Дүйсенбі, 19 Маусым 2017   |   702 рет оқылды

АРАҚТЫҢ ЗИЯНЫ ЖАЙЛЫ АЯТТАРДА НЕ АЙТЫЛҒАН?

1.Ассалаумағалайкум! Құранда араққа қатысты аяттар бар ма? Оның зияны жайлы не жазылған? Айша Алдамжарова

2.Ассаламу алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Арақ-шарап қойылған тойға баруға бола ма? Бармасаң, той иесі реніштерін білдіреді. Осындай жағдайда не істеуге болады? Аллаһ разы болсын! Мұқан Абылай

3.Ассалаумағалейкум! Отбасы және туысқандар арасында арақ ішетін және бұл жаман әдетін қоя алмай жүрген жандарға қалай көмек беруге болады. С.С.Ә.

Уа алейкум ассалам!

Арақ туралы аяттың түсіндірмесі
Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?»,-деп, бұл жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырады.

Міне, бұл екі аятта Алла тағала арақты жоғары дәрежеде харам деп әмір етуде. Арақ құмар ойыны, пұт және бал ашумен қатар бірге айтылған. Бұлардың барлығын ең лас нәрсе деп қайтаруда. Ең лас (рижс) сөзі Құранда тек сорақылығы шектен шыққан және жамандығы жұртқа мәлім нәрсеге айтылған. Бұл аят бойынша арақ – шайтанның ісі. Ал, шайтанның ісі – бұзықтық пен харам. Аятта арақтан алшақ жүруді әмір еткен. Сондай-ақ, бұл кесірден алыс жүру адамды бақытқа жеткізетін жол. Сонымен қатар, әлеуметтік зияны ретінде туысқандық қарым-қатынастың «ат құйрығын кесіп» араласпай кетуге апарып соғатынан айтуда. Арақ ішетін және құмар ойнайтын адамдар арасында сөзсіз дұшпандық пен өшпенділік туындайды. Ал, рухани залалы – пендені діни міндеттемелерінен тоқтатады. Намаздан, оразадан және т.б. құлшылығынан қайтарады. Аталған аят соңында Аллаһ тағала адамдарға бұйыра «...сонда да безбейсіңдер ме?» деп сауал қойды. Сонда осы аятты естіген сол кездегі мұсылмандар: «Раббым! Біз түбегейлі тиылдық», – деп жауап қатты.

Исламға дейін араб халқы араққа салынып кеткен еді. Тіпті, оларда арақтың жүзден астам аты болды. Араққа арнап өлеңдер жазатын.

Ислам маскүнемдікке салынған бұл халықты өте дана тәрбиелік тәсілмен айықтырды. Арақты кезекті жүйемен, бірте-бірте харам етумен түбегейлі тыйды. Әуелгі уақытта арақтың күнәсі пайдасынан көбіректігі жайлы үкім түсті. Сосын намазға тұрғанда мас күйде болмауды тыйым етті. Соңында  кейін түбегейлі тыйым етілгендігі туралы аят түсті. 

Арақтың анықтамасы мен мөлшері жайлы
Кез келген адамның ақылдан айырып, мас ететін ішімдік арақ болып табылады. Мұндай ішімдіктің бір жұтымы да – харам. Хадистерде: «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам», – деп баяндалған. 

Кез келген жағынан харам
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) араққа байланысты он кісіге лағынет айтқан: «Арақты сығушы, сығуға тапсырыс беруші, ішуші, тасушы, алдыртушы, құюшы, сатушы, арақтан түскен пайданы жеуші, арақты сатып алушы және сатып алдырушы».

Арақ ішетінмен бірге отырмау
Осы дәстүрге байланысты мұсылман арақ-шарап қойылған жерде отырмауы тиіс. Омар (р.а.): «Мен Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.) «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, арақ қойылған дастарқанға отырмасын» деген сөзін естіп едім», – дейді.

Қисса
Сали бин Абдулла (р.а.) риуаяты: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғанан кейін Әбу Бәкір, Омар (р.а.) және бір топ адамдар отырып ең үлкен күнә жайлы әңгіме қозғайды. Олар ортақ ойға келмеген соң, Абдулла бин Амрден сұратты. Ол: «Ең үлкен күнә арақ ішу», – деді. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бәну Исраил патшаларының бірі бір адамға жаза ретінде: арақ ішуді, өлім жазасын, зина жасауды немесе доңыз етін жеуді таңдауға бұйырады. Бас тартса, өлім күтіп тұр. Ол арақ ішуді таңдап, ақыры арақ барлық қылмысты істеуге итермелеген»

Қорыта айтқанда
Арақ – адамға ең ауыр соққы беретін дерт. Елімізге осы арамнан түскен пайданың жақсылығы болмасы хақ. Өйткені, арақ кесірінен болған кісі өлімі, жол және өндірістік апат шығынын ешбір қаражат қайта қалпына келтіре алмайды. Оны жай қарапайым адамнан бастап ең білікті экономист те растайтын болар. Қоғам бұл қасіреттен айығу үшін барлық күрес тәсілін қолдану қажет. Біз дін қызметкері ретінде ішімдіктің залалды зардаптарын сізге жеткіздік. Сіз де бұл күреске өз үлесіңізді қосыңыз.



Маида сүресі, 90-91 аяттары
Бақара сүресі, 219-аят
Ниса сүресі, 43-аят
Маида сүресі, 90-аят
Муслим
Ахмед, Әбу Дәуід және Тирмизи
Тирмизи, Ибн Мәжа
Ахмед
Муслим

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікірлер  

 
0 # Қайырбек Бакиев 2017-06-30 04:53
Ассалам алейкум СубханАллаһ Сіздерге Алла разы болсын.
Жауап жазу
 

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы