Жексенбі, 12 Маусым 2016   |   833 рет оқылды

Жәннат пен тозақтың жаратылу сырын қалай түсінген жөн?

Имам Матуриди мәзһабы бойынша, жәннат пен тозақ та, ол екеуіне кіргендер де (мұсылман, кәпірлер де) мәңгілік  қалады. Қасиетті Құранда: «Олар онда мәңгі қалады»(«Бақара» сүресі, 25-аят) деген. Бұл аят туралы имам Матуриди: «Алла тағаланың әуелден бар болуымен мәңгі-бақи тірі қалуы Оның Жаратушылық затына тән қасиет. Ал жәннат пен тозақ жаратылған соң мәңгі қалуы Алла тағаланың қалауымен болған іс. Жәннатта бір кемшілік, қайғы-қасірет болмайды. Егер ақыреттің қызығы да белгілі бір кезеңнен кейін таусылып қалса, адам баласы дүние қызығына тоймай қалғаны сияқты жәннат нығметтеріне «әттеген-ай, тауысылып қалды» деп мұңаяр еді. Алайда Алла тағала жәннатты мәңгілік өмірдің мағынасын білдіретін «Дәрү-құдус, Дәру-сәлам» қылып жаратқанын айтады[1].

Тозақ азабы да жан төзгісіз қатты болумен қатар мәңгілік. Әрі одан құтылу да мүмкін емес. Бұл дүние жазасы жеңіл немесе жазадан белгілі бір уақыттан кейін босап кету үміті бар. Бұның сыры әркімнің мәңгілік ақырет өмірі үшін дайындығы ерекше болу керектігін білдіреді»[2] - деген.

Адам баласы бойында мәң­гі­лік­ті аң­сау құштарлығы бар. Алла тағала адамның бұл асқақ арманын ескерусіз қалдырмай мәңгілік жәннатты жаратқан.  Ал Алла тағаланың берген бүкіл нығметтерін жоққа шығарған кәпірлер мен ессіздердің жазасын тартатын жері ретінде мәңгілік тозақты жаратқан.

Міне, бұның бәрі ақ пен қара ажыратылатын, әділет өмірі екенінің бір айғағы болса керек. Алла тағала бәрімізге жәннатқа лайық өмір сүруді нәсіп еткей!
[1] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Ыстанбул. – 2005. 1-том, 64-бет.
[2] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Ыстанбул. – 2005. 1-том, 108-бет.


Абдусамад Оқан  

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы