Жексенбі, 13 Тамыз 2017   |   280 рет оқылды

Сәждеде қазақша дұға етуге бола ма?

Сұрақ:

Сәждеде қазақша дұға етуге бола ма?

 
Жауап:

Сәждеде үш рет «сүбхана раббиял аъля» деп айтқаннан кейін, тілеуіңізді Алладан қазақ тілінде сұрағыңыз келсе, мынаны ескергеніңіз жөн:

  • Ететін дұғаңыз мазмұны жағынан Құранда айтылған дұғаларға ұқсас болуы керек. Дәлірек айтқанда, тек Алладан ғана сұралуы мүмкін нәрселерді сұрауыңызға рұқсат, мұндай дұғалар Намазды бұзбайды. Мысалы: Уә Раббым, мені кешіре гөр; Жаратушы ием, мені пейішке кіргіз; Қабірімді нұрландыр; Мені ырзықтандыр, сен Раззақсың; Мені шыншылдардан, шүкір етушілерден ете гөр; Қабір азабынан сақта; Шипа бер, сен Шәфисың т.б. .
  • Ал егер тілегіңіз, адамдардан да өтініп сұрауға болатын нәрселерді қамтитын болса, мұндай тілектер намазды бұзады. Мысалы: Уа Жасаған, мені пәленшеге үйлендір; Мені киіндір; Менің қарызымды өтеп бер т.б. [1]. 

Дұғаның адам сөзіне ұқсамауы керек дегенге хадистен дәлел келтірер болсақ,  Мұъауия ибн әл-Хәкәм әс-Сәләми атты сахабадан риуаят етілген бір хадисте, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«...Намазда ешқандай адам сөзі болмауы керек. Шындығында намаз – Алланы пәктеу, Оны ұлықтау және Құран оқудан тұрады», - деп айтты[2]. 

Имам Мұхаммедтен[3] (Оған Алла разы болсын) бір шәкірті:
- Намазда Алладан ырзық, аман-саулық  тілесе, бұнысы намазды бұза ма? ­- деп сұрайды.
Сонда Имам Мұхаммед:
- Жоқ, бұзбайды, - деп жауап береді.
Шәкірті:
- Ал егер, «Уә Жасаған, мені киіндір, мені пәленшеге үйлендір» деп тілесе ше?», - деп тағы сұрайды.
Имам Мұхаммед:
- Бұл бұзады...Егер намазда жасалған дұға Құран аятынан алынған болса, немесе Құрандағы айтылған дұғаларға ұқсас болса, намазды бұзбайды. Намазды бұзатын дұғалар ол – адамның сөзіне ұқсайтын дұғалар», - деп жауап береді[4].

Жоғарыда айтылған үкімдер тек намаз ішіндегі сәтке байланысты. Намаз сыртында қалаған нәрсеңізді Алладан өз тіліңізде тілеуіңізге болады.

[1] Ибн Мәзәһ әл-Бухари: әл-Мухыт – 1/185 бет; Фәтәуә әл-Һиндия – 1/111 бет; Мұндай тілектеріңіз тілде емес тек көңіліңізде болса, ол намазды бұзбайды
[2] Сахих Муслим: «Бәбу тахримул кәләм фис сала», №537 хадис.
[3] Ұлық Имам Әбу Ханифаның шәкірті,   шариғат ғылымында «Мүжтәһид» дәрежесіндегі ғұлама. Алла оған разы болсын!
[4] Имам Мұхаммед ибн әл-Хасан әш-Шәйбәнаи:Китабуль Асл – 1/194-195 бет, Әбу Суләймән әл-Жүзжәнидің нұсхасы.

Абдусамат Қасым

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы