Жексенбі, 04 Маусым 2017   |   509 рет оқылды

ЖАТ АҒЫМДАР ДЕГЕН КІМДЕР, ОЛАРДАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНУҒА БОЛАДЫ?

Қазіргі ата-ана баласы «Алла» атын аузына алып, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қорқып, қобалжитын жағдайға жеткен. Мұндай жайт ата-бабамыздың үш ұйықтасада түсіне кірмеген болар. Алайда, өкінішке қарай, бүгінгі ғаламдану заманындағы еліміздегі ахуал осыған саяды. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың құйтырқы әрекетінен ушығып тұрған жайы бар. Дәрігер мамандар ұлтымызға жат ағымдар пайдаланатын амал-тәсілдердің психикаға теріс әсері барын, тіпті кейбір жағдайда олар адамды жындыханадан бір-ақ шығаратынын немесе өз-өзіне қол жұмсауға дейін апаратындығын растап отыр. Осыдан кейін әке-шеше сыртта жүрген баласына қалай алаң болмасын? Сондықтан біз бүгінгі талқы тақырыбында исламдағы жат ағымдар, одан қалай қорғану қажеттігі  турасын сөз етуді жөн көріп отырмыз. Әрине, мамандардың кеңесі мен пікірі және зерттеуі тұрғысында...

Ғаламдану заманындағы басты қатер – ашық-шашықтығымыз. Осы ұрымтал тұсты пайдаланушы мысық тілеу миссионерлер ұлтымызға жақын ислам діні атын жамылып кез келген бағыт бойынша, соның ішінде ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салып бағуда. Сыртқы жатықпалға бой ұрғандар туралы бізде ресми цифр жоқ. Бірақ бірер жыл бұрын осы мәселені Мәжіліс қабырғасында көтерген депутат Асхат Бекенов «Еліміздегі жастардың 60 пайызы (!) түрлі діни ағымдардың жетегінде жүр» деп дабыл қаққан еді. 60 пайыз – айтарлықтай қомақты көлем, бұл жастарымыздың тең жартысынан көбісі деген сөз. Ал санасы бөтен пиғылдылардың ықпалымен әбден уланған жастан не күтуге болады?.. 

Діни ағым арбауынан айығу үшін бір адамға кем дегенде екі жыл қажет

Бәрінен қорқыныштысы – «рухани аждаһалардың» мектеп қабырғасындағы талдырмаштай балақандарға қол салуы. Батыс Қазақстан облысында дәстүрлі емес діни ағым жетегіне кеткендер балаларын мектепте оқытудан бас тартып жатуы сынды кездескен фактілер оған нақты дәлел бола алады. Тағы бір мысал. Жуырда отандық баспасөз «Жамбыл облысында 360 оқушы діни сектаның ықпалына бой ұрған» деген ақпарат таратты. Бұл дерек облыстық білім басқармасы жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша анықталған. Онда «жасөспірімдерді арбағандар қатарында салафит, уахабизм сияқты діни бірлестіктер мен протестанттық ілімдер де бар» деп көрсетілген. Облыстық білім басқармасының бұл мәселеге баса назар аударуы, әрине бізді қуантады. Мұндай бастаманы еліміздің басқа өңірлерінің білім басқармалары да жалғастырып әкетсе құба-құп болар еді. Өйткені, психологтардың бағамынша, діни ағым арбауынан айығу үшін бір адамға кем дегенде екі жыл қажет екен. Онда да бөтен ілімге әлі терең бойламағандар үшін. Ал сана-сезіміне билік жүргізуден айырылғандар сол пір тұтқан жамағаттың құлына айналды дей беріңіз. Бірақ психологтар ешқашан қол жайып, үміттен күдер үзуге болмайтынын ескертеді. Мамандар мұндай жағдайда жатақтың жетегіне кеткенді кері қайтара алатындардың бірі ең жақын адамдары екенін айтады.

Тіпті, артық жүрісі жоқ баланың компьютер алдында отырып-ақ дұрыс жолдан тайып кетуге қаупі барын көп отбасы бағамдай бермейді. Оған сан мың фактор бар. Сөз етіп отырғанымыз бөтен діни ағымдар жайы болғандықтан, сол төңірегінен дәйек келтіре отыралық. Мысалы, еліміздегі Дін істері жөніндегі агенттік былтыр 1174 интернет-ресурсқа талдау жүргізіп, оның ішінде 58 сайттың діни экстремизмді насихаттайтынын анықтаған. Сотқа шағымданған олар мұндай лаңкестік сипаттағы діни сайттарды жабуға ықпал еткен.Сондықтан ашық-шашық тұстан ағылған ақпараттардың қауіптісі де барын қазақ ағайын біліп жүрсе дейміз. Кейбіреулер секілді баласы автомат ұстап Сириядан бір-ақ шыққанда ғана санын соғып, мұның қалай болғанын білмей аңырап отырмаса дейміз. Одан өздері қорғанбаса, бұл арада өзгеге көп үміт артудың қажеті жоқ. Өйткені еліміздің дін туралы заңнамасы солқылдақ. Бұл аталған бағытта құқық құрылымы еш қимыл жасамай жатыр деген сөз емес. Құпия болғандықтан, бізде ауыздықталған лаңкестік топтар жайында ресми айтыла бермейді. Қаржылық қадағалау тұрғысында да заңдар қатайып, бізде лаңкестікті қаржыландыруды анықтауға үлкен басымдық берілген. Елдің діни сауатын арттыру, солайша  азаматтарымызды жат пиғылдылардан қорғау мақсатында бертінде арнайы Дін істері агенттігі құрылды. Оның еліміздің барлық аймағында бөлімшелері бар.Осы агенттіктің бастамасыменбылтыр «Үлес 2020» Қоғамдық қорымен азаматтардан және ұйымдардан діни салаға қатысты барлық сұрақтар бойынша ақпарат қабылдау, сондай-ақ деструктивті діни қызметтен зардап шеккендерге кеңес беру және психологиялық көмек көрсету үшін «Қауырт желі 114» ақпараттық-кеңесшілік орталығы ашылды. Бейресми деректер бойынша, бір жыл барысында мұнда 2 мыңға жуық адам шағымданыпты. Аталған орталықта психотерапевт, дінтанушы сынды білікті мамандар барын нақтылай кетелік.  Қалай дегенмен де бала дінге бет бұра бастаса, осы сала мамандары ата-ананың оны ертіп, жақын маңдағы мешіт имамы немесе орынбасары қабылдауына баруына кеңес береді. Сөз барысында діни өкілі баланың теріс жамағат уағызын тыңдап жүргенін немесе оған қатысы жоқтығын демде анықтап береді.

Ең бірінші мешіт имамымен кеңесіңіз...


Оңғар қажы Өмірбек, ҚМДБ жанынан шығатын «Иман» журналының бас редакторы:

– Әрине, ата-ананың алаңдауы орынды. Бірақ, тіпті қобалжып, қорқып тұрса да онысын баласына байқатпауы керек. Ұрыс деген мүлде болмауы тиіс. Әрдайым бала таңдауына құрмет көрсетілуі қажет. Өйткені бұл арада, ең бастысы, ата-ана мен бала арасында бар әдемі қарым-қатынасты бұзып алмау. Сондай жағдайда ғана оған көмектесуге болады.Бастысы, дінге бет бұрған баласын ата-анасы жақын маңдағы мешіт имамына немесе оның орынбасарына ертіп баруы керек. Сөз барысында мешіт қызметкері баланың дұрыс немесе бұрыс жолда екенін анықтайды, бірақ имамның өзі бірден бас салып оны жағадан алмауы керек. Бұл жағын біз үнемі ескертіп отырамыз. Жылы қабақ, жақсы сөз ғана адам бетін бері қаратады. Сондықтан осыны жадыдан шығармаған абзал. Біздің өзіміз мұсылман қауымын ағымына қарап бөліп-жармаймыз. Мешітте оның барлығын бірдей қабылдаймыз. Біз өз уағызымызды айтып, оның дұрыстығын нақты фактілермен дәлелдей түсеміз. Сөйтіп діни сауат арқылы өзге жатақта жүргендердің санасына сәуле ұялатуға тырысамыз. Оның ешқайсысын кеудеден қақпаймыз. Керісінше, бауырымызға тартып, дұрыс жолды нұсқаймыз. 

Көзі ашық адам миссионерлерге ермейді деу бекер


Ғани Сапарбаев, психолог-маман:

– Қауіп қақпанына кез келгеннің түсіп қалуы мүмкін. Жат пиғылдағылар көзі ашық, көкірегі ояу адамды арбай алмайды десек қатты қателесеміз. Мысалы, сырттан қаржыландырылатын кез келген діни ұйымның басты мақсаты болады. Көбіне, қоғамға іріткі салу. Сондықтан олар қоғамда дүрбелең туғызатын тобыр іздейді. Оның ішінде басқалар сенуі үшін сауаттылар міндетті түрде болуы керек. Осы себепті олар өзіне тартқан әрбір адамның психологиясымен әбден жұмыс жасайды. Мысалы, бір адамның бірнеше жоғары білімі бар делік, бірақ мақтаншақтығы бойынша бойында осалдық бар. Мұндайды әлгілер бірден пайдаланады. Содан оған өз ағымына мүше атақты, бай адамдардың суретін көрсете бастайды. Ол фотомонтаж болуы да ықтимал. Алайда оны бізде кім тексеріп жатады дейсіз? Бірден әлгі діни ұйымға бас ұрады. Одан ұтқаны –- ел алдына мақтануға мүмкіндік алуы. Біреулерге материалдық жағдай жасалады, әке-шеше махаббатына сусап жүргендерге ондай жерден мама-папа да табыла кетеді. Тіпті, сексуальдық сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік беретін ағымдар да болады. Мұндай арбау алдында көп адам ойлана бермейді. Бірақ олар өзін «рухани құбыжыққа» айналуға тәрік еткенін пайымдамайды. Мәңгүрттендіріп, өзі басқара алатын тобырға айналуы үшін ағымдағылар қол астындағыларға гипноздан бастап есірткіге (көбіне исламнан басқа бағыттағылар) дейін қолданып жатады. Әрине, кез келген қазақ отбасын мұндайдан сақтасын! Бірақ «Сақтанған – саламатқа жеткен» деген аталы сөзді үнемі есте ұстап, жақын адамдарымызбен әрдайым ашығынан әңгімелесіп, оның өмірінде боп жатқан құбылыстардан дер уақытында хабардар болып отыруымыз керек. Сонда бөтендер отбасы қорғанын бұзып өте алмайды.

ПСИХОЛОГ ЗЕРТТЕУІ

Ал өзге жамағаттың жолында жүргендерді қалай анықтауға болады? Мінез-құлық қалай өзгеріске ұшырайды? Өз-өзіне қол салатын жағдайға қалай жетеді? Біз мәліметтерді парақтай отырып, Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы маманы Мәриям Бапанованың дәрігерлік зерттеуін тауып алдық. Сұралған сауалдарға осында жауаптар жетерлік екен. 

Мұнда көп таралған діни теріс ағымдардың ұстанған қағидасы – адамды алдап-арбау, физикалық, психикалық және рухани еркіндігіне тұсау салу жағдайы медициналық-психологиялық тұрғыда зерттеліпті.Бір парасын ұсына отыралық.

ДАБЫЛ БЕЛГІСІ (SOS)

Деструктивті діни ұйымдарға жиі қатынайтындардың жан дүниесінде мынадай өзгерістер аңғарылады: діни соқыр сенімнің шынайылығына сену, ата-аналарға деген қарым-қатынастарында өшпенділіктің пайда болуы, оқудан, жұмысынан,дәрігерге қаралудан бас тарту, журнал, телеарна, газеттерді оқып, көруден жиіркену, кемінде 3-5 сағатқа ғана көз ілу, ақуызы бар тағамды тұтынбау, тұйықтану, достармен араласпау, әлемде орын алған сыртқы өзгерістерге міз бақпау.

Ұйым жетекшілері тобындағы адамдардың санын арттыру үшін әртүрлі айла-тәсілдер қолданады. Мысалы, сананы бақылау техникасы былай өрбиді:

1. Топтық зорлық және «махаббатпен бомбалау» техникасы. Күмән тудырмас үшін балалар ойынына ұқсас ойынның түрін қолданады. Адамды өзіне жақын тарту үшін ән айтып, құшақтап, асыра мақтайды. Мәселен, муниттер. Әдіс-тәсілдің мақсаты – болашақ ілімге сеніп жақтаушының өзін сол ұйымға қажетті екенін барынша сендіру. Ұйым мүшелері тек соны ғана күтіп және соның қастарында әрдайым жүргенін қалайтынын, оның қажетті екенін сездіреді. Теріс ағымға жаңадан келген адам бір минутқа да көзден таса қалмайды. Ол шараны өз ішінтерінде «сандвич» деп атайды. Жаңа келген адамның жанына білікті екеу қойылады, олар оны түрлі уағызымен әбден көндіреді.

2. Оқшаулау. Бұл кезде адам шынайы ақпаратты тексеру мүмкіндігінен айрылады.

3. Ойлау қабілетін тоқтататын әдіс-тәсілдер ретінде адамды медитацияға итермелейді. Бұл әрекетті шамадан тыс жасаған адам толықтай сенімге енеді.

4. Бойына қорқыныш ұялатып, күнәсіне кінәлі екенін мойындатады. Мойындау әдісімен жасалатын бұл психологиялық амал нәтижесінде адамның күнәларына сай жазасы мен сыйы беріліп отырады. Дүре соғылады, жақсылығына жақсылық жасалады.

5. Ұйқыдан бас тарту. Рухани кемелденуге жеткізетін әртүрлі жаттығулар, жобалар мен жоспарларды сылтау етіп, адамды ұйқысынан айырады.

6. Дұрыс тамақтанбау. Астыртын адамның рухани әрі физикалық кемелденуді көздеген ойдан шығарылған диеталармен адамды ашықтырады.

7. Сенсорлық басыну. Тез арада жаңадан келген адамды өз ырықтарына бағындырады.

Сананы бақылау төрт негізгі бағытта жүзеге асады:

1. Жүріс-тұрысты бақылау.

2. Ақпаратты бақылау.

3. Ойлау жүйесін бақылау.

4. Көңіл-күйді бақылау.

Жоғарыда аты аталған санаға жасалған барлық шабуыл мен іс-қимыл адам денсаулығын нашарлатпай қоймайды.Сайып келгенде, діни секталардың ұстанымдары, салттары мен ғибадаттары адам психикасынан бастап, тән денсаулығына дейін орасан зор зиянын тигізеді.


ҰСЫНЫСТАР


Діни секталардан зардап шеккендерге арнайы емдеу орталығы қажет

Міне, мұндай үздіксіз психикалық шабуылға ұшыраған, физикалық тұрғыда әбден әлсіреген адам ойсырамай қоймайды. Сондықтан оларды емдеу де күрделі. Санасы уланғандарды жындымен қатар ұстай алмайсыз, ал аурухана стационарында науқасты көп ұстауға болмайды. Сонда қайтпек керек? Өз зерттеуі қорытындысында Мәриям Бапанова арнайы емдеу орталығын ашуды ұсынады. Себебі мұндай науқастарды оңалтуға көп уақыт кетеді екен, яғни санасында сілкініс болған күні ол өз-өзіне келеді. Ал сананың селт ету уақыты бірнеше айдан көптеген жылға созыла беруі ықтимал. Сондықтан оны дөп басып айту мүмкін емес. Ғылыми тұрғыда анығы – діни секталар быт-шытын шығарған адам жадысын жөнге келтіруге болады. 

Заңда дін түсінігін нақтылау қажет


Таяуда Мәжіліс депутаттары Бақытбек Смағұлов пен Бақытжан Ертаев ҚР Премьер-министрі мен ҚР Бас прокуроры атына депутаттық сауал жолдады. Өңірлерде болып қайтқан депутаттарды қазақы дәстүрді, ұлттық наным-сенімді түбірімен жойып, ұйыған отбасының шырқын бұзатын уахабизм секілді ортамызда миссионерлердің тайраңдап жүруі, ойына келгенін жасауы қатты алаңдатқан. Бұған жол беріп отырған солқылдақ заңымызды дұрыстау қажеттігін айтатын халық қалаулылары өз сауалында : «Мемлекет және дін арасындағы қатынас нақты емес. Яғни, мемлекет тарапынан дін конституциялық шеңберде құбылыс ретінде қабылданбаған. Конституцияда әр адамның дін таңдауынан өзге нақты категория қалыптаспаған. Егер нақты түсінік қалыптасса, ЖОО мен мектептерде қазақ мәдениетінің ислам өркениетіндегі орны, дәстүрлі ислам діні туралы оқытылуы тиіс еді. Оған да кадр, база, материал, ғылымизерттеу институты қалыптасушыеді» делінген. 

Бір сөзбен айтқанда, мәжілісмендер халқымыздың теріс ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастырудың негізгі тетігі  діни ағартушылыққа кеңінен жол беретін заң нормаларын қабылдауды ұсынады. Сол үшін дін түсінігіне нақтылық қажеттігін айтады. Қараңғылықты жарық жеңгені секілді діни секталар жолына адасып түсіп кетпеудің бірден-бір амалы – діни сауат. Сондықтан бұл пәнді мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарында тұрақты етіп енгізу өзектілік танытып тұрған жайы бар.

Ислам дініне жат бөтен бірқатар ағымдардың қысқаша мінездемесі: 

Ахмадия жамағаты:

Ахмадиялық (1882-1889 жж.) Пенджаб қаласында бұрынғы Британдық Индия қазіргі Пәкістан жерінде пайда болған. Пәкістан, Иран, Ауғаныстан жерлерінде кең таралған. Ахмадия жамағатының орталығы Хайфа(«Израиль») және Лондон қалаларында орналасқан. 

1974 жылы Пәкістан басшылығы ахмадия сектасын мұсылмандық емес деп ресми жариялап, 1984жылы ахмадияшылдарға өздерін мұсылман деп атауға және мұсылмандық жоралғылар өткеруге ресми тыйым салды.

Қазақстанда (Алматы қаласында) ағым пәкістандық миссионерлердің ықпалымен 1994 жылы Әділет Министрлігінде тіркеледі. Ағымның толық атауы – Қазақстан Республикасының «Ұлттық Ахмадия Мұсылман Жамағаты» деп аталады. 

Жамағат мүшелері пайғамбар сүнеттерін жоққа шығарып, Ғулам Ахмед Алланың елшісі ретінде таниды. Ахмадияшылдардың қажылық ету орындары Пенджаб пен Кашемир әсіресе,Қадиан қалалары боп саналады. Олар көбіне мешітке бас сұға бермейді. 2012 жылы Ахмадие жамағаты діни бірлестік ретінде қайта тіркеуден өтпей қалды. 2008 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда төртахмедиелік жамағат діни бірлестігі (Алматы облысы, Шығыс Қазақстаноблысы, Алматы және Шымкент қалалары) қызмет етеді.

«Алля-Аят» (Фархатшылар) культтік-мистикалық діни ағымы

Бұл ағымға да заңды түрде тыйым салынған. Ағымның негізін қалаушы – өзін құдай және «Жаратушы» деп жариялаған Алматы облысы Шонжы кентінің тұрғыны Фархат Абдуллаев. Ол қайтыс болғаннан кейін емдеу насихатымен оның зайыбы Нина (Қасиетті Нина, Нина Ана) айналысады. Бұл ағымның өкілдері дәстүрлі діндерді мойындамайды. Емдеу курсы Фархат атаның энергиясына қосылу арқылы басталады. Тобындағы адамдарға 

«емдік эткен шайы» (тұз қосылған қарапайым шай) және «Звезда Селенной» (Новосибирск қаласында басылады, бағасы 300 бен 600 теңге аралығында) журналын тұтыну міндеттеледі.

Қозғалыс мүшелері «Алля-Аят» ағымының негізін қалаушы Ф.Абдуллаевтың тұлғасын пір тұтып, «Фархат Ата» деп атайды. Осылайша, «фархатшылар» қозғалысы Ф.Абдуллаевты құдай деңгейінде көреді, сондай-ақ оның зайыбы Нинаны қасиеттілер қатарына қосады. Мұндағылар медицинаны мойындамайды, дәрігерге қаралудан үзілді-кесілді бас тартады.

2006 жылы Астана қаласының прокуратурасы «Алля Аят» әдістемесі бойынша емдеу сеанстарына қатысқан азаматтардың жүйке ауруларына ұшыраған фактілерді анықтаған. Астана қаласындағы Жүйке саулығы проблемалары медициналық орталығының деректері бойынша, 2004 жылы 6 қыркүйектен 6 қазанға дейін шизофрения диагнозымен Д.А.Такеева емдеуден өткен. Ол бұрын-соңды психоневрологиялық диспансерде тіркеуде болмаған. Оның ауруының асқынуы «Алля-Аят» (Фархатшылар) культтік-мистикалық діни ағымы емшілерінің қимылынан кейін қозған.

«Ата жолы» (басқаша атауы «Ақ жол»). «Ақ жол» ұйымы ретінде өзінің қызметін 1997 жылдың ақпанынан бастады. Ол кейінірек «Ата жолы» атауын алып, 2001 жылы Алматы қаласында коммерциялық ұйым ретінде (ЖШС) тіркеуден өтті. Ұйымдастырушысы – Қыдырәлі Тарыбаев. Қазақстан бойынша көптеген шәкірттері, рухани-танымдық «Ата жол» журналы, «Ата жолы әліппесі» брошюрасы және басқа да баспа өнімдері бар.

Аталған ұйымның негізгі мақсаты белгілі бір сомаға қарапайым адамнан әулие жасау болып табылады. Елдің құқық қорғау органдары «Ата жолы» «Алля Аят» ағымы сияқты ізбасарлардың міндетті қаржылық қорынан құралатындығын айқындады. Қаржыландыру принциптері «қаржылық пирамидаларға ұқсас», өйткені ағымның әрбір мүшесі құрылымның деңгейін әрі қарай арттыру үшін өзімен бірге жаңа ізбасарларды тартуы тиіс.

Ведомствоаралық комиссия жүргізген «Ата жолы» қызметіне баға беру кезінде оның ізбасарлары негізінен республиканың тоғыз өңірінде шоғырланғаны белгілі болды. Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарында, Астана және Алматы қалаларында орналасқан.

Сәләфизм немесе уахабтық ағым

Сәләфи қозғалысы мұсылман әлемінің дерлік бәрінде де пайда болып, түрлі мемлекеттерде түрлі бағыттарда бой көрсеткен қозғалыс.

Салаф сөзі «бұрынғылар» деген мағынаны білдіреді. Ислам дінінің алғашқы үш ғасырына жататын ғұламалар тобы «салафтар» деп аталған. Бұл таласы жоқ шаруа. Ал бүгінгі салафилерміз деп жүргендер осы мазхаб жетекшілерін, алғашқы үш ғасырда өткен ғұламаларды құрметтейміз, солардың жолын ұстанамыз деп жатса, онда әңгіме басқа. Алайда Қазақстандағысалафилер олардың ешқайсысын мойындамайды және мазхаб имамдарының бірінің де жолын ұстанбайды.Салафий сөзін жекешелеп, өтірік салаф боп жүргендердің басқалардан ажырап тұратын тұсы «салаф ас-салих» боп табылатын төрт мазхабқа да тоңмойындық танытуларында. Бастысы олар қазақы салт-дәстүрді түбегейлі мойындамайды. Олардың сөзіне сенсек, той жасауға болмайды, бет ашар деген дұрыс емес және т.т. жалпы, ұлттық болмысқа тән қасиеттерді жоққа шығарып отырады. Негізінен, ағым тармағы Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында етек алған. Мақсаты – жамағатын қоғамнан оқшаулап, өз мүддесіне пайдалану.

Салафилік бағыттағы адамдар мектеп оқушыларына насихат айтудың жолын жақсы таңдаған. Олар мектеп асханасын жалға алады да, тамақ дайындаумен қатар, сол жерде кітап таратып, үгіт-насихат жүргізеді.

Тәкпіршілер

Мақсаты – тұрақсыздыққа қол жеткізу. Мұндай секта адамдарды қоғамнан аластатылып, психологиялық тұрғыда оқшаулануына ықпал етеді. Сана билеуге әбден дайын болғанда олар адамға кәпір мемлекетке өмір сүріп жатқандығын уағыздай бастайды. Сөйтіп лаңкестік әрекетке даярлайды. Мысалы, 2005 жылы тәқпіршілер 72 қазақстандық отбасын Чехияға хижраға алып барады. Ол арада олар әскери дайындықтан өткен. Логикалық тұрғыда алсақ, мұсылманның кәпір мемлекетіне хижра жасауының өзі дұрыс емес қой. Бірақ әлгі ағымның әскери базасы сонда орналасқан болып тұр. Сол секілді жабық хижра деген акт бар. Мысалы, ол өзін кәпір өмірден аластатады, яғни қоршаған ортадан баз кешкен мұндай сектант ұлттық дәстүрінен, салтынан, бұрын киген киімдерінен бас тартады, мемлекеттік қызметін тастайды, сөйтіп ол өзін шайтандардан тазалап жатырмын деп сендіреді.

«Талибан қозғалысы». Ауғанстандағы діни саяси ұйым. Талибанның құрылуы 1980 жылдардың басында Пәкістанның солтүстік-батыс шекаралық провинциясымен Белуджистан аумағында Пәкістан Ислам Республикасының билігінің нұсқауы бойынша жабық түрдегі және соған сәйкес идеологиялық және діни тәрбие алған ауған қашқындарының балаларынан құрылды.

2001 жылдың 11 қыркүйек қарсаңында Ауғанстанда «Аль-Каиданың» 80 жуық лагерлері террористер дайындады. Жалпы алғанда, Усамабен Ладен кезінен Ауғанстанда осы лагерлер арқылы 15-20 мың жауынгер дайындықтан өткен. Қазіргі уақытта «Талибан» мен «Аль-Каида» ауған әскері мен полициясына, халықаралық әскери күш одағының құрамына көптеген лаңкестік актілер жүргізуде. Жауынгерлік әрекет Пәкістан әскеріне қарсы ИРП-ның солтүстік-батыс провинциясының шекарасында күшеюде. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шешімімен «Талибан» лаңкестік ұйым ретінде танылды. Сонымен қатар, бұл ұйымның қызметіне Ресей мен Өзбекстанда тыйым салынды. Сол секілді бізде де.

«Хизб-ут-Тахрир» («Хизб-ут-Тахрир аль-Ислами», «Исламның азаттық партиясы») – халықаралық экстремистік саяси-діни ұйым. Исламның азаттық партиясы (мұсылман бауырлар) ағымынан бөлініп шығып, палестиналық Тақиюддин Набхани деген адамның басшылығымен 1953 жылы Сирияда алғаш рет пайда болды.

Бірінші кезекте партия Палестинаны азат ету және сионизммен күресуді өз алдына мақсат етіп қояды. «Хизб-ут-Тахрир» мүшелері санының өсуіне байланысты партияның көсемі халықты жаппай исламдандыру жолымен халықаралық масштабта мұсылман мемлекеттері халифатын құру идеясына келді. «Хизб-ут-Тахрир» этникалық және конфессиялық төзімсіздікті таныта отырып, дiни араздықты тұтатады.

Аталған партияның идеясы әлемнің 40-тан астам елдерінде таралған, көтеген мұсылман елдерінде бұл партияның әрекетіне ресми түрде тыйым салынған.

«Хизб-ут-Тахрир» ұйымының конституцияға қарсы бағытталған рұқсат етілмеген акциялары, насихат қызметін ұйымдастыру және экстремистік мазмұндағы үнпарақпен әдебиеттер дайындап, таратып, сақтау фактілері белгілі болды. «Хизб-ут-Тахрир» діни партиясының қызметі Германияда, Канадада, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда және де мұсылман елдері: Пәкістанда, Сирияда, Иордания және т.б. елдерде заңды түрде тыйым салынған. Пәкістан Ислам Республикасының Улем Кеңесі, Қырғызстан мұсылмандар діни басқармасы, Өзбекстан және Тәжікстан «Хизб-ут-Тахрир» партиясын исламдық емес, ілімі теріс деген нұсқау қабылдады. Бірақ соған қарамастан бұлар ғаламтор арқылы әлемнің кез келген түкпіріне уағыз жүргізіп отырады.

alashainasy.kz
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы