Жексенбі, 04 Маусым 2017   |   372 рет оқылды

НЕГЕ НАМАЗ ОҚЫМАЙСЫЗ?

Әдетте, неге намаз оқымайсыз? - деген сауалға бала-шағаны бағу, жұмыс істеп нәпақа табу сияқты сылтаулар айтылады. Расында, бұл себеп емес, сылтау. Құран Кәрімде: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым[1]», - деп шын мәнінде, адамның дүниеге келгендегі жалғыз мақсаты – құлшылық жасау екенін ұқтыруды. Әрине: «...Жердің барлық тарабында жүріңдер және Оның ризық еткенінен жеңдер. Әрі қайта тірілген соң Оған ораласыңдар[2]», - аяты еңбек етіп, бала-шағаны бағу да өз бетінше құлшылық екенін жеткізуде. Бірақ, бес уақыт намаз, рамазан оразасы сияқты парыз құлшылықтардың орнын баса алмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «...Уа, Алла! Сен бергенге ешкім кедергі болмас, Сен тисаң ешкім бере алмас...[3]», - деп дұға жасайды екен.

Адамның ризық-несібесіне Алла Тағала кепіл. Адам ризық үшін себебін жасап, қалғанына басын ауырпауы тиіс. Адамның әрекеті – себеп, ал ризық – Алла құзырында. Бұл өте маңызды жайт. Ал, несібесі кешігіп жатса, жанталасудың қажеті шамалы. Өйткені, адам ризықтың мекен-жайынан хабарсыз, ал ризық адамның мекен-жайын біледі. Ризықтың өзі келіп есік қағады. Алла Тағала: «Әрі аспанда сендердің ризықтарың және сендерге уәде етілген бар. Аспан мен жердің Раббысымен ант етемін, бұл – сендердің сөйлеулерің сияқты ақиқат[4]», - деп баяндауда. Осы аятты естіген бәдәуи араб бар дауысымен: «Субханалла! Құдіретті Жаратушы ант ететіндей, кім  Оны ашуландырды?» - депті. Хасан Басри: «Ақырет қамын жасап дүние өзі келгеніне көп куә болдық, бірақ дүниені іздеп ақырет игілігі келгенін көргеніміз жоқ»,-деген екен. Міне, сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер адам баласы өз несібесінен өлімнен қашқандай қашса, өзің несібесі өлім адамды тапқандай тауып алар еді[5]», - дейді.

Құранда уәде етілгендей әр адамның ризық-несібесіне Жаратушы кепілдік береді. Бұл ақиқатты түсіне білген адам жаны тыныштық табады.

Енді, ризық-несібеге себеп болатын кәміл иман, тақуалық, истиғфар, тәуекел,  туыстық қарым-қатынас, садақа беру, үлкен-кіші қажылық жасау, үйлену сияқты бірқатар амалдармен бірге намаз оқу да ризық-несібенің көп те берекетті болуына басты себептің бірі.

Адам өзі намаз оқуы һәм отбасының намаз оқуын қадағалауы парыз. Құран Кәрімде: «Үй-ішіңді намазға бұйыр әрі өзің де оған сабырлы бол. Біз сенен ризық сұрамаймыз. Саған ризықты Біз береміз...[6]» деген. Суфиян Саури: «Біз сенен ризық сұрамаймыз» деген аятты «ризық іздеуді саған жүктемейміз», - деп тәпсірлеген.


[1] "Зарият" сүресі, 56-аят

[2] "Мүлк" сүресі, 15-аят

[3] Муслим

[4] "Зарият" сүресі, 22-23 аяттар

[5] Жамиғ Сахих

[6] "Таһа" сүресі, 132-аят

Қуат ЕРҒАЛИҰЛЫ
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы