Сәрсенбі, 27 Сәуір 2016   |   938 рет оқылды

Неден қорықпау керек?

Сары би Атақорғаннан жеті шақырым жердегі Темірқазық жағында Сарыжалдағы құдық басында қоныстап отырған. Бір топ қария осында іздеп келіп, сауал беріпті деседі.
- Би-аға! Ел сізді қиыннан жол тапқыш, даулы жерде сөз тапқыш деп қадірлеп, құрметтейді. Біз де өзімізді толғандырған көп сауалдың үшеуін сұрап келдік, - депті қарияның бірі.
- Үшеуіне де жауап берсеңіз данышпанның данышпаны деп елге даңқыңызды жаятын біз боламыз, - депті екіншісі.
Сонда Сары би:
- Сөздеріңізге  құлдық,  қариялар.  Сынай келдік десеңіздерші. Сындарыңызға жарасам, сауалдарыңызды қоя беріңіздер, - деп күліпті.
- Дәсәуелгі сауал, адам неден қорықпауға тиіс? - деп сұрапты бірінші қария.
Сонда Сары би:
- Адам – пенде. Тумақ бар жерде өлмек те бар. Алланың қарызынан ешкім қашып құтыла алмайды. Солай екенін біле тұра, адам-пенде өлімнен қорықпауға тиіс деп білемін. "Өлімнен ұят күшті" деген тағы бір сөз бар. Өлімнің өзінен гөрі, одан келмей жатып қорыққан ұят саналмақ, - деп жауап беріпті.
- Бәлі! - депті қариялар. - Жаңа жауған қардан таза дүниеде не бар? Білсеңіз соны айтыңызшы?
Сонда Сары би:
- Болғаннан болмаған нәрсе қызықты. Білгеннен білмеген тартымды. Көргеннен көрмеген ұнамды. Сондықтан жаңа жауған қардан таза нәрсе бар. Ол - әлі жаумаған қар, - депті.
Рас, рас. Жөн сөз, - десіпті қарттар.
- Топырақтан жаралған, қам сүт емген пендеміз. Сөйте тура кейде Құдайымызды ұмытып кетіп жатамыз. Аллаға теңдік бермейміз. Адам баласы мен Құдайдың теңелер тұсы бар ма? Екі сұрақтан мүдірмедіңіз. Үшінші, соңғы сауал - осы.
Сонда Сары би:
- Дүниеге шыр етіп келген баланың ана өзін туғанмен мінезін тумайды екен, жақсылар. Сондықтан қанша адам болса, сонша мінез бар. Құдайына құлшылық еткендер де, Құдайын ұмытқан да өз арамызда жүр. Адамды сынағанда сөзіне, ісіне қарап сынайды. Сөйлеген сөзіне, істеген ісіне қарап бағалайды.
Кейбіреудің сөзі көп, ісі жоқ. Біткеннен бітіремін деген уәдесі көп. Пендені Аллаға теңеу - күпірлік. Пенденің басы - Алланың добы. Соларды таразылай келе, өз жұмысын үндемей бітірген ниеті таза пенде Кұдайдың сүйікті құлы деуге аузым барады, - депті.
Сары бидің жауабына тәнті болған, сонғы сауалы жөнсіздеу болған кісілер қонақ болып, тағы бір таң сұхбаттасып, риза болып тарасқан екен деседі.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы