Дүйсенбі, 22 Мамыр 2017   |   1543 рет оқылды

ОРАЗА ЖАЙЫНДА ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

Жаратушының пендесіне берген сыйын санап тауыса алмайсыз. Дүниедегі жанды, жансыздың бәрі адамның несібесі үшін жаралған. 

Рамазан – Алланың құлдарына берген осы несібелері үшін шүкіршілік ету айы. Сабыр айы. Тозақ отынан қалқалайтын, жәннаттың кілтіне айналатын қасиеті ұлық болған ай. Бұл айда дені сау әрбір пендеге ораза ұстау парыз етілген. Біз сол парызымызды қалай өтеп жүрміз? Білместікпен шариғаттың шарттарына қайшы келіп, оразамызды тәрк қылып жүрген жоқпыз ба? 
Осыған қатысты сұрақтарға ҚМДБ-ның облыстағы өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаров жауап берді.
 
– Бисмиллаһи рахман рахим, қасиетті айдың сәресінде Алла Тағаланың құлдарына шақыруы болады. Онда Алла пендесінен не қалайтынын сұрайды, оған ырызық та, шипа да береді. Бұл айда әрбір адам жақсылық жасауға ұмтылуы керек. Рамазан – жақсы амалдар сауабының мың есеге артатын айы.
Алла әр пендеге ғабылдықта қалмай, жайын жұмақтан дайындауды нәсіп етсін. 
– Аумин, сізге алғашқы сұрақты осы сәреге қатысты қойсақ.   
Мәселен, Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді? Ауыз бекітпесе ораза бұзылмай ма?
– Бұзылмайды. Сәресіне тұрмаған кісі сол күнгі оразасына ниет етіп, ештеңе жеместен ауыз бекітеді. Себебі, Пайғамбарымыз «ашура күні» жаршыға былай жария етуді бұйырды: «Кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тәмәмдасын. Ал ештеме жемеген адам, сол күйінше жемесін!» Бұл хадистен түсінетіміз, ораза кезінде сәресіге тұрмай таң атырған кісі де сол күнгі оразасын ұстайды.   
  – Сілекей не түкірік жұтса, немес беттен сүйсе ораза бұзыла ма?
–Аузы берік кісі сілекейін не түкірігін жұтса, оразасы бұзылмайды.  Сондай-ақ кісінің беттен сүюі де оразаны бұзбайды. Себебі, Пайғамбарымыздың ауызы берік бола тұра әйелдерін сүйетіндігі Айша анамыздан жеткен.
Бұл жерде ескере кететін жағдай, егер әйелін сүйгенде шәует бөлініп кетпейтініне және жыныстық қатынасқа түсіп қоймайтынына сенімді болса, онда сүюіне рұқсат. Ал оған сенімсіз болса – мәкрүк.
–Оразада  өзен-көлге түсуге бола ма? 
–Ораза кезінде салқындау, жеңілдеу мақсатында өзен-көлге т.б. жерлерге шомылуға немесе ғұсылдануға болады. Тек, ауыздан не мұрыннан ішке су кетіп қалмауын байқау керек. Әбу Дәуіттің сүнанында риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыздың аузы берік бола тұра ыстықтағандықтан немесе қатты шөлдегендіктен басына су құйғандығы айтылады. Шомылу барысында құлағына кірген су да оразаны бұзбайды дейді ғалымдарымыз.
– Сағыз шайнауға, дәрі ектіруге, система салдыруға бола ма? Тіс жұлдыруға ше?
–Кей жағдайларда табиғи жолдармен қоректене алмайтын кісілерге денені азықтандыру үшін инъекция жасалып жатады. Қазіргі таңдағы ғалымдарымыз мұндай ине салу немесе система алу оразаны бұзады дейді. Ал, одан өзгелері азық болмағандықтан әрі табиғи жолдармен асқазанға түспегендіктен оразаны бұзбайды деп отыр. Ендеше, ем үшін салғызатын ине салу мен система алу оразаңызды бұзбайды. Алайда, оразадан әлсіреген денеге қуат беретін дәрі егуге аузы берік кісіге рұқсат жоқ. Ондай дәріні тек ауыз ашқаннан кейін ғана егуге болады.
Сағыздың дәмінен ауызда тәтті сұйықтық пайда болып, ол асқазанға түсетіндіктен, ораза бұзылады. Әрі бұл азық қатарына жататындықтан, бұған кәфәрат қазасын өтеуіңізге тура келеді. Яғни, сағыз шайнап, тәтті сұйықтықты жұтқан адам рамазан айынан кейін екі ай үзбестен ораза ұстайды. Бұл жаңа сағыз үшін. Ал, бұған дейін шайналған, тәтті дәмі қалмаған ескі сағызды шайнауға келетін болсақ, бұл мәкрүк болып саналады.
Егер сағызды ораза кезінде ауыздағы жағымсыз иісті кетіру мақсатында шайнағыңыз келсе, бұдан басқа тәсілдерге жүгінуге кеңес береміз. Атап айтсақ, сағыздың орнына мисуак немесе тіс пастасын қолдансаңыз болады. Тек тіс пастасының көбігін жұтып қоймауды қатаң қадағалау керек. Ал егер байқаусызда ішке кетіп қалған болса, онда сол күнгі орзаның қазасын ғана өтейсіз. Кәфәрат керек емес. Себебі, тіс пастасы азыққа саналмайды. 
Тіс жұлдыру да оразаны бұзбайды. Тіс жұлынғанда салынатын ине де ішке «табиғи емес» жолдармен ентіндіктен, бүгінгі ғұламаларымыз ол да оразаны бұзбайды деген.  
–Әйелдер көпшілік жерге баратын болса, бетіне опадалап, крем жағады. Бұл оразаны бұзбай ма?
–Терідегі ұсақ тесіктер арқылы ет пен терінің арасына сіңетін заттар оразаны бұзбайды. Мысалы, крем жағу, май жағу, судың ішінде ұзақ тұру, жараның бетіне дәрі таңу т.б. Тек крем не майды жаққан кезде тым қалыңдатпаған жөн. Себебі, қалың жағылған крем не май дәрет алғанда суды теріге жеткізбеуі мүмкін. Ал теріге су тимеген соң дәрет дұрыс болмайды.  
–Жүкті әйелге ораза ұстау керек пе?
–Шариғатта құрсақтағы немесе емізулі балаға зияны тиеді деп қауіптенген анаға Рамазан оразасын  тұтпай, кейінге қалдыруына рұқсат.  Сахаба Әнәс бин Мәликтен риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз: «...Күмәнсіз Алла тағала сапардағы адамға намазды қысқартып, ал оразаны жолаушыға және жүкті әйел мен емізулі әйелге міндеттемеді...», – деді.
– Намазы жоқтың оразасы қабыл ма?
–Намаз оқымайтын кісі ораза ұстаса, ұстаған оразасының сауабын алады. Алайда, күнәдан да құтылмайды. Өйткені, намаз мұсылмандығымыздың белгісі.  Ардақты Пайғамбарымыз бұл жайында: «Шындығында, мұсылман мен кәпір және мүшриктердің  ара жігін айырар белгі – намаз оқу», – дейді. Сондықтан да,  оразамен қатар намазды да бастағаны жөн.
– Жұмысы ауыр кісіге ораза ұстамауына бола ма?
–Оразаның өзінде нәпсімізге қиын келетін тұсы бар. Ораза мәнінің бір қыры да нәпсімізді басып, ноқталап, құлқынымыздың ашкөздігін Алла ризашылығы үшін тәрбилеуде жатыр десек, қателеспеспіз. Ендеше, жұмыс барысында ораза ұстау өлімге алып келетіндей қауіп тудырмаса немесе денсаулығымызға айтарлықтай нұқсан келтірмейтін болса, яки бас айналып, құлап қалатындай күйге түспесеңіз, аздап қиналатынымыз үшін Алланың бұйрығынан бет бұрғанымыз жөн болмас. Алла Тағала құдси хадистің бірінде: «Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда, оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені, ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Аллаһ Тағаламен қауышар сәті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс Мен үшін жұпар иісті мисктен артық», – деген.
– Рамазанда қан алдыру қалай болады?
–Қан алдыру оразаны бұзбайды. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз аузы берік бола тұра қан алдыртатын болған. 
Әйтсе де, аузы берік адам қан алдыртқанда әлсіреп, ораза тұтуы қиындап кететініне көзі жететін болса, оған қан алдыру мәкрүк болып саналады.  
–Ұшақтағы адам ауызашар уақытын қалай анықтайды, жалпы жолаушы міндетті түрде ауыз ашуы керек пе?
 – Ұшақтағы адам жергілікті ораза кестесін емес, күннің батуын негізге алады. Мысалы, жергілікті кестеде «сағат осыншада ауызашар» дегенімен, ұшақтағы адамға күн әлі батпаса, ол кісі кестедегі уақытқа емес, күннің батуына қарайды. Кесте уақыты жердегі ораза ұстаушылар үшін арналған. Өйткені, Құранда айтылғандай, сәресіні ішуді тоқтату уақыты таң қылаң бере бастауымен, ауызашар уақыты күннің батуымен білінеді. Бұл жолаушы кезде оразасын бұзғысы келмегендер үшін. Ал, жалпы дініміз сапарда ауыз ашуға рұқсат етеді.
Жаратушы Иеміз ораза кезінде пенделеріне кейбір жағдайда ораза ұстамауға рұқсат еткен. Сол рұқсаттардың бірі – жол жүргенде ораза ұстамау. Ауызы берік адам өзінің тұрақты жерінен ең кемі 85-90 шақырым ұзақтықтағы жерге жолға ниеттеніп шықса, ол кісіге ораза ұстамауына рұқсат етіледі. Бірақ – міндет емес. Яғни, кімде кімнің жолаушы кезінде оразаға қауқары жетсе, аузын ашқаннан гөрі оразасын жалғастыра бергені абзал.
 –Құсса ораза бұзыла ма?
–Ораза кезінде аузы берік кісі «еріксіз» құсса ораза бұзылмайды. Ал ауызды толтыра әдейі құсу оразаны бұзады. Ондай жағдайда Рамазан айынан кейін сол күнді қайта тұту керек. Кәфарат қазасы керек емес. Ауыз толы болмаса бұзылмайды.
Бұл жайында имам Тирмизиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз: «Еріксіз құсық келген кісі (оразасын) қазасын өтемейді. Ал әдейі құсқан болса (сол күнгі оразаның) қазасын өтесін» – дейді.
– Тарауих намазын тек ораза ұстағандар ғана оқи ма?
–Тарауих намазы ораза айында оқылатын құлшылық түрі. Пайғамбарымыз оразада бұл намазды үнемі оқығандықтан үкімі «бекітілген сүннет».  Аталмыш намазды оразаны тұтқан да, тұтпаған да оқыса сауапқа кенеледі.
Тарауих намазын оқудың сауабы жайында Алланың Елшісі: «Кімде кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген.
–Ораза ұстауға шын мәнінде шамасы жетпейтіндер болады. Олар не істейді?
– Шариғатта ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпейтін  қарт кісілер рамазанның әр бір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Бұны «фидия» дейді. Фидияны ақшалайда беруге болады.   Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Фидия беруге шамасы келмесе Алладан кешірім тілейді. 
–Алла разы болсын, сізге.
 
                                                     Сұқбаттасқан: Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы