Сәрсенбі, 16 Мамыр 2018   |   1761 рет оқылды

Өкіл имам құттықтауы: Рамазан айы баршамызға мүбарак болсын!

 

Құрметті оқырман!

 

Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткеніміз үшін Жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз. Алланың Елшісі (с.ғ.с) ережеп айы кіргенде: «Уа, Алла! Бізге ережеп пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!», – деп дұға тілеген екен. Әлхамдулиллә, Алланың қалауымен он екі айдың сұлтаны, қадір-қасиеті мол мүбәрак айға жеттік. Өткен күндерімізге есеп бере отырып, алдағы отыз күн оразаны сауапты амалдармен есте қалдыратындай етіп өткізу мүмкіншілігі қолымызда тұр.

Шағбан айының соңғы күнінде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан екен: «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті қылды. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай. Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауыз ашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да ешнәрсе кемітілмейді».

Иә, Рамазан айы – әлем мұсылмандарының сағына күтіп алатын, қимай қоштасатын қасиетке толы ай. Өйткені, адам баласының тәнін тазартып, жан-дүниесін тәрбиелейтін де осы ораза құлшылығы. Ал ораза осы айда Раббымыз тарапынан парыз етілген ұлық ғибадат. Сонымен қатар, адамзатты ақиқат жолға үндейтін, ақ пен қараны, сауап пен күнәнің парқын көрсететін Құран кітабы осы айда түсірілген. Сондықтан, бұл айда жасалған әрбір жақсы амалдар елеусіз қалмай, сауабы еселенеді.

Бұл жөнінде Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды... Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын...». («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар) Ал, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», - деген.(Бұхари, Саум 6; Мүслим, Сиям 203.)

Алланың әміріне итағат еткен барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерден бой алыстатады және сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық секілді қасиеттерге иелік етеді.

Тіпті адамдар өзара бірлікке және бір тәртіпке үйренісіп, теңдік пен әділдікті жақсы көреді. Өзара мейірімділік көрсетіп, барлық күнә атаулыдан сақтана бастайды. Бір сөзбен айтқанда ораза адам баласын сабырға үйретіп, жақсылыққа тәрбиелей түседі. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, даусын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – десін».

Барлықтарыңызды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ниеттеріңіз қабыл болсын демекпіз. Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта берсін. Алла Тағала рамазан айында ұстағалы жатқан оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан еткей! Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын берсін!

 

Болатбек қажы Абуов

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Өкілі,

«Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің Бас имамы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы