Сәрсенбі, 27 Сәуір 2016   |   832 рет оқылды

Дүние неге сүйенеді?

Бірде Жанқұтты шешен аға сұлтан Құнанбайдың үйінде отырғанда оған Абай келіп сәлем береді. Ол кезде Абайдың жас, үйленбеген шағы екен. Абайдың тапқырлығын, өлең шығаратындығын естіп жүрген шешен би баланы қасына отырғызып оған бірнеше сұрақ қояды:
- Шырағым, дүние неге сүйенеді?
Абай:
- Дүние үмітке сүйенеді.
Жанқұтты:
- Көздің көрмесі бола ма?
Абай:
- Көз қабағын көрмейді.
Жанқұтты:
- Шам жарығының түспесі бола ма?
Абай:
- Шам жарығы түбіне түспейді.
Жанқұтты:
- Болат пышақтың кеспесі бола ма?
Абай:
- Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.
Жанқұтты:
- Тамағына тартпайтын махлұқат бола ма?
Абай:
- Өз тамағына тартпайтын махлұқат болмайды.
Абай жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жауап беруін сұрапты. Сонда Абай:
- Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,
  Талпынған мен балапан ұядағы.
  Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
  Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.
  Көз көруі жетпейді қабағына,
  Шам жарығы түспейді табанына,
  сабын болат пышақ өзі кеспес,
  Мақлұқат тарпай қоймас тамағына, - депті.

 Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін Абай: «Ата, сізден сұрақ сүрауға бола ма?» - дейді.
- Е, шырағым, сұрай ғой, - депті Жанқұтты.
- Ата, арзан не, қымбат не, дауасыз не? - депті Абай. Жанқұтты:
- Шырағым, арзан - өтірік,  қымбат - шындық,  дауасыз - кәрілік емес пе? Жанарың отты екен - ақындығың, маңдайың жазық екен - ойлылығың шығар, халкыңның қалаулы азаматы бол! - деп батасын беріпті.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы