Жұма, 08 Қаңтар 2016   |   2464 рет оқылды

Ұйқыңыз тыныш па?

Шындығында да, ұйқы адам өмірінде үлкен маңызға ие. «Ұйқыңыз тыныш болсын», - деп тілек айтуымыздың өзі бекер емес. Біле білсек, күні бойы сергек жүруіңіздің өзі тірлігіңіздің тындырымды болуына септігін тигізеді. Алайда түнде «түлен түртіп» жүретіндер де баршылық. Ол туралы кейінірек...

Қалай айтқанда да мидың тыныштығы - ағзаның бырқалыпты дамуы деп тұжырым жасауға болады. Ал, бірақ күнделікті арпалыс тіршілік ойдың да, бойдың да бірқалыпты демалуына мүмкіндік бере бермейді ғой. Алдымен осыны ескерген жөн.

Ағылшын сарапшысы, доктор Рамлакханның пікірінше, ұйқысыздық оқушылар мен мұғалімдердің, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі шенеуніктердің бойында жиі орын алады екен. Мұның себебі де түсінікті. Мидың демалмай шектен тыс жұмысқа «жегілуі» оған ауыр салмақ түсіреді. Ақырында ұйқы бұзылады. Бұл орайда Рамлакхан ауыртпалықты ескере отырып, әрбір 90 минут сайын жұмыстың арасында үзіліс жасап тұру керек деп есептейді. Сонымен қатар, күйзелістен құтылу ұшын немесе ұйықтар алдында жылы су ішіп, жылы ванна қабылдап жатса, өзіңізге жақсы деп кеңес береді ағылшын дәрігері. Алайда, бұл кеңесті кім қабылдай қойсын! Шаршап келген адам демалу үшін жылы ваннадан гөрі, жылы төсекте тезірек көз шырымын алып, ұйқыға кеткенді жақсы көреді.

Жалпы, мидың тыныш және белсенді жұмыс істеуіне қатысты дәлелдер мен тұжырымдар өте көп. Америкалық ғалым Волкердың зерттеуіне сенсек, күндіз және түнгі ұйқы адамның күні бойы сергек жүруіне көп көмегін тигізетін көрінеді. Тағы бір анықталған нәрсе қаншалықты сергек болсақ, мидың жұмыс істеу қабілеті де соншалықты артады. Сессия кезінде студенттер тобына жүргізілген зерттеулер мұны айқын айғақтағандай. Атап айтар болсақ, түні бойы ұйықтамай ертеңіне емтихан тапсырған студенттің жаңа деректерді есте сақтау мүмкіндігі 40 пайызға азайған. Демек, ол таң атқанша кірпік қақпай оқыған кітабының жартысына жуығын ұмытып қалды немесе игере алмады деген сөз.

Жалпы, адамның жасы ұлғайған сайын ұйқының мөлшері де азая түседі. Мысалы, жасөспірімдерге қарағанда орта жастан асқандар аз ұйықтайды, көз шырымын алу деген нәрсе оларға тән үйреншікті құбылыс. Алайда 65 жастан асқандардың түнде ұйықтау уақыты аз болса да, олар жастарға қарағанда күні бойы сергек жүретін көрінеді. Бұл «шалдар» кеш жатқанның өзінде ерте тұрады. Негізі, сегіз сағат ұйқы болуы керек десек те, Суррейс университеті ғалымдарының зерттеулеріне қарағанда, 20-30 жас аралығындағылар орташа есеппен алғанда 7 сағат 14 минут, 40-50 жастағылар - 6 сағат 50 минут, ал 65 жастан жоғарыдағылар - 6 сағат 30 минут қана ұйықтайды екен. Ал алпыстан асқандардың неге құсұйқылы болатынын ағылшын ғалымдары зерттеп көргенмен, оның түпкі себебін анықтай алмаған сияқты. Бірақ кейбір болжамдарға қарағанда, ол гормоналдық өзгерістерге келіп тірелетін көрінеді. Жалпы, әлемдік зерттеулерге назар аударсақ, сегіз-тоғыз сағаттық ұйқы жалпы адамзатқа тән қалыпты құбылыс болып табылады екен.

Десек те, ұйқысыздықтың адам денсаулығына орасан зор зияны жайлы ресейлік дәрігер-невролог Марина Василенконың пікірі көңіл аударуға тұрарлық екендігін жасыруға болмайды.

- Ұйқы үлкендер мен кішілер үшін өте керек. Әсіресе, мектепке барар алдында балалар 30 минуттай көз шырымын алса, оқушылардың көңіл күйі жақсарады, күні бойы шаршамай жүреді. Ал, өне бойы ұйқысы қанбай жүрген адам ақи­қатына келгенде, ертерек қартаяды. Ұйқысы қанық адамның психологиялық және еңбек ету қабылеті де жоғары болады, - дейді Марина Василенко.

Мамандардың бағалауына қарағанда, өткен ғасырмен салыстырмалы түрде қарағанда, қазіргі таңда ұйқысыздық 20 пайызға артқан. Үнемі құсұйқылы жағдайда жүру ауруды күшейтеді, атап айтқанда, адамның ағзасы әлсіреп, ұзамай инфаркт алуы мүмкін дейді дәрігерлер. Сондай-ақ түні бойы жұмыс істеу зиян. Көптеген зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, әсіресе, ел ұйқыда жатқанда отырып жұмыс істеу адам бойындағы сырқаттардың күшеюіне әкеліп соғады екен.

Мае университетінің офталмологтары атап көрсеткендей, ұйқының бұзылуы көз ауруына көп себеп болатын көрінеді. Ұйқысыздықтың салдарынан, ең алдымен адамның көз жанары бұлдырайды. Егер бұл белгілер созылмалы дертке айналса, тіпті қиын.

Мамандардың бағалауынша, адам баласы өзінің ғұмырының үштен бірін ұйқымен өткізеді екен. Десек те, күні бойы тынымсыз тірлік үстінде жүретін адам үшін түнемелік демалудың маңызы өте зор. Атақты Генри Лонгфеллоның мынандай нақыл сөзі бар: «Түнде демалу құқығы күндіз күш жұмсауға, істі аяқтауға мүмкіндік береді». Ақиқатында солай. Ұйқы ағзаның күш жинауы үшін өте қажет.

Неміс ғалымдары жатар алдында ішілген бір стақан сүт тез көз ілуге және ұйқысыздық проблемасының орын алмауына кепілдік береді деген қорытынды жасайды. Сүт өнімдерін шығаратын «Wеіhеnstеphan» кәсіпорны 40 адамның күн сайын ұйықтар алдында 1 стақан сүт ішіп отыруын сұрап, соңынан зерттеуге қатысушылардың арасында сауалнама жүргізген. Олардың 73 пайызы сүт ішу процедурасынан кейін тынығып, тез ұйықтап қалатынын айтқан. Сөйтсе мұндай өзгеріс сүт құрамындағы мелатонин гормонының әсерінен болады екен.

Әйтсе де ұйқыңыздың қанық болғанына не жетсін! Бірақ әлемде әртүрлі жағдайларға түсіп, өмірінің жартысын кірпік қақпай өткізетін азаматтар да бар. Соның бірі - югославиялық шаруа адамы Станко Дражкович. Жетпістен асып, бақилық болған шалың 23 жасында екінші дүниежүзілік соғыста басынан жараланып, өмірінің 50 жылын көз ілмей өткізген. Бірақ ол ұйықтамай жүрсе де, ешқашан шаршаңқы кейіпте болмаған. Станко Дражкович еуропаның біраз емханаларын тоз­дырғанмен, сырқатының сырын ұға алмай, кәрілікке жетіп барып көз жұмған.

Ал ветнамдық тұрғын Нгуен Ван Кха 50 жылдық ғұмырының 27 жылында ұйықтамаған адам. Ол 1980 жылы дұрыстап көз шырымын алғанын бүгін сағынышпен еске алады. Еуропаға барып емделсе де, қытайға келіп шығыс-тибет медицинасының шарапатын көрсе де ол ешқандай әсер алмаған.

Тағы бір ветнамдық Ман Тхи да ұйқысыздықтың зардабын көп тартқан азамат. Ол 1975 жылдан бері түнде кітап оқиды, теледидар көреді және уақыт өткізу үшін тағы басқа жұмыстармен айналысады екен. Әйелі Ман Тхидың түнде көз шырымын алмайтынын үш жылдан кейін ғана барып сезген көрінеді.

Ағылшындық фермер Юстас Бернетт 56 жылдан бері ұйқы дегеннің не екенін білмейді. Ол да кітапқұмар, түні бойы кроссворд бен сканворд шешеді, радио тыңдайды. Дәрігерлер оған әртүрлы дәрілер бергенімен, бұл әрекеттің бәрі нәтижесіз болып шыққан.

Жалпы, әлемде ұйықтамаған азаматтардың көшбасында тибеттік монах Дава тұр. Ол 90 жыл көз ілмеген көрінеді. Соңғы рет 11 жасында ұйқысын бір қандырған Дава екі рет болған дүниежүзілік соғыс кезінде де көз ілмей өткен. Бірақ дәрігер-мамандардың жүргізген зерттеу тесті оның бойында ерекшелік барын байқатқан. Тибеттік монах көз ілмегенмен, зерттеу қорытындысы оның өмірінің жартысына жуығы ұйқымен өткенін дәлелдеген.

Халықаралық сомнологиялық орталығының мәліметіне қарағанда ұйқысыздыққа белгілі бір оқиғалар қатты әсер етеді. Адам күрделі бір тосын оқиғаның салдарынан күйзеліске түседі немесе ауыр бір сырқатқа ұшырайды.

...Құдай сақтап, ұйқыңыз тыныш болсын!

Керек кеңес:

1. Ұйқысыздық ұзақ уақыт қажып-шаршаудан болады.

2. Жүйкенің әртүрлі бұзылыстарға түсуі де қатты әсер етеді.

3. Отбасы тірлігіне ерекше алаңдайтын әйелдер ұйқысыздыққа көп шалдығады.

4. Ұйықтай алмайтындардың көру қабілеті нашарлайды.

5. Ұйқысыздық ұзаққа созылып кеткен жағдайда дәрігерге қаралу қажет. 

6. Жүрек-қан тамырлар жүйесі ауыратындардың ұйқысы қанық болмайды.

7. Қалыптан тыс көп ахбарат қабылдайтын ой еңбегі адамдарының да ұйқысы жиы бұзылады.

8. Қалың ой да қажытып, жүйкені жұқартады.

9. Таза ауада серуендеу бырқалыпты ұйықтауға мүмкіндік береді. 


Берік Бейсенұлы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы