының өкілдері күтіп алды. Аталмыш делегация 5 қаңтар күні таңертең Стамбул қаласындағы «Хасеки» академиясының ең негізгі орталығында болып, академия басшылығы әрі сол жерде тәлім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу өткізді. Делегация мүшелері Бас мүфтидің ыстық ықыласын жеткізіп, оқу орны басшылығына алғыстарын білдіріп, сыйлықтарын табыс етті.  Орталық директоры Нуреддин Мухтар Ажар оқу орынының мән жайы, бағдарламасы жайлы кең көлемді мәлімет берді. Жалпы 1976 жылы құрылған «Хасеки» академиясының Түркияда діни әлеуетті көтеру һәм білікті мамандар дайындайтын ықпалы өте жоғары оқу орындарының бірі. Бұл оқу орнының негізгі мақсаттарының бірі мұсылман түркі халықтары арасында таралған дәстүрлі сунниттік ханафи-матуриди бағытындағы классикалық Ислам ғылымдарының ғылыми мұрасын игере отырып, заман талабына сай оқу ағарту істерін жүргізу. Бұл оқу орнына мұсылман әлемінің түкпір-түкпірінен ғылым ізденушілер көптеп келеді. «Хасеки» академиясының осы ерекшеліктерін ескерген ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфти Ержан Қажы Малғажыұлы ТР Діни істер басқармасының басшысы Мехмет Гөрмез мырзамен бауырлас екі ел арасында діни саладағы өзара әріптестік пен ынтымақтастық негізінде Қазақстан медреселері мен «Нұр-Мубарак» университетінің үздік бітірушілерін оқытуға қол жеткізген еді. Осы келісімнің жемісті нәтижесінде соңғы бір екі жылдың ішінде «Хасекиге» қабылданған тәлім алушылардың басым көпшілігін қазақстандық студенттер құрауда. Студенттерімізге жасалған жағдай көңіл толарлықтай. Қазақстан делегациясы білім алып жүрген жастарымызбен ой бөлісті. Түстен кейін Қазақстан делегациясы ТР Дін Істер Басқармасына қарасты ИСАМ (Ислам ғылыми зерттеу) орталығы басшыларымен кездесті. Делегация құрамы алдағы 4-5 күн ішінде жоғарыда аталған түркиялық оқу орын басшыларымен кездесіп, екі жақты қарым-қатынас орнату жолын қарастырмақ.

muftyat.kz

 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы