Бейсенбі, 31 Наурыз 2016   |   1098 рет оқылды

Некені жасырын қию дұрыс па?

Отбасы құрып, ұрпақ көбейу – Ислам дінінде қасиетті де ардақты іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын», – деп, үйленудің қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Сондықтан да, осы өсиетті орындаудың жолы – неке қию. Бірақ, некені жасырын жүзеге асыруға болмайды. «Некенің шарты бойынша екі куәгер болса жеткілікті ғой» деуіңіз мүмкін, әрине. Алайда, Имам Мұхаммад, Имам Шафиғи және Имам Мәлик (р.а.) бойынша неке қиылу үшін қыз әкесінің рұқсаты керек. Қыз қамқоршысының (уәли) хабарынсыз қиылған неке – мәуқуф. Яғни, оның құптауынсыз ерлі-зайыптылардың толыққанды бірге өмір сүруіне құқығы жоқ[1]. «Егер қыздың қамқоршысы некенің өзінің рұқсатынсыз қиылып қойылғанын білсе, ол некені бұза да алады, құптай да алады» деген Имам Мұхаммед.[2]  

Сонымен қатар, жасырынып қиылған неке әлсіз, жауапкершілігі төмен болады. Ондай неке ерте ме кеш пе үзілуге жақын тұрады. Ондай жағдайда қыздың ары босқа аяққа тапталып, ертеңгі күні шоқ басып, өмір бойы опық жеп қалуы мүмкін. Өйткені, тәжірибеге сүйенсек, осылай некелескен жігіттердің көбі өзінің жарын оңай талақ ете салуға даяр тұрады. Бұл жағдайда араларында ештеңе болмаған болса, жақсы ғой. Ал егер «етегі көтеріліп қойған» болса, қыздың жағдайы не болмақ?!

Осындай келеңсіз нәтижелерді ойлағанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Жария ету – үй болғандықтың белгісі»[3] немесе «Шариғатқа теріс үйлену мен шариғатқа сай үйленудің ара жігін айыратын нәрсе – дабыл қағып, жария ету»[4]деген сөздерінің астарында үлкен мән-мағына жатқандығын ұғыну қиын емес. Себебі, той жасап, ағайын-туыстың басын қосып үйленген отбасының керегесі бекем, неке жібі берік болмақ. Елдің батасымен, дұға тілегімен құрылған шаңырақтың отағасына да неке алдында көп жауапкершілік түседі. Осыны естен шығармау ләзім.

 [1] У.Зухайли, Уәжиз – 3/53 бет.
 [2] Мабсут -5/10 бет
 [3] Несаи, Никах: 72.
 [4] Тирмизи, Никах: 6; Ибн Мәжаһ, Никах: 1896.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы