Сейсенбі, 06 Қыркүйек 2016   |   759 рет оқылды

ПАЙҒАМБАР АЙТҚАН ШЫНАЙЫ МҰСЫЛМАН ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

Бүгінгі күні әлемде «шынайы мұсылманның бейнесі қандай?» деген мәселе күн тәртібінде тұр. Себебі, қазіргі әлем жағдайында экстремизм де, терроризм де, радикализм де исламмен байланыстырылып көрсетілуде. Осыған байланысты, шынайы мұсылман бейнесі қандай болуы керектігіне арнайы тоқталуды жөн санадық.

Әрине, бірінші кезекте мұсылман ол – Жаратушы иені бір деп таныған, әрі өзіне міндеттелген бес парызын орындап жүрген жан. Ол сонымен бірге бүгінгі әлем жағдайын жақсы түсініп, өзге сенім өкілдерін құрметтеп, бірге бейбіт өмір сүре білуі тиіс. Бұны исламның кеңпейіл түсінігі де, ардақты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірлік тәжірибелері де құптайды. Мұсылмандар арасындағы азғантай өзге дін өкілдеріне көз алартып қараған жағдайда, өзге дін өкілдері арасында жүрген мұсылмандардың да жағдайын ойлаған дұрыс. Және дін талаптарын орындауға шамасы келмей жүрген азаматтарды «кәпірсің» деп кінәлауға болмайды.

Құранның ең алғаш түскен бұйрығы оқуға шақырғанын ескерсек, мұсылмандар үшін сауатты болудың, оқып білім алуға деген құштарлықтың алатын орны ерекше. Хадисте білім ізденудің мұсылман ерге де, әйел затына да парыз екені айтылған. Осы тұста ескерте кетерлігі, қыз балаларды оқытпауға, Нигериядағы Боко харам лаңкестік ұйымы секілді батыстық білім беру жүйесіне қарсылық танытуға еш негіз жоқ. Керісінше батыстан өзіне керектіні ала білген дұрыс. Мұсылман ғалымдардың айтуынша, шығыстың батысты қажет еткеніндей, батыс та өз кезегінде белгілі бір деңгейде шығыстық құндылықтарға зәру. Қазіргі адамзат өркениетінің жетістігін не Батыс, не Шығыс жеке дара иелене алмайды, ол екеуіне де ортақ.

Ислам бейбітшілікті жақтайтын дін. Сондықтан, әрбір мұсылман адам әрдайым қоғамның татулығы мен тыныштығына қызмет етуі тиіс. Араздасқан екі кісінің арасын татуластырудың үлкен сауап екенін білген кісі әрдайым татуластыру жағында жүреді. «Егер екі мұсылман бір-біріне қылыш көтергенде, өлген де, өлтірген де тозаққа барады. Өйткені, екеуінің де ниеті бір-бірін өлтіру болды» деген мазмұндағы хадис бар. Шынайы мұсылман кісі өлтірмек түгілі жазықсыз жәндікке де жауыздық жасамайды. Тілден келетін күнәлар мен қолдан келетін жамандықтардан барынша бойын таза ұстауға тырысады. Олар ел ішінде бүлік шығармауға жіті мән береді. Себебі, ел тыныштығын күзетудің бір негізі басшыға бағынуда жатқанын жақсы біледі.

Шынайы мұсылман тек сыртқы көріністерге алданбайды. Ол хадисте айтылғандай, Жаратушы иенің пенденің сыртқы көрінісіне емес, жасаған істеріне және жүрегіне қарайтынын жақсы біледі. Сол себепті, бойын барша кесір мінездерден тазартып, жылы жүзділік пен қайырымдылық істерге жақын жүреді. Қаталдық пен дөрекілікке бармайды. Сыпайылық пен мәдениеттіліктен, байыптылық пен байсалдылықтан танбайды. Бөтеннің мүлкіне сұқтанып қарамайды. Өзіне берілген нығметке шүкіршілік ете біледі. Сөйте тұра еңбектенуді құлшылық деп біліп, барынша еңбек етіп, «өзгелерге масыл болудан, жалқаулықтан сақта» деп Аллаға сиынады.

Бұл өмірдің сынақ екенін жақсы түсініп, көрген қиындықтарына мойымайды. Жан өзіне аманатқа берілгендіктен, өзіне қол жұмсамайды. «Мұсылман адам қиындыққа кез келгенде, сабыр етіп сауап алады, жақсылыққа тап келгенде шүкір етіп сауап алады» деген хадисті өмірде берік ұстанады.

Өзіне берілген ғұмырда жақсы істерді көбірек жасауға тырысады. Қоғамдағы жетім-жесірлер мен кедей, кембағалдарға қарасады. Дүние-мүлкі мен бала-шағасы қабірге дейін, ал ізгі істерінің мәңгілікке өзіне жолдас болатынын терең пайымдайды.

Ғұмырды елмен, көрші-қолаң, дос-жаран, туған-туыстың арасында тату- тәтті бейбіт өткізуге, жалпыға пайдалы істер жасауға ұмтылады. Онда бос уақыт, ұзақ жатып демалу деген түсінік болмайды. Өйткені, барлық уақытын тиімді пайдалана біледі.

Шынайы мұсылман – жауапкершілікті жақсы түсінеді. «Бәрің де бағушысыңдар. Мемлекет басшысы еліне жауапты. Отағасы үйіне жауапты. Әйел ерінің мүлкіне жауапты. Бәрің де қарамағыңдағыларға жауаптысыңдар» деген хадиске сай, өз қарамағындағыларға жақсы қарауға тырысады. Ешкімнің ақысын жемейді, ешкімге қиянат жасамайды. Өйткені, оның барлығының ақыретте міндетті түрде есебін беретініне бек сенеді.

Ол өмірлік мақсатын бәрінен биік қоя біледі. Алайда оның мақсаты бұл дүниелік арзан атақ, абырой, байлық емес, Ұлы Алланы разы етуді қалайды. «Алла өте пәк. Тек таза ниетпен істелген істерді ғана қабыл алады» деген хадиске сай адалдық пен тазалыққа ерекше көңіл бөледі.

Шынайы мұсылман – өз үйінің ең қадірлі қонағы ретінде ата-анасын ерекше құрметтейді. Алланың разылығы ата-ананың разылығында деп түсініп, көзі тірісінде ол кісілерге қалтқысыз қызмет етіп, ақ батасын алуға тырысады. Өзінен гөрі өзгелердің жайына көбірек алаңдап, бірге туған бауырларына, ағайын-туысына қарасады.

Жанұясының берекесін кіргізіп, жарымен жақсы сыйласады. Бала-шағасын адал ризықпен бағып-қағады. Ата-ана ретінде оларға жақсы үлгі болуға тырысады. Шынайы мұсылман елін сүйе біледі. Отанының тыныштығы үшін дұға жасаудан шаршамайды. Міне, Пайғамбар айтқан шынайы мұсылман осындай болады.

 

Құдайберді Сабыржанұлы 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы