Сейсенбі, 12 Мамыр 2015   |   1274 рет оқылды

"Үй перісі" деген бар ма?

Ассаламу алейкум!
Кейде үйде бір дауыс естігендей боламын. Бойымды бір үрей билей кетеді. Жора-жолдастарымнан да естуші едім, үйдегі тоңазытқыш кенеттен өшіп қалды, бөлменің жарығы өздігінен жануы сияқты тылсым жайттарды. Бұл құбылысқа шариғатта ақылға қонымды бір түсінік бар ма? 

Уа алейкум ассалам!
Әрине, оның бірнеше себебі болуы мүмкін.  Соның бірі жел және есік-терезенің сықыры секілді табиғи жағдай болуы мүмкін. Сондай-ақ, адамның шектен тыс секемшілдігі де түрткі болуы ықтимал. Бұл жайтқа жын да себеп болуы мүмкін. Жындардың ішінде үйді мекен етуші – ғамир атты түрі кездеседі.
Аллаға тәуекел етіңіз, ешнәрседен қорқушы болмаңыз. Ең алдымен, белгісіз дыбыстың шығу себебін іздегеніңіз жөн. Ал, жалпы қорғану үшін мынадай кеңес береміз:

1. Босағадан кірген бойда дұға оқу. Әбу Малик әл-Ашғари (р.а.) риуаят еткен: «Алла елшісі (с.ғ.с.) егер кісі үйіне кірсе: «Аллоһуммә инни әсәлукә хойрал мәуләж уә хойрал махраж. Бисмилләһи уәләжнә уә бисмилләһи хоражнә. Уә ъәлә Аллаһи Роббинә тәуәккәлнә»,-деп босағадан аттағанда сәлем берсін[1]»,-деп айтқан».
Мағынасы: (Уа, Алла! Үйге кіргенде де, шыққанда да тек жақсылық сұраймын. Алланың атымен үйге кіремін, Алланың атымен үйден шығамын. Және Раббымыз Аллаға тәуекел етеміз).

2. Бақара сүресін жиі оқу. Бақара сүресін толығымен немесе шамаңыз келгенше оқыған дұрыс. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Үйлеріңді қабір секілді етіп жібермеңдер. Анығында, Бақара сүресі оқылған шаңыраққа шайтан кірмейді[2]», – деп айтылған.

3. Аятул Курсиді оқу. Ұйқыға жатар алдын осы аяттарды оқу аса маңызды. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «... Төсегіңе отырған кезде Аятул Курсиді оқы. Сонда Алла құзырынан бір қорғаушы (періште) жаныңнан кетпей тұрады. Таң атқанша саған шайтан жақындамайды...[3]»,-делінген.

Қорыта айтқанда, жоғарыда көрсетілген сүре мен аяттар және дұғалар үй иесін қорғайды. Сонымен қоса, үйге жақсылық пен береке әкеледі.


[1] Әбу Дауд
[2] Муслим
[3] Бұхари

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы