Жексенбі, 25 Қыркүйек 2016   |   809 рет оқылды

ТӘУБЕ ҚАЙТСЕ ҚАБЫЛ БОЛАДЫ?

Тәубе сөзі - қайту, өкіну, күнәларды тәрк етіп тура жолға бет бұру, алдағы уақытта оны қайталамауға бекіну секілді мағыналарды білдіреді. Имам Ғазалидің пікірінше, тәубе - ілім, тіршілік және мінез-құлық сияқты бірін-бірі толықтырып отыратын үш нәрсенің бірігуінен пайда болған иләһи сүннет.

Тәубенің салмағы өте басым болып есептеледі. Ол бос өтіп жатқан өмірді сезіну, зая кетіп жатқан бағалы нығмет – өткен және өтіп жатқан күндерді ойлап жас төгу деген сөз. Асылында, жіберген қателігі үшін өкініп, қайғыға бату мұсылман үшін уәжіп. Бұл өз кезегінде тәубенің күшті болуымен жүзеге асады.

Тәубенің шарттары

Ғұламалар былай деген: «Тәубенің үш шарты бар: күнәдан тыйылу, өкіну және оған қайтпауға бекіну». Ал, кейбір ғалымдар: «Тәубе етуде жасалған күнәға өкінудің өзі жетерлік. Себебі, ол күнәдан қол үзуді және оны қайтып жасамауға бекінуді талап етеді. Бұл екеуі өкінуден пайда болады. Соның үшін де: «Өкіну-тәубе ету», - деп айтқан.

Фаһруддин әр-Рази өзінің «Мәфатихул Ғайб» атты тәпсір (Құран аяттарының түсіндірмесі) кітабында тәубе үшін қажет болған жайттарды атап өткен:

1. «Жасалған күнә немесе дұрыс емес әрекеттерді тоқтату. Тоқтату не үшін қажет? Егер пенде онысын қоймаса, ары қарай жалғастырса, ол тәубе болып есептелмейді; 

2. Өткен өмірінде жасаған күнәларына өкіну. Өкіну не үшін қажет? Егер пенде жасаған күнәларына өкінбесе, ол әрекеттерінен разы және сол ісіне көңілі бар деген сөз. Бір нәрсеге көңіл бөлген адам соны жасау ықтималы бар болғаны үшін де тәубе еткен болып есептелмейді;

3. Жасаған күнәлары мен қателіктеріне ұқсас нәрселерді мүлдем жасамауға бекіну. Сол күнәсына ұқсас істерден алшақ болу не үшін керек? Себебі, күнә жасап болды, оны тағы ниет ету де күнә!

4. Жоғарыда айтылғандардың бәрін жасаудан қорқу. Қорқу адамға тәубе етуді және ол нәрсені доғарудан өзге жол жоқ екенін ескертеді. Шынайы тәубе үшін осылардың барлығы қажет».  

«Тәубе» мен «истиғфардың» айырмашылығы

«Истиғфар» - кешірім (мағфират) сұрау деген сөз. Күнәсі жалғасын тапқан кісі де, тәубе етуші де истиғфар айтуы мүмкін. «Тәубе» сөзінің түсіндірмесінде: «Ол - күнәдан бас тарту, оны жасамауға бекіну және одан біржолата қол үзу», - деп айтылған. Ал, бір ғана истиғфардың өзінен бұл мағына толықпайды.

Имам Құртуби «әл-Муфхим» кітабында истиғфардың пайдасы үлкен екенін, алайда, оны енді күнә жасаудан тыйылып, өкініш сезімі кернеп тұрған күйде, тіл мен ділді біріктіріп, шынайы түрде айту керектігін жазады. Құртубидің пікірінше, сондай истиғфар тәубенің аудармасы. Бұл еш уақытта тілімен «астағфирулла» деп, күнәсін одан әрі жалғастыра беру деген сөз емес. Ондайлардың истиғфары истиғфарға мұқтаж!

«Насух тәубе» деген не? 

Аллаға шынайы тәубе ету «Насух» тәубесінің мағынасын береді. Ғұламалар оған төмендегідей түсінік беріп кеткен.

Хазіреті Омар, Ибн Масуд, Убай ибн Каабтың (Алла оларға разы болсын) берген анықтамалары бойынша, насух тәубесі сүттің желініне қайтпағаны секілді, тағы күнәға бармаған тәубе деген сөз.

Абу Қатада (Алла оған разы болсын) айтады: «Насух - шынайы көңілмен жасалған тәубе». Ал, Хасан Басри: «Насух - сүйген күнәсін жек көріп, оны еске алғанда мағрифат (кешірім) тілеу», - деп айтқан.

«Насух тәубе – қабыл болуына күмәнмен қараған және соның үшін қорқып жасалған тәубе», деген анықтамалар да бар.

Саид ибн Джубайр айтты: «Насух қабыл болатын тәубе дегеніміз. Оның үш шарты болмаса, қабыл болмайды: қабыл болмауға деген қорқынышы, қабыл болуынан үміттену мен құлшылықтағы төзімділік».

Саид ибн Мусайиб  айтады: «Насух тәубесі өзіңізге шынайы түрде жақсылық жасаған тәубеңіз болмақ».

Фузайл ибн Ияз айтады: «Күнәсін әрдайым көз алдында ұстау және оны көріп тұрғандай әрекет ету».

Ибн Саммак айтқан: «Алла Тағаладан ұялмай жасаған күнәңды есте сақтап, сені күтіп жатқан нәрсеге дайындалу».

Әнәс ибн Малик (р.а.) айтады: «Насух тәубесі адамның көз жасын төгуі, күнаға қарсы тұра алатын жүрек иесі болуы деген сөз»

Тәубенің маңыздылығы мен қажеттілігі

Күнәдан соң дереу тәубе ету уәжіп болып есептеледі. Себебі, күнәнің зиянын ескеру иманның шарттарынан. Тәубені кешіктіру мүмкін емес екендігін байқаған кісі лезде амалға өтеді. Өзін жаман әдеттерден тыя бастайды. Әрбір ілім жақсы амал орындау үшін зерттеледі. Егер ілім амалға себеп болмаса, оның жауапкершілігін толық сезіну мүмкін емес. Күнәлардың зиянын ескеру де ілім болып есептеледі. Міне, сол ілім күнәларды тәрік етуге себеп болады. Негізінде, одан көзделген мақсат та сол.  

Кім күнәларын тәрік етпесе, оның иманы барған сайын әлсірей береді. Зиянды азық-түліктер ағзаға қандай әсер етсе, күнәлар да иманға соншалықты әсер етеді. Уақыт өте келе іште жиналып қалған зиянды азықтар адамның өзі сезбеген күйде оның ағзасын өзгертеді. Тіпті, кері әсер еткен жағдайда дертке шалдығып, халі ауырлай береді. Күнәлардың иманға әсері де осы секілді басталып, аяқталады. Демек, бұл фәниде өлімнен қорқушы әрбір кісіге тез және әрқандай жағдайда зиянды азықтардан тыйылу уәжіп.

Кісінің дінін күнәлары улайды. Кімде-кім оны жасаса, уақыт барында бұл қылмысынан қайтуы керек. Уақыт - өмір болып саналады. Уақыт зая кетсе, өмір де зая. Бұдан да өкінішітісі – ақыреттегі бағын жіберіп алуда... 

Қуат Ерғалиұлы
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы