Сейсенбі, 06 Қыркүйек 2016   |   1106 рет оқылды

Жамандық неден болады?

Ертеде орманда бір кісі жалғыз өмір сүріпті. Ол аң-құстың тілін біліп, солармен сөйлесіп жүреді екен. Бір күні талдың түбінде жатып, аң-құстың өзара әңгімесін тыңдайды. Олар «Осы дүниеде жамандық не себептен болады?» – деп бірінен бірі сұрайды.

Қарға:

– Дүниедегі жамандық аштықтан болады. Аш болсаң, не болса соған ұрынасың, ешкімді тыңдамайсың. Ашаршылықтан қанша қарға өлді. Сондықтан аш болмаудың қамын ойлау керек, – деді.

Көгершін:

– Жаманшылық аштықтан емес. Сүйіспеншіліктен болады. Өмірде жұбың болмаса, жұмысың да аз болар еді. Жұбың бір жаққа ұшып кетсе, оның аман-есен келгенін ойлап, қам жейсің. Балаларың болса тамағын тоқ, көйлегін көк етуді ойлайсың. Олардың қамын ойлап, басыңды тауға да, тасқа да ұрасың. Егер олар болмаса, өмірде қиындық та болмас еді, – деді.

Жылан:

– Жамандық ызақорлықтан туады. Тату болсақ, бәрі көзге сүйкімді көрініп, ызаланбас едік. Бір нәрсеге көңілің толмаса, қатты ашуланасың. Ашу кезінде ешкімді аямайсың. Біреуді шақсам екен деп жорғалай бересің. Ақырында біреуді шаққаннан кейін ол өзіңді өлтіреді. Міне, жамандық ызақорлықтан болады, – деді.

Бұғы айтты:

– Дүниедегі жамандық қорқақтықтан болады. Еш нәрседен қорықпайтын болсақ, жақсы өмір сүрер едік. Ағаштың бұтағы сыбдырласа, жапырағы суылдаса, қорыққаныңнан есің кетіп қаша бастайсың. Өмірің үрейден, қашудан тұрады. Қашып келе жатып бір күні жардан құлап өлесің, не ит-құсқа жем боласың. Жаманшылық осыдан деп білемін, – деді. Бәрінің сөзін тыңдап жатқан адам, орнынан тұрып:

– Бәрің дұрыс айттыңдар. Біз адам баласы оны жақсы білеміз. Жамандықты да, жақсылықты да көп істейміз. Аштық, сүйіспеншілік, ызақорлық, қорқақтық – бәрі де тәнімізді сақтау үшін керек. Бірақ біз тәнімізбен тіршілік етпейміз, жанымызбен тіршілік етеміз. Егер де біз бәрінен бұрын тәнімізге қызмет қылмай, жан күйіне қызмет етуді тілесек, онда біз жамандықтан аулақ болар едік, – деді.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы