Дүйсенбі, 20 Маусым 2016   |   625 рет оқылды

Рамазан айындағы бос уақыт

Қасиетті Құранда: «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз қылынды. Бәлкім, тақуалыққа осылай жетерсіңдер»[1] деп тақуалыққа жетудің жолы оразаны кемеліне келтіріп ұстау екені айтылған. Оразаның кемел болуы таң ағарғаннан күн батқанға дейін құр ішіп-жеу және жыныстық қатынастан тыйылу емес. Бәлки, дүние-ақырет үшін қайырлы істерге көбірек көңіл бөлу болса керек.

Мен оразамын деп әлде кімнің жауапты ісіне селқостық танытып, жақын-туысқандарға қолғабыс тигізбеуі, көбірек Құран оқып, уақытты тиімді пайдаланудың орнына артық ұйқы немесе теледидар көру сияқты алданыш нәрселермен шұғылдануы қасиетті айдың қадіріне жетпегендік. Бұны шайтан Ібілістің: «Сен ыстыққа төзіп ораза ұстап жүрсің, ұйықта, теледидар көре бер» деп азғыруы деп ұққан жөн. Себебі, Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім сөзі мен ісінде жалғандықтан (алданыштан) тазармаса, Алла үшін деп ішіп-жеуден тыйылудың бір пайдасы жоқ»[2] деген.

Ескерту: Рамазан айында уақытының көбін ұйқы немесе теледидар қарау сынды істермен өткізген кісінің оразасы қабыл болмайды деуден аулақпыз. Айтпақ болғанымыз, сауабы кемитінін біліп, ұстаған оразасының қабыл болмай қалуынан қатты сақтану керектігі.

[1] Бақара сүресі, 183-аят.
[2] Бұхари, 1804-хадис.


Абдусамад Оқан   

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы