Сәрсенбі, 18 Ақпан 2015   |   478 рет оқылды

ҚМДБ-ның делегация құрамы Түркия елінде

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен ҚМДБ-ның делегация мүшелері Түркия дін істері басқармасымен ақпараттық-танымдық қызмет саласында тәжірибе алмасу мақсатында Анкара қаласына барды.

Іссапардың алғашқы күнінде діни басқарма қызметкерлері Түркия дін істері басқармасының бас кеңсесінде болып, Жалпы ақпарат бөлімінің директоры доктор Юксел Салман мырзамен кездесті. Кездесу барысында ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлемін делегация басшысы Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі А.Ұтысханұлы жеткізе келе Діни басқарма жанында 20 веб-сайт, «Хикмет» телерадиостудиясы жұмыс істейтіндігін және газет, журнал шығатындығын айтты. Сондай-ақ, Діни басқармалардың атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырылып, тараптар пікір алмасты. Өз кезегінде сөз алған Юксел Салман мырза қарамағында «Басылымдар», «Мерзімдік басылымдар мен кітапханалар», «Шет тілдегі басылымдар», «Телевизия және радио» сынды төрт бөлім жұмыс жасайтынын атап өтті. Мәселен, «Басылымдар» бөлімі күнтізбелер, кітаптар, күнделікті намаз кестесін, т.б. типографиялық өнімдер шығарумен айналысса, «Мерзімдік басылымдар» бөлімі «Diyanet» айлық діни журналы, «Aile» (Жанұя), «Cocuk» (Балақай) секілді т.б. журналдар шығаратынын алға тартты. Сонымен қатар, «Шет тілдегі басылымдар» бөлімінде түрік тіліндегі маңызды деген кітаптарды әлемнің 26 тіліне тұрақты түрде аударып отырады, - деді. Ал, «Телевизия және радио» бөлімінде рухани-танымдық, діни бағдарламалар дайындалады. Осы ретте бір айта кетерлігі, Түркияда Дін істері басқармасының қарамағынан бөлек 50 діни радио мен 20 діни телеарна тұрақты түрде жұмыс жасайтын көрінеді. Юксел Салман мырзаның айтуынша, аталмыш радио мен телеарналардан шығатын бағдарламаларды мемлекет тарапынан құрылған «Радио және Телевизия» Жоғарғы кеңесінің орталығы қадағалап отырады. Кездесу соңында Алтынбек Ұтысханұлы ҚМДБ тарапынан арнайы сыйлық табыс етті.

Түстен кейін діни басқарма өкілдері Түркия дін істері басқармасының басылымдар бөлімінде болып, аталмыш бөлімнің басшысы Юнус Аккаямен кездесті. Юнус мырза Түркия дін істері басқармасының баспаханасы әр түрлі саладағы жазылған діни кітаптарды шығару жұмыстарымен таныстырды.

Мәселен, жас ерекшеліктеріне қарай балалар әдебиетін және Құран Кәрімнің араб тіліндегі нұсқасын әр түрлі әріппен басып шығарған. Сонымен қатар, Юнус мырза діни сауат ашу курстарына осы күнге дейін 4 млн.ға жуық кітап басып шығарып, тегін таратқанын жеткізді. Мұнымен қоса, ғалымдардың телебағдарламаға берген сұхбаттарын кітап түрінде топтап шығарған.

Сондай-ақ,  «Исламдағы иман шарттары», «Құран тәпсірі», «Хадис аясында Ислам» жинағы секілді т.б. ауқымды еңбектер мен кітаптар  тізбегі баспадан жарық көрген. Юнус мырза аталмыш баспа екі жылда бір рет басылым конгресін өткізіп, қандай кітаптар шығаратындығын бекітетін жеткізді.

Жалпы алғанда, осы уақытқа дейін діни бағыттағы 1078 түрлі кітаптар дайындалып баспадан жарық көрген. Сөз соңында Юнус мырза өз тәжірибесімен бөлісетіндігін және шығарған өнімдерін ҚМДБ-ға беруге әзір екенін де айтты.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы