Сәрсенбі, 27 Қаңтар 2016   |   2200 рет оқылды

Шайтанның шынайы бет-пердесі қандай?

Шайтанның шынайы бет-пердесі

Жаратушы Хақ Тағала шайтанды адамға дұшпан етті. Осы бір мақұлық әрдайым адамзат баласының қыр соңынан қалмай, оның Алланың ақ жолынан адастыру үшін әрекет етеді. Раббымыз былай дейді:

﴿إِنَّ الشَّيْطَانَ لِلإِنسَانِ عَدُوٌّ مُّبِينٌ﴾

«Шындығында шайтан адам үшін нағыз дұшпан» (Жүсіп, 5).

Құран Кәрім аяттары мен хадис шәрифтерде шайтанның адамзатқа қас дұшпан екендігі айтылады. Адамзатты оның алдап, арбауынан сақ болуға шақырады. Жын-шайтанның жаратылған асылы – от.

﴿وَخَلَقَ الْجَانَّ مِن مَّارِجٍ مِّن نَّارٍ﴾

«Ал жынды таза оттан жаратты» (Рахман, 15). 

Құран аяттарында, Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінде жын-шайтанның алуан түрлі болатындығы айтылған. Ал олардың атасы әрі басшысы Ібіліс малғұнның ордасы судың үстінде болады.

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »إِنَّ إِبْلِيسَ يَضَعُ عَرْشَهُ عَلَى الْمَاءِ ثُمَّ يَبْعَثُ سَرَايَاهُ، فَأَدْنَاهُمْ مِنْهُ مَنْزِلَةً أَعْظَمُهُمْ فِتْنَةً، يَجِيءُ أَحَدُهُمْ، فَيَقُولُ: فَعَلْتُ كَذَا وَكَذَا، فَيَقُولُ: مَا صَنَعْتَ شَيْئًا«، قَالَ:» ثُمَّ يَجِيءُ أَحَدُهُمْ فَيَقُولُ: مَا تَرَكْتُهُ حَتَّى فَرَّقْتُ بَيْنَهُ وَبَيْنَ امْرَأَتِهِ«، قَالَ:» فَيُدْنِيهِ مِنْهُ، وَيَقُولُ: نِعْمَ أَنْتَ! .«رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Жәбирден (р.а.) риуаят етілген хадисте Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Ібіліс өзінің тағын судың үстіне қойып, шолғыншыларын жан-жаққа жібереді. Олардың ең мақтаулысы – ең үлкен бұзықтық жасағаны. Сонда оған біреуі оралып: «Мен ананы өйттім, мынаны сөйттім»,–дейді. Сонда Ібіліс: «Е, ештеңе бітірмеген екенсің»,– дейді. Сонан соң басқа бірі келіп: «Ал мен болсам бір адамды әйелінен ажыратпағанша қыр соңынан қалмадым»,– дейді. Сонда Ібіліс оны өзіне жақындатады да: «Жарайсың!» – дейді». (Мүслім риуаят еткен).

Бұл дүние тіршілігі адамзат баласы үшін үлкен бір сынақ. Оның сынақ болуының бір белгісі әрбір адамның қасында қосарланып жүретін жын қосағы бар екендігі. Ол туралы аят-хадистерде айтылады.

عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ:» قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »مَا مِنْكُمْ مِنْ أَحَدٍ إِلاَّ وَقَدْ وُكِّلَ بِهِ قَرِينُهُ مِنَ الْجِنِّ«، قَالُواْ:» وَإِيَّاكَ، يَا رَسُولَ اللهِ؟«، قَالَ:»وَإِيَّايَ، إِلاَّ أَنَّ اللهَ أَعَانَنِي عَلَيْهِ، فَأَسْلَمَ فَلاَ يَأْمُرُنِي إِلاَّ بِخَيْرٍ.« رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Ибн Масғұдтың (р.а.) айтуынша бірде Алланың елшісі (с.а.с.): «Сендердің қай-қайсысың болсаң да әрбіріңнің жындардан арнайы белгіленген қосағы бар», – дейді. Сахабалары: «Уа, Расулалла! Сіздікі де бар ма?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Менікі де бар, алайда Алла оған қарсы маған жәрдем берді де, ол мұсылман болды. Содан бері ол мені тек жақсылыққа ғана үндейді», – дейді. (Мүслім риуаят еткен).

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ خَرَجَ مِنْ عِنْدِهَا لَيْلاً، قَالَتْ: »فَغِرْتُ عَلَيْهِ فَجَاءَ فَرَأَى مَا أَصْنَعُ«، فَقَالَ:» مَالَكِ، يَا عَائِشَةَ، أَغِرْتِ؟«، فَقُلْتُ:» وَمَا لِي، لاَ يُغَارُ مِثْلِي عَلَى مِثْلِكَ«، فَقَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» أَقَدْ جَاءَكِ شَيْطَانُكِ؟«، قَالَتْ: فَقُلْتُ:  »يَا رَسُولَ اللهِ، أَوَ مَعِيَ شَيْطَانٌ؟«، قَالَ:» نَعَمْ«، قُلْتُ: »وَمَعَ كُلِّ إِنْسَانٍ؟«، قَالَ:» نَعَمْ«، قُلْتُ: »وَمَعَكَ يَا رَسُولَ اللهِ؟«، قَالَ:» نَعَمْ وَلَكِنَّ رَبِّي أَعَانَنِي عَلَيْهِ حَتَّى أَسْلَمَ.« رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Айша анамыз (р.а.)  былай дейді: «Бірде Алланың елшісі (с.а.с.) түнде бір жаққа шығып кетті. Мен оны қызғандым. Ол келді. Сосын менің не істегенімді көрді де: «Айша, саған не болды, қызғандың ба?» – деп сұрады. Мен: «Маған ештеңе болған жоқ, мен сияқты сіз сияқтыны қызғанбайды», – дедім. Алланың елшісі (с.а.с.): «Ә, шайтаның келді ме?» – деді. Мен: «Уа, Расулалла! Менің шайтаным бар ма?» – деп сұрадым. Ол (с.а.с.): «Иә», – деді. Мен: «Барлық адамда бола ма?» – деп сұрадым. Ол (с.а.с.): «Иә», – деді. Мен: «Уа, Расулалла, сізде де бар ма?» – дедім. Ол (с.а.с.): «Иә, алайда Раббым оған қарсы маған жәрдем берді де ол мұсылман болды», – деді». (Мүслім риуаят еткен).

Жалпы жын-шайтанның түрлері, ұрпақтары туралы түрлі деректер көп. Олардың жалпы атауы жын деп аталды. Мұсылмандары мұсылман жындар, ал кәпірлері шайтан деп аталады. Кәпір жындардың түрлері туралы Омар ибн Хаттаб былай деген екен: «Шайтанның ұрпағы тоғыз: Зәлитун, Уәсин, Лақус, Ағуан, Һәффаф, Мурра, Мусаууит, Дәсим, Уәләһән. Зәлитун базарларда туын тігіп, сонда жүреді. Уәсин – кесапаттардың басшысы. Ағуан билік жақта жүреді. Һәффаф – арақ-шараптың иесі. Мурра – музыкалық аспаптардың басшысы. Лақус – отқа табынушылардың басшысы. Мусаууит болса адамдардың ауыздарынан шыққан негізсіз жалған әңгіме-лердің басшысы. Дәсим үйлерде жүреді. Егер үй иесі үйіне кіргенде Алланың есімін айтпай, үйдегілерге сәлем бермей кірсе, олардың арасында жанжал тудырып, бір-бірлерімен араздастырады. Ал Уәләһән болса дәрет алушы мен намаз оқушыны, ғибадат жасаушыларды азғырып, олардың ғибадаттарына күмән туғызуға тырысады».

Шайтан бар мақсаты адамзатты Алланың жолынан адастырып, аулақтату. Әрбір ақылды адам осы жайтты терең ұғынып, шайтанды дұшпан тұтып, азғырынды нәрселерге ермеуі тиіс. Әбубәкір Сыддық (р.а.) былай дейді: «Ібіліс алдыңда тұр. Нәпсің оң жағыңда тұр. Әуейілік (желік) сол жағыңда тұр. Дүние артыңда тұр. Дене мүшелерің жан-жағыңда. Жаббар Иең төбеңде. Алланың лағынеті болғыр Ібіліс дініңді таста дейді. Нәпсің асылыққа шақырады. Әуейілік нәпсіқұмарлыққа шақырады. Дүние ақыретіңді өзіне айырбастауыңа шақырады. Дене мүшелерің күнәларға шақырады. Ал, Жаббар Иең жәннат пен жарылқануға шақырады. Алла Тағала Кітабында: «Алла жәннатқа және жарылқануға шақырады» (Бақара, 221), – деген. Кім Ібілістің айтқанын тыңдаса, дінінен айрылады. Кім нәпсісін тыңдаса, рухынан айрылады. Кім әуейілікке ерсе, ақылынан айрылады. Кім дүниенің айтқанын тыңдаса, ақыретінен айрылады. Кім дене мүшелерінің азғыруына ерсе, жәннаттан құр қалады. Кім Алла Тағаланың аятына құлақ асса, оның жамандықтары жуылып, хисапсыз қайырлылыққа кенеледі».

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы