Бейсенбі, 13 Қараша 2014   |   652 рет оқылды

«Дін және дәстүр» тақырыбында аудандық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Қызылорда облысы Сырдария ауданы орталық мешітінің және «Иман - 2013» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Дін және дәстүр» тақырыбында аудандық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның мақсаты Ислам діні мен ата дәстүріміздің сабақтастығын терең түсіндіру, өскелең ұрпақ бойына ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін қастерлейтін отаншылдық рухты сіңіре отырып, тарихымызды құрметтейтін қасиетті Ислам дінімізді сақтау жолында Ханафи мазһабын насихаттау. Аталмыш конференцияға 70 адам, оның ішінде ауданға қарасты елді мекендердің имам-молдалары, барлық мектеп директорлары, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, дінтау пәнінің оқытушылары және жоғарғы сынып оқушылары арасынан болашақта діни оқу орындарына баруға ниетті оқушылар қатыстырылды.

Кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Болғанбайұлы  алғашқы сөз сөйлеп, жиылған қонақтарға «Иман - 2013» қоғамдық қорының жыл бойы атқарған жұмысына қысқаша тоқталып өтті.

Келесі кезекте ҚМДБ-ның Қызылорда бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Б.Ұлжаев «Дін бірлігі – татулық негізі» тақырыбында баяндама оқыды. Баяндама барысында діни тұрақтылықты насихаттай отырып, Ислам дінінің жалпы адамзат баласын бірлікке шақыратыны жайлы тереңінен түсінік берді.

Қызылорда облысы Дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Б.Камалов дәстүрлі емес діни қозғалыстар мен саяси-радикалды ағымдардың қоғамға зияны жайында толыққанды мағлұмат беру үшін «Керағар діни ағымдардың жастарға ықпалы» тақырыбында баяндама жасады.

Конференцияны қорытындылау үшін аудандық «Мұсылмандар» мешітінің бас имамы М.Жамиев «Ислам құндылықтары мен қазақ салт-дәстүрінің ұштастығы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында Ислам діні мен ата дәстүріміздің сабақтастығын, араб халқы мен қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарындағы ұқсастыққа ерекше тоқталып өтті.

Конференция соңында 18 қазан Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылған «Рухани келісім – бейбітшілік кепілі» атты тақырыптағы шығармашылық байқаудың жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі

Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің

Баспасөз хатшысы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы