Дүйсенбі, 24 Шілде 2017   |   603 рет оқылды

ТАУЫҚ ЕТІ, БАЛЫҚ ЖӘНЕ КОНСЕРВІЛЕНГЕН ЕТТЕР ХАЛАЛ МА?

Ассалаумағалейкүм уа рахматуллахи уа баракатуһ!
1.Сіздерден сұрағым келгені, тауық еті кез келген жерде халал болып саналады ма әлде харам болып бөлінеді ме? Мен қазіргі уақытта Ресей жерінде жүрмін, әрине, бұл жақтан халал азық-түліктер табу қиындау. Бір-екі адамнан сұрағанымда балық пен тауықтың харамы болмайды деп жауап берді. Осы сұрақтың нақты жауабын білгім келеді. Алдын-ала үлкен рахмет! Қуаныш Юсупов 2.Осы тущенка харам ба, халал ма? Әсет Пазылов.

Уа алейкум ассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ!

Төрт түлік мал еті халал екені жөнінде ешқандай дау жоқ. Бұл орайдағы күдік аталған жануарларды бауыздауға қатысты. Кейбір жағдайда шариғат тиым еткен жолмен (электр тоғы немесе ауыр затпен соққы жасау секілді) сойылып жатады. Мұндай тәсілдер малға азаптау және еті арамдалғандықтан харам болады. Малдың етін адал ету үшін бауыздау шарттарын орындау қажет, олар:

1.Малдың қанын ағызып, мойын күре тамырын кесетін пышақ сияқты өткір затпен бауыздау. Ади бин Хатим әл-Тайи (р.а.), мен: «Уа, Алла елшісі! Біз аң аулаған кезде бауыздайтын пышақ болмайды. Алайда өткір тас және сынған таяқ болады»,– деп сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қалаған затыңмен қанын ағыз және Алла тағаланың есімін ата», – деді;

2.Мойын күре тамыры мен өңешті кесу. Бұл жануардың қиналмай жан тапсыруына көмектеседі. Ал, басымен құдық сияқты тар жерге түсіп кеткен малды аң секілді кез келген жерінен қан шығару керек. Рафиғ бин Хадиж (р.а.): «Біз пайғамбармен (с.ғ.с.) сапарда едік. Кенет жұрттың түйелерінен бірі қашып кетті. Қуып жететін ат болмаған соң, бір кісі садақпен атып алды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жануарлардың арасында жабайы аңдардағыдай бір жабайылық болды. Егер жануарлар осылай етсе, жаңағыдай етсеңдер болады», – деді;

3.Алла тағаланың есімінен басқа ешбір атты айтпау. Құранда: «... және тігілген тасқа (пұтқа) арнап бауыздалған... арам етілді»,– деп әмір етілген;

3.Бауыздау үстінде Алла тағала есімін айту. Яғни «бисмилла Аллаһу Акбар» деу. Құран Кәрімде: «Ендеше, Алланың аяттарына сенуші болсаңдар, Алланың аты айтылғаннан жеңдер...» және хадисте: «Қаны аққан (бауыздалған) һәм Алла есімі айтылған (мал етін) жеңдер», – деп айтылған.

Малды бауыздау және «бисмиллаһ» айтудың сырлары:

1.Бауыздаудың сыры. Малдың мойын күре тамырынан кесіп бауыздау – жануардың жаны тез және қиналмай шығуының ең жеңіл жолы. Ол үшін бауыздайтын құрал өткір болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «... Егер бауыздайтын болсаңдар, жақсы түрмен ұшын өткірлеп, малды жеңіл етіп бауыздаңдар»,-деп үйреткен.

2.Бауыздау кезінде «бисмиллаһ» айтудың сыры. Алла тағала барлық жаратылыстың Иесі. Алайда, адам баласына мал екеш малды мойынұсындырған. Малды адам пайдасы үшін жаратқан. Бірақ, оның жанын алу үшін «бисмиллаһ Аллаһу Акбар» деп Жаратушының рұқсатын алу керек.

Ал, балық туралы Құран Кәрімде: «Және де Ол Алла, жас ет жеулерің үшін теңізді бағындырды...»,– деп баяндалады. Барлығымызға мәлім, теңіз мақұлықтары, яғни суда тіршілік ететін жәндіктер түрі өте көп. Оның ішінде адамға жағымдысы – балық. Ал, Құранда: «... жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді арам қылады...» деп айтылған. Суда мекендейтін ең жақсы да таза нәрсе балық екені даусыз.

Қорыта келгенде, төрт түлік мал еті және құс еттері айтылған талаптарға сай сойылған болса, адал болып саналады. Қазіргі уақытта дүкендерден сатып алатын өнімдеріміздің қандай екендігін оның сертификатына қарап ажыратқанымыз абзал.


Ахмед, Әбу Дауд, Насаи
Бұхари, Муслим
Маида сүресі, 3-аят
Әнғам сүресі, 118-аят
Бұхари
Муслим
Ю.Қарадауи, Халал уа Харам фил Ислам, 55-бет
Нахыл сүресі, 14-аят
Ағраф сүресі, 157-аят

 


Жайын (сом) балығын жеуге бола ма?

1.Әссәләмуғалейкум! Жайын (сом) балығы туралы бір жігіт сұрап еді. Соны сіздерден сұрасам деген едім. Жайын  балығы жеуге рұқсат па? Жыртқыш балық әрі өлексені де жей береді. Осыны ойлап күмәнданып қаламыз. Нұржан Сәдірбекұлы 

2.Әссәләмуғалейкум! Суда өмір сүретін балықтардың барлық түрлерін халал деп білемін. Бірақ жайын (сом) балығын теңіз шошқасы деп жататындар бар. Сол рас па? Дінмұхаммед Жүнісов. 

Уағалейкум ассәләм! Сахаба Абдулла ибн Аббастан «Жәрии»(ّالجريّ)деген балық туралы сұрайды. Сонда ғалым сахаба:«Оны (мұсылмандарға) жеудің ағаттығы жоқ. Оны Яхуди (дініндегілер) жемейді», -деп жауап берген. Тағы бір риуаятта әлгі сахаба:«...әл-Жәрииді  яхуди дініндегілер жемейді. Ал біз жейміз», - деген[1]. 

Риуаяттағы  «жәрии» сөзі қазақшадағы жайын балығының  арапша атауы болса керек. Себебі,  жайын балығын араб тілінде «Сәмәк әл-Жәрии - أسماك الجري»немесе «Қармут –قَرْمُوطٌ»яки «силләур –السِّلَّوْرُ»  деп атайды.

Бұнымен қатар, жайын - балық тектес теңіз жануары болғандықтан, халал деуге негіз бар. Балық тектес теңіз өнімдерін жеудің халал екендігінде ғалымдар арасында талас жоқ. Кейде кездескен өлексені жеуі үкімді өзгертпейді[2]. Ең дұрысы - Аллаға мəлім!


[1] Фатхул бәри, Сахих Бухари – Китабу забаих: «Бәбу Қаулиллаһи Ахалла ләкум...». (тағлиқан).  
[2]Тек мынаны ескеру керек, егер аталмыш балық көбіне өлексені жеумен қоректенетіні анықталса,  етінің дәмі немесе исі яки түсі өзгергендей болса,  тазарғанша еті желінбейді.  Оны тазартудың жолы – қалпына келгенше (түсі, иісі) тірідей таза суға жіберіп,  таза қорекпен қоректендіреді.



Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы