Сейсенбі, 23 Желтоқсан 2014   |   2175 рет оқылды

Әһли сүннет ақидасын жүйеге келтірген имамдар

Алдымен  әһли  сунна  ұғымының  мәніне  үңілсек. Құран Кәрім мен Хазіреті Пайғамбардың сахих хадистерін ұстанып, жол   бастар етуші, Аллаһтың елшісі Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) және оның сахабаларының ақида (сенім) мәселесінде ұстанған жолымен жүрушілер «Әһли сүннет уәл-жамағат» деп аталады. Әһли сүннет уәл-жамағаттың қазақша мағынасы - «сүннет халқы және жамағат». Яғни, сүннетті ұстану - Хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) жүрген жолын ұстануды білдіреді.

Ал мұның Әһли сүннет уәл-жамағат деп аталу се- бебі, Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үмметі жайлы айтқан мына хадисінен туындайды:

«Яхудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де  73  топқа  бөлінеді.  Осы  73  топтың  ішіндегі  біреуі ғана жәннәтқа барады, қалған 72-сі тозақтық болады», - дейді. Сонда қасында тұрған сахабалардың біреуі тұрып:

«Я,  Расулуллаһ!   Жәннәтқа   баратын   топ   қайсысы?», - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Менің және асхабымның жүрген жолымен жүргендер», - деп жауап береді. (Әбу Дәуіт, Суннат 1; Ибн Мажа, Фитан 17).

Шындығында да әһли сүннет уәл жамағаттың ақидада ұстанған    жолы   Пайғамбарымыз бен сахабалардың ұстанған, жүрген, амал еткен жолымен бірдей екендігін кейінгі тақырыптардан байқауға болады.

«Әһли сунна уәл-жамағат» терминін алғаш Әбу Ләйс ас-Самарқанди  (өл.898)  «Шәрхул  фиқһил  әкбар»  атты еңбегінде қолданған.

Басралық филолог әл-Асмаидің (өл.213/828) пікірі- не  сүйенсек,  Әһли  сүннет  уал-жамағат  жолын  Юнус ибн Убайд әл-Қайси (өл.138/756), Абдуллаһ ибн Аун ибн Әртәбан   (өл.151/768),  Әйюб  әс-Сахтияни  (өл.131/748) және   Сүлейман   әт-Тәйми   (өл.143/760)   атты   кісілер құрған.

Сүннит    ақидасының    бір    жүйеге    келуі    Умея халифатының соңғы жылдарынан бастап, Аббасидтердің билік   кезеңінің  алғашқы  І  ғасыры  аралығында  бола- ды.  Әһли   сүннет  ақидасы  Умеяттардың  10-халифасы Хишам ибн  Абдулмаликтің билікке келуі мен (724-743) Аббасидтердің  7-халифасы  Мәмунның  (813-833)  таққа отыруы  аралығында   туып,  қалыптасты.  Әуелде  әһли сүннет мәзхабы фиқһ  саласында жүйеленіп, дами келе әһли сүннеттің фиқһи мәзхабтары пайда болды (Ханафи, Шафи, Ханбали, Малики).

Әһли  сүннеттің   ақидаға   байланысты   саласында алғашқы  еңбек  пен  зерттеуді  қолға  алғандардың  ішін- дегі көрнекті өкілдердің бірі - Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит. Имам Ағзам Әбу Ханифа фиқһта Ха- нафи мәзхабының негізін салушысы ретінде ақидаға бай- ланысты көптеген құнды пікірлер айтып кеткені белгілі.

Имам Ағзам 699 жылы Куфа қаласында дүниеге ке- леді.  Ұстазы  Хаммад  ибн  Әби  Сүлеймен  (өл.120/737) Куфа мешітінде ұзақ жылдар бойы дәріс берген кісі. Әбу Ханифа  алғашқы ақидалық дәрістерін сол кісіден алып, ұстазы дүниеден  өткеннен кейін ел арасында 30 жыл- дай дәріс оқып, пәтуа  береді. Имам Ағзам Әбу Ханифа өз дәуірінің біртуар ғалымы, әрі фақиһы еді. Имам Ағзам «Әһли  Бәйтті»  (Пайғамбар  әулетін)  жанындай  жақсы көріп,  оларға үлкен құрмет көрсеткендіктен, Умея мен Аббасид билеушілеріне деген ықыласты ниетін толықтай көрсете алмайды. Әбу Ханифаның екі әулеттің халифалық кезеңін басынан өткерген жылдарында, Умея мен Абба- сид әміршілері оған қазылық қызметті ұсынып, ғұлама ол ұсынысты қабыл алмайды. Сөйтіп, Аббасид халифасы Әбу Жағфар әл-Мансур (754-775) ұсынысын қайтарып, сағын сындырғаны  үшін  Әбу  Ханифаны  түрмеге   қаматады. Бағдаттағы  түрмеде  15  күндей  қамауда  болған  ислам ғұламасы 767 жылы 70 жасында дүниеден озады.

Әбу    Ханифаның     ақидаға    байланысты    жазған еңбектері: «әл-Фиқһул әкбар», «әл-Фиқһул әбсат», «әр- Рисалә»,   «әл-Алим  уәл-мутааллим»,  «әл-Уасия».  Осы еңбектерінің   ішінен   «әл-Фиқһул   әкбары»   ғұламалар жағынан жоғары бағаланып, ол еңбек жайында көптеген түсіндірмелі, талдамалы шығармалар жазылды18.

Әһли сүннет  мәзхабы  адасушы  мәзхабтарға  (әһли бидғат) қарағанда мынадай өзіндік ерекшеліктерге ие және ақидасы да  осы қағидалардың төңірегінде құрылған:

1. Барлық   әлем   мен    тіршілік    иелері    кейіннен жаратылған.

2. Әлем  босқа  жаратылмаған,  оның  өзіндік  мән- маңызы мен ерекшелігі бар.

3. Әлемдер мен бүкіл тіршілікті жаратушы Аллаһ.

4. Аллаһ жалғыз, бастауы мен соңы жоқ. Ол тумаған, туылмаған. Ол уақыт, мекен, һәм тәндік ерекшеліктерге мұқтаж емес. Және Одан басқа тәңірі жоқ.

5. Аллаһтың әзәли, әбәди затынан бөлінбейтін си- паттары бар. 

6. Аллаһ ақыретте муминдерге көрінеді.

7.  Тағдыр  (қадар)  хақ.  Бірақ,  құл  іс-қимылында мәжбүр емес (яғни, пәнденің таңдау еркі бар).

8.  Пайғамбарлардың   муғжизасы,   әулиелер   және олардың  көрсеткен  кереметтері  хақ.  Бірақ,  ешқандай пайғамбар мен әулиеде тәңірлік нышан болмайды. Олар да адам, тек дәреже тұрғысынан ғана қарапайым жандар- дан мәртебелі келеді.

9. Аллаһтың  кәләмы  әзәли  (басы  жоқ).  Аллаһтың сөйлеуі дауыс пен әріптерден тұрмайды.

10.  Ақырет  және  ондағы  болатын  жағдайлар  хақ (жәннәт, тозақ, таразы).

11.  Пайғамбардан  (с.а.у.)  кейін  ең  ұлы  кісі  Әбу Бәкір,  одан  кейін  кезегімен  Омар,  Осман  және  Әли. Пайғамбардың (с.а.у.) сахабалары ерекше құрметке лайық кісілер болып саналады.

12. Амал иманның бір бөлігі емес. Сеніп, иман ете тұра амал етпеген немесе күнә істеген кісі діннен шықпайды. Бірақ, ол күнәһар кісі ретінде саналады.

13. Бір  әмірші  тағайындау  мұсылмандарға  парыз. Басқару жүйесі әрдайым кеңесу және сайлаумен болады.

14.  Адамдарды  жаратқаны  секілді,  Аллаһ  Тағала олардың амалдарын да жаратады. Пенде қандай да бір істі істеу үшін таңдайды, Аллаһ оның таңдауына сай ісін жаратады.

15. Жақсылық жасағанғасый, жамандық жасағанға - жаза беріледі. Бірақ, Аллаһ қалаған мумин пендесінің күнәсін кешіруі мүмкін.

16. Ислам дінін қабылдаған, әрі мумин екендіктері белгілі  кісілер мына жағдайда ғана кәпір болып есепте- леді:

а) Аллаһ Тағаланы жоққа шығарса

б) Аллаһқа серік қосса

в) Пайғамбарлар мен пайғамбарлықты қабыл етпесе г)  Харам  екендігі  нақты  білінген  (аят  пен  хадис арқылы  бекітілген  үкімдерді)  нәрсені  халал  деп,  не керісінше халалға харам деп, оған сенсе19

Енді әһли сүннеттің ақидасын бір жүйеге келтірген имамдарға тоқталып өтелік. 

1) Имам Матуриди

Матуридилік мектептің негізін қалаушы Әбу Мансур Мұхаммед   ибн   Махмуд   әл-Матуриди   әс-Самарқанди (шамамен һ. 238/ м. 862 жылы) Самарқандтың Матурид деген ауылында дүниеге келген. Имамның өмірі жайын- да мағлұмат өте аз. Имам Матуридидің еңбектеріне қарай отырып, оның калам, мәзхабтар тарихы, фиқһ әдістемесі мен тәпсір саласында  өзіндік орны бар ірі ғалым екен- дігін пайымдауға болады. Еңбектеріндегі тұжырымдарын жоғарыда айтылған әһли сүннеттің басты қағидаларын әрі нақилге (Құран аяттары мен хадистерге) сүйеніп, әрі ақли дәлелдер арқылы жүйелеген. Әсіресе, ол кісі  муғтазила мен  шииттік  түсініктегі  мұсылмандарды  қатты  сынға алған.

Әбу    Мансур    әл-Матуриди    Ханафи    мәзхабын ұстанатын  ортада  өскендіктен  әрі  фиқһта,  әрі  ақидада (сенімде) Имам Ағзам Әбу Ханифаның жолымен жүрген. Әбу Ханифа фақиһ болуымен қатар, ақида саласындағы ғалымдардың  да  алғашқыларының  бірі  екендігі  мәлім. Сондықтан Имам Матуриди Ханафи мәзхабын ұстанып, ақидада  Әбу  Ханифаның  пікірлерін  одан  ары  дамыта отырғаны түсінікті. Бір жағы соны ескергендіктен болар, калам ғалымдары «Матуридилік» деп аталатын мектептің негізін қалаушы ретінде - Әбу Ханифаны атайды. Ал Имам Матуриди болса, Әбу Ханифаның айтып кеткен негіздерін ақли  және нақли (аят пен хадис) дәлелдермен қуаттап, талдап, жүйелеп бір ізге түсіруші ретінде танылған.

Ислам әлемінде хижри жыл санауының ІІ ғасырынан бастап  пайда болған адасқан мәзхабтарға, соның ішінде әсіресе ақылды көбірек қолданатын Муғтазила мәзхабына классикалық әдіспен  төтеп беру біршама қиын болды. Мұндай әдіспен Әһли сүннет сенімін қорғау жеткіліксіз еді. Неге десеңіз, классикалық, яки дәстүрлі әдісте ақыл ақида мәселесінде негізгі рөл ойнамайды.  Осыдан келіп, әһли  сүннет  сенімін  қорғау  жолында  жаңа  бір  әдіске мұқтаждық туды. Яғни, иман негіздерін түсіндіруде аят пен хадиске қоса, ақылға да орын беру керек болды. Өйткені логикалық талдаулар жасалып, мәселенің мазмұнын ашу, мақсатын түсіндіре білу қажеттілігі туды. Осы бағытта Матуриди және Әшғари мектептері қалыптасады.

Имам Матуриди ақида саласында аят пен хадиске қоса, дінді түсіндіруде ақылды да қажетті қағида ретінде пайдаланды. Матуридилер бірқатар мәселелерде алғашқы ғұламалардың тәсілін ұстанғанымен,  Әшғарилерге қарағанда  ақылды  көбірек  қолданды.  Дегенмен,  имам Матуридидің   тәсілі    бойынша   ақылды    өз    орнымен қолданып, оған шектен тыс басымдық беруге жол бермеу қажет.

Имам Матуриди  ақылға  біршама  мән  бергенімен, муташабих  (ұғымын  Аллаһ  пен  Оның  елшісі  білетін) аяттардың тәпсіріне келгенде (Әбу Ханифа ұстанымынан ауытқымай) жорамал (тәуил) жасамайды. Мысалы: «Ол Рахман,  аршыға үстемдік етті» (20.Таһа-5) аятындағы «истауа» сөзі  муташабих  аят  болғандықтан,  бұл  сөзді түсіндірген кезде алдымен аят жайында түрлі теңеулер жасаған кісілердің көзқарасын айта келіп, олардың пікір- лерін  теріске   шығарып,  мынадай  тұжырым  жасайды:

«Бұл мәселедегі  біздің  ойымыз  Аллаһ  Тағала  «Еш нәрсе Оған ұқсамайды» (42.Шура-11) деп, айтқан сөзі арқылы Аллаһтың жаратылғандарға ұқсамайтындығын білдіруде.   Аллаһ  жаратылғандарға  ұқсаудан  пәк.  Біз де   жоғарыда   Аллаһтың   фиилінде   және   сипатында ұқсастықтан пәк  екендігін айтып өттік. Олай болса, біз  Рахманның  Аршға   истиуасы  (үстемдігі)  жайын- да  Құранда  айтылған  күйінде   қабыл  етуіміз  керек. Бұл  аятты  мынадай  мағынаға  келеді   деп  айта  ал- маймыз.  Өйткені  жоғарыда  келтірілген   тәуилдердің (жорамалдардың) қандай да біреуі сәйкес келіп  қалуы мүмкін болса, дәл солай адамның санасы жете бермей- тін басқа да бір мағынаға сай келу ықтималдығы да бар. Сондықтан,  Аллаһ аятта қалай келтірсе, біз де дәл сол күйіне иман етеміз».

Имам  Матуриди  муташабих  аяттарға  түсініктеме беруді  дұрыс  көрмегенімен,  беріректегі  бірқатар  әһли сүннет ғалымдары ол аяттарға түсініктеме берген. Деген- мен, бұл қарапайым халықтың аяттағы ұғымды басқаша мағынаға   жорамалдауының   алдын   алудан   туындаған қажеттілік  болатын.  Алайда,  аталмыш  ғалымдар  мута- шабих аяттарды араб тілінің шеңберінен шықпайтын ас- тарлы (мәжәзи)   мағыналары бойынша ғана түсіндіруге болатындығын айтады. Солай болғанның өзінде ғалымдар айтқан  жорамалдарының  соңында  оның  нақты  мағына емес, аяттың баламалы ұғымы  ғана деп ескерту жазып отырады. 

Имам   Матуридидің    өмір   сүрген    кезеңі    ислам әлеміндегі сенімге байланысты арпалыстың ең өршіген уақыты  еді. Ислам халифаты күн өткен сайын ұлғайып, көптеген халықтар ислам дініне кіріп жатты. Бір жағынан халифа Мәмун  (813-833) дәуірінен бастап, ежелгі грек және үнді философиясы  араб тіліне көптеп аударылды. Мұсылмандардың  өзара   мәзхабқа  бөлінгендері  аздай, сырттан  келген  яхуди,  христиан  пәлсафашылары  мен дін басылары сенімге байланысты түрлі пікірлер айтып, халықтың  санасына    көптеген   күмәнді    мәселелерді ұялатып, дел-сал қылып қойды. Осындай сәтте исламның иман негіздерін қорғау мақсатында ақыл мен қисындық қағидаларды пайдалану қажет болды. Нәтижеде иман не- гіздерін әрі нақылмен (аят-хадис), әрі ақылмен бекітетін

«Калам» атты жаңа әдіс пайда болды. Мұның латыншадағы ұғымы - «теология». Имам Матуриди осы дәуірде шыққан әйгілі  мутакаллим, яғни теолог еді. Имам Матуридидің шыққан жері Мауарауннахр өлкесі болғандықтан, ғалым сол аймақтағы  Ханафилардың ақида мектебінің имамы атанды.

Имам Матуриди 333/944 жылы Самарқандта дүниеден өткен. Имам фиқһта Ханафи мәзхабын ұстанушылардың сенім негіздерін жүйеге келтіруші болып саналады.

Әһли сүннет фиқһта Ханафи, Шафи, Ханбали, Ма- лики болып бөлінсе, сенім мәселесін Сәләфи, Матуриди және Әшғари  мектептері қарастырғаны белгілі. Қазіргі кезде  әлемдегі   сүннит  мұсылмандардың  жартысынан көбі  (шамамен  53%)  Ханафи  мәзхабын  ұстанады.  Ал Ханафилердің басым  көпшілігі Имам Матуридидің бір жүйеге  келтірген  сенім  негіздерін  басшылыққа  алады. Матуридилік мектептің ғұламалары бір жүйеге келтірген иман негіздері – негізінен,   Орта  Азия, Түркия, Балқан түбегіндегі, Қытай, Үндістан, Пәкістан аймағындағы мұсылмандар арасында кеңінен жайылған25. Әсіресе түркі халықтары арасында көбірек жайылған. 

а) Имам Матуридидің еңбектері

Имам Матуридидің ең танымал еңбектері мыналар:

1. Тәуилатул - Қуран

2. Китабут - таухид

3. Китабул - мақалат

4. Китабу - мәхазиш-шараи (фиқһ усулы жайында жазылған)

5. Китабул-жәдәл

Өзге де еңбектері:

1. Китабул рәдди әуаилил-әдиллә лил-Кағби

2. Китабу рәдди тахзибил-жәдәл лил-Кағби

3. Китабу бәяни уәхмил – муғтазилә

4. Рәдду китабул – Кағби фи уаидил – фуссақ

5. Рәддул усулил – хамса ли Әби Умарил – Баһили

6. Рәдду китабул – имамә

7. әр-Рәдду алал – Карамита

Осы аталған еңбектердің ішінен біздің заманымызға жеткен  кітабы «Тәуиләтул Қуран» мен «Китабут – тау- хид» қана.

 

б) Имам Матуридидің иман жайындағы көзқарасы

Имам Матуридидің иман жайында ұстанған пікірлері төмендегідей:

ба) Иман мен ислам жайындағы көзқарасы. Имам Матуриди бойынша, иман – иман негіздерін жүрекпен бекіту  (тасдиқ), сенімін тілмен айту (иқрар). Егер адам тілімен иман келтіріп, бірақ жүрегімен бекітпесе, онда ол иман еткен болып есептелмейді. Сол секілді ешқандай қиыншылыққа ұшырамастан сенімін тілімен айтпаса, яғни иманын жасырған кісі де мумин бола алмайды. Өйткені, ешқандай кедергісіз сенімін тілмен айтпау жүректегі има- нын бекітпеген болып есептеледі. Иманның мекені жүрек болғандықтан, жүрекке орныққан иманға үкім етуге, яки оны күштеп шығаруға ешкімнің құдіреті жетпейді.

Иман  мен ислам тілдік жағынан  мағыналары бөлек  сияқты  көрінгенімен,  діни  тұрғыдан  қамтитын ұғымдары  бір  дейді  Имам  Матуриди.  Иман  дегеніміз - Аллаһтың барлығына, бірлігіне, серігі мен ұқсасының болмағандығына,  барлық нәрсе   Оның  қалауы   мен жаратуының   нәтижесінде  болатындығына   жүрекпен сеніп, оны тілмен айту. Ислам дегеніміз – адамның өзін толығымен Аллаһқа тапсыруы, Оның әмірлерін орындап, тыйымдарынан тыйылу, діни міндеттерді шынайлықпен іске асырып, Аллаһқа толық сеніммен құлшылық жасау. Бұл   айтылған  тұжырымдар  да,  иман  мен  исламның мағыналық тұрғыдан айтарлықтай айырмашылықтарының жоқ екендігін көрсетеді.

Сондай-ақ, иман еткен бір жанға мұсылман емессің деп айту қаншалықты дұрыс емес болса, исламның шарт- тарын  орындаған адамға да мүмин емессің деп айта ал- майсыз. Қысқаша айтқанда, ислам – Аллаһты тану, білу (мұның орны -  кеуде). Ал, иман болса, Аллаһтың Жа- ратушы екендігін білу  (мұның орны - кеудедегі жүрек). Яғни, бірінсіз бірі жоқ.

Мағрифат Аллаһты сипаттарымен танып білу, мұның орны  көңілде, ол да жүректің ішінде. Таухид Аллаһты жалғыз деп  тану, мұның орны сыр, ол көңілдің ішінде. Сөзімізді мына аятпен бекітіп алуымызға болады: «Аллаһ – көктер мен жердің нұры. Оның нұрына мысал: Ішінде жарық бар қуыс сияқты. Жарық әйнектің ішінде. Ал әйнек бейне інжудей бір жұлдыз. шығыста батыс- та  болмаған берекеті зәйтун майымен тамызылады. Тіпті от тимей-ақ, оның майы жарық бергелі тұр. Нұр үстіне нұр.  Аллаһ қалаған кісіні өз нұрына бөлейді. Аллаһ  адамдарға   осылай  мысал  береді.  Аллаһ  әр нәрсені толық білуші» (24.Нұр-35).

Имам Матуриди бойынша амал иманның бір бөлігі емес. Өйткені Құран Кәрімде: «Иман еткендер және ізгі іс істегендер... (иннәл-ләзина әмәну уә амилус салихат)» деп келетін көптеген аят бар. Бұл аяттарда иман мен амал бір-бірінен бөлек етіп көрсетілуде және иман еткен кісі- ге амалдан бөлек  ретінде «мумин» деуде. Егер амалды иманға кіргізетін болсақ, амалмен байланысты үкімдерде кейде нәсх (кейінгі үкім  алдыңғы үкімнің күшін жою) болғаны секілді иман негіздерінде де нәсх болу керек еді. Бірақ, иман мәселелерінде нәсх (күшін жоюшы жаңа үкім) болмайды27. Бұл да иман мен амалдың  бөлек  ұғымдар екендігін білдіреді.

Иман біртұтас ұғым, онда арту-кему деген болмай- ды. Иман, пенденің Аллаһқа берген нақты уәдесі. Ал егер адамның: «Иншаллаһ» немесе «Аллаһ қаласа мен мумин- мін»  деп  айтуы,  Аллаһқа  берген  уәдесінің  бұзылуына, күшін жоюына себеп болады.

бә)  Таухид  жайындағы  көзқарасы.  Аллаһ  бар, жалғыз,  серігі мен ұқсасы жоқ. Ол болмысы мен істері тұрғысынан да жалғыз. Біз Аллаһқа иман етуімізбен жа- уаптымыз. Аллаһтың болмысына және істеріне қатысты сипаттары  бар.  Бұл  сипаттар  Аллаһтың  болмысымен бірге, бірақ, ол сипаттар Жаратушының болмысының өзі де емес, одан бөлек те емес. 

бб)  Аллаһтың   ақыретте   көрінуі   (руятуллаһ). Имам Матуридидің пікірінше, мумин пенделер ақыретте Аллаһты қос жанарымен көреді. Құран және хадисте бұл мәселеге дәлелдер бар. Бірақ, Аллаһты қалай көретіндігіміз беймәлім (яғни, тікелей мағынасындағы екі көзімізбен бе, әлде көкірек көзімізбен бе).

Ал  Аллаһтың  көрінетіндігіне  дәлел  ретінде  мына аятты  келтіруге болады: «Көздер Оған жете алмайды. Ол көздерді көреді» (6.Әнғам – 103).

Бұл    аят    бойынша,    Аллаһтың    көрінуі    мүмкін болмағанда «идрак» деген сөздің алдына болымсыз жа- уапты  білдіретін  «лә»  әріпінің  қойылуында  құпиялық болмас еді. Себебі, Аллаһ көруге мұқтаж емес бола тұра өзгелерді (идрак) көре алады. Ал пенделер болса, барлық нәрсеге көру арқылы көз жеткізеді. Сондықтан, пенделер көре алмайтын болса «идрак» сөзінің алдындағы болым- сыз әріптің де ешқандай мағынасы болмас еді.

Екіншіден,    Хазіреті    Мұсаның    (а.с.): «Раббым маған өзіңді көрсет, Сені көрейін», - деуі Аллаһтың көрінетіндігінің  мүмкін  екендігіне  дәлел  бола  алады. Өйткені,  Хазіреті Мұса Аллаһтан мүмкін емес нәрсені талап етуі, Оның Жаратушы Иесін толық білмейді деген ұғымға келеді. Ал  сауатсыз бола тұра, оның пайғамбар болуы ақылға қонымсыз жайт.

Үшіншіден, «Қиямет күні кейбір жүздер жарқырап Раббысына қарайды» (75.Қиямет, 22-23) аяты Аллаһтың көрінетіндігіне басты дәлел бола алады. Осы айтылған мәселелер бойынша Аллаһ ақыретте муминдерге көрінеді. Бірақ, Имам Матуриди бұл жерде мына мәселені айтып өтеді: «Аллаһтың ақыретте көрінетіндігін оймен елесте- те алмаймыз және де оны ақли дәлелдер арқылы жеткі- зу мүмкін емес. Сол үшін ешқандай жорамалға, тәпсірге жүгінбестен  мұның  солай  болатындығына  толықтай сену керек».

бв) пенденің іс-әрекеті: Имам Матуридидің айтуы бойынша іс-әрекет жасауда адамның қалау еркіндігі бар. Өйткені  Құранда:  «Қалағандарыңды  істеңдер.  Сөзсіз Аллаһ  не   істегендеріңді  толық  көруші»  (41.Фусси- лат-40); «Сонда кім  тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық  істесе,  ол  оны  көреді.  Ал  кім  тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді» (99.Зилзал, 7-8), - деген. Бұл да адамдардың  іс-әрекетін өздері  жасайтындығын білдіреді.  Алайда, адам    іс- әрекетін өзі жасағанымен оны жарату мен іске асырушы Аллаһ болып табылады. Себебі, мына аят осының айғағы:

«Аллаһ сендерді де, жасаған нәрселеріңді де жарат- ты» (37.Саффат-96). Бұл жерден адамның қалау еркінің күші жоқ деген қорытынды тумауы ләзім. Себебі, адам өз ықтиярымен  іс-әрекет жасауға ниеттенген кезде, Аллаһ оған сол іс-әрекетті істеу күшін береді де, ісін жаратады. Бұл күшті «иститағат» деп атайды. Иститағат – жаңаланып отыратын күш, яки құдірет деген сөз. Адамның сауап не- месе күнә алуы оның мақсатына байланысты жасаған іс- әрекеті болып саналады. Мақсатсыз  жасалған іс-әрекет үшін сауап жазылмайды (мысалы, ұйықтау,  тыныс алу, отырудың мақсатқа ешбір байланысы жоқ болғандықтан, бұл үшін адам Аллаһ алдында жауап бермейді).

бғ) үлкен  күнә мәселесі. Имам Матуриди бойын- ша адам өлтіру, зина жасау секілді үлкен күнәлар адам- ды  иманнан шығармайды. Яғни, имансыз етпейді. Егер мұсылман пенде үлкен күнә істеп, өмірінде сол үшін тәубе етпестен өлетін  болса, жәһәннамда мәңгілік қалмайды. Ал, егер үлкен күнә істеген кісі, істеген ісі үшін өкініп, тәубе ететін болса, оның иманына ешқандай зиян келмей- ді және Аллаһтың кешірімін алуы да мүмкін.

бд) Аллаһтың кәләмы – Құран. Имам Матуридидің айтуынша,   Аллаһтың   кәләмы   (кәләм   сипаты   деген ұғым) өзінің затымен бірге болған сипат. Яғни, ол Ұлы Жаратушының әуелден болған сипаты. Аллаһтың кәләмы әріп  пен  сөйлемдерден құралмайды. Өйткені, әріп пен сөйлем кейіннен жаратылған нәрселер (хадис). Кейіннен болған нәрсе қадим (әуелгі) болған Аллаһпен бірге бола алмайды. Бұл жердегі негізгі мәселе «Құранның махлуқ еместігі» (яғни,  Құранның кейіннен жаратылмағандығы жайлы) жайында болып отыр.

бе) шапағат мәселесі. Имам Матуридидің айтуына қарағанда, шапағат негізінен күнәһарлар үшін беріледі. Күнәсіздердің бұған зәрулігі  жоқ. Аллаһ Хазіреті Пайғамбарға (с.а.у.) сый ретінде ақыретте күнәһар мумин- дерге шапағат ету мүмкіншілігін берген. Сондай-ақ, Аллаһ тәубе мен  жарылқау тілегендерді кешіретіндігін білдір- ген. Олай болса, Пайғамбардың (с.а.у.) шапағатына ілік- кен пенденің Ұлы Жаратушы тарапынан кешірілуі әбден мүмкін. Себебі, олар  үлкен күнәға бой алдырғанымен, имансыз емес-тін. Аллаһтың барлығына, бірлігіне сенген- діктері және иман негіздерінің бәрін қабыл еткендіктері үшін, әлбетте ақыретте Пайғамбардың (с.а.у.) шапағатына ілігуі бек мүмкін. 

в) Имам Матуридидің әдісін қолдаушы ғалымдар

Имам  Матуриди  және  оның  жолымен  жүрушілер әһли   сүннет   ақидасын   алғаш   қорғап,   осы   бағытта еңбектер жазған. Имам Ағзам Әбу Ханифа алғашқы әһли сүннет ақидасының қалыптасуына өзіндік үлес қосқанын жоғарыда айтып өттік. Ал бұл ақиданы Имам Матуриди бір жүйеге келтіргеннен кейін осы жолмен жүруші ғалымдар бұл жүйе мен әдісті одан ары дамытып, шыңына жеткізді. Бірақ, Имам Әшғари  және оның ізбасарлары ақида мен калам саласында көбірек еңбек жазғанын айтып өткеніміз орынды болар. Бұның себебі,  Әшғарилік таяу шығыста пайда болып, сол өңірдегі адасушылармен, дінсіздермен көбірек күресті. Әлемдік мәдениет айдынында орны бөлек таяу шығыста  түрлі дін мен ұлт өкілдері тұрғандықтан олармен күресу  оңайға түспеді. Мәселе бұнымен шек- теліп  қоймай  исламдағы  ағымдардың  бәрі  дерлік  таяу шығыстан шыққандықтан, сол өлке нағыз идеологиялық күрес алаңына айналып кете барды.  Ал Мауарауннахр- де адасқан топтар болмағандықтан ондай  идеологиялық күрес болмады. Керісінше, Мауарауннахр аймағы  үнемі жаугершіліктің нысанасы болғандықтан, калам саласына байланысты көлемді еңбектер жарық көре қоймады.

Матуридилік жүйе мен әдісті ұстанушы және осы жолда еңбек жазып танымал болған көптеген ғалымдар болды. Солардан ішінде ең бастылары мыналар:

1. Хаким Самарқанди (өл.342/953). Бұл кісі Имам Матуридиден  тікелей  фиқһ  пен  калам  дәрісін  алған. Еңбегінің аты «әс-Сәуадул-ағзам».

2. Садрул-ислам Мұхаммед Пәздауи (өл.493/1000). Еңбегі «Усулуд-дин». Классикалық калам кітаптарындағы тақырыптарды  қамти отырып, 96 мәселені қарастырған және ислам мәзхабтарына қысқаша шолу жасаған.

3. Әбул Муин ән-Нәсәфи (өл.508/1111). Матуридилік жүйе  мен мектептің қалыптасуына ең көп еңбегі сіңген Нәсәфи әулетінен шыққан ғалым. Әбул Муин фиқһ, таф- сир, хадис және калам саласында құнды еңбектер жазды. Оның осы салада жазған «Тәбсиратул әдиллә» атты еңбегі Матуридилік  жүйедегі  ең   ауқымды,  әрі  мәселелерді тереңірек қамту тұрғысынан да құнды еңбек болып табылады.

4. Омар Нәсәфи (өл.573/1142). Ислам әлеміне кеңінен танымал «Мәтнул ақайдтің», яғни екінші есімі «Нәсәфи ақайдының» авторы. Нәжмеддин Омар Нәсәфи тәфсир, әдебиет, тарих саласын жетік меңгерген кісі. Бұл кісінің жазған еңбегі күні бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтқан емес.

5. Әбул Бәракат Хафизуддин Нәсәфи (өл.710/1310). «әл-Умда» атты еңбегі бар.

6. Ферғаналық Сиражуддин Али ибн Осман әл-Уши (өл.575/1179). «Әмали манзум» атты еңбегі бар.

7.  Бұхаралық  Нуреддин  әс-Сабуни  (өл.580/1184). Нуреддин әс-Сабуни алғашқы калам саласы үшін «әл- Кифая фил-хидая» атты еңбек жазады. Бірақ, бұл еңбегі көлем жағынан өте ауқымды болғандықтан, кейіннен оны ықшамдап, «әл-Бидая  фи усулид-дин» атты екінші кіта- бын жарыққа шығарады.

8. Ибн Хуммам атты лақап есіммен танымал болған Камалиддин  Мұхаммед  ибн  Абдулуахид  (өл.861/1457). Оның «әл-Мұсаяра фил-ақайдил-мунжия фил-ахира» атты еңбегі бар. Сонымен қатар фиқһ саласында өзіндік беделі бар 8 томдық «Фатхул Қадир» атты кітаптың авторы.

9. Османлы түріктерінен шыққан Қады Желаледдин- заде Хызырбей (өл.863/1458), еңбегі - «Қасидеи Нуния».

10.    Муртаза    Зәбиди    (өл.1205/1790).   Матуриди ғұламаларынан  Муртаза  калам,  хадис,  фиқһ,  суфизм, шешендік  өнерді  жетік  меңгерген.  Бұл  кісіның  имам Ғаззалидің «Ихия-и улумид-дин» атты еңбегіндегі ақайд бабын талдай отырып «Қауаидул ақайд» атты 300 беттік кітабы бар.

 

2) Имам Әшғари

Әшғарилік мектептің  құрушысы  Әбул  Хасан  Әли ибн Әби Бишр Исхақ Әл-Әшғари һ.260/м.873 жылы Басра қаласында дүниеге келді. Имам Әшғари әйгілі сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридің (өл.44/665) ұрпағынан тарайды28.

Имам Әшғари 40 жасына дейін Муғтазила мәзхабының итиқадын    ұстанды.    Сол    уақытқа    дейін    муғтазила қағидаларын үйрету және оны өзгелерден қорғаумен ай- налысады. Оның ұстазы әйгілі муғтазила ғалымдарының бірі  болған  Әбу  Али  Жуббаи  еді  (өл.303/916).  Имам Әшғари калам дәрістерін осы ұстазынан үйренеді.

Имам   Әшғари    40   жасына    келгенде    муғтазила мәзхабын тастап, Ахмед ибн Ханбалдың жолымен жүрген хадисшілер жағына өтеді. Имамның муғтазила мәзхабын не үшін тастағандығы жайлы ғалымдар түрлі себептер ай- тады. Көпшілік ғалымдардың айтуы бойынша ұстазымен

«үш  ағайынды»  мәселесі  жайында  тартысып  қалып, ұстазын  жеңеді  де,  содан  кейін  муғтазила  мәзхабын тастап кетеді. Бұлай болудың негізгі себебі ретінде мына оқиғаның ұйытқы болғандығы айтылады. 40 жасына дейін муғтазилит  түсінігін үйреніп, сол жолда күресіп келген имам  түсінде  Хазіреті  Мұхаммед  (с.а.у.)  пайғамбарды көреді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) түсінде оған дұрыс жолды түсіндірмегендігін айтқан екен. Содан бастап муғтазила жолын  тастап, хадисшілердің, яғни әһли сүннет жолын ұстануға көшеді.

Осыдан кейін Әшғари біраз уақыт үйінен шықпай әһли  сүннеттің  еңбектерін  оқып,  муғтазиламен  салыс- тыра  отырып   зерттейді.  Сөйтіп  жұма  күнінің  бірін- де  Басра  қаласындағы  орталық  үлкен  мешітке  барып, мінберге шығады  да, жамағатқа: «Мені танып отырған шығарсыздар. Танымағандарыңыз бұдан былай танитын боласыздар. Мен Әбу  Хасан Али ибн Исмайлмін. Осы уақытқа дейін муғтазила мәзхабын ұстанып келдім. Осы жолда қызмет еттім. Бірақ, істеген ісімнің дұрыс еместігін ұғынып, тәубе етіп, бүгіннен бастап муғтазила мәзхабын тастадым», - дейді. 

Имам Әшғари өмірінің қалған кезеңін әһли сүннет жолында өткізеді. Муғтазиланы тастағанымен, ол өзінің исламға деген қызметіне қаяу түсірмейді. Керісінше, дін дағуа жолындағы ізденісін еселей түседі. Ол кісі ең алды- мен өзі шыққан муғтазилаға қарсы күреседі. Әһли сүннет ақидасын қорғау үшін  муғтазиланың өз тәсілдерін өзіне қарсы қолданады.  Себебі, әһли сүннеттің әдісі ол кезге дейін ақли дәлелдерге орын бермейтін, тек аят және хадис аясында болатын. Ал муғтазила болса ақылды, қисындық қағидаларды   көбірек   қолданып,   қарсылас   адамының аузын   аштырмай     тастайтындай жауаптар  беретін. Сондықтан  олар осы әдісі арқасында ислам әлеміне тез арада жайылып,  халифаттың ресми мәзхабы дәрежесіне дейін көтерілгенді.

Имам Әшғари муғтазила ағымын өте жақсы білген- діктен олардың әлсіз тұстарын пайдаланып, идеологиялық тұрғыдан қатты тойтарыс береді. Бірақ, Имам Әшғари әһли сүннет сабына  өткен соң ақылды аз қолдану қағидасын ұстанады.  Неге  десеңіз  діни  заңдылықтар  мәселесінде көбіне ақыл аздық етеді.

Имам Әшғари тек муғтазила ағымына ғана емес, соны- мен қатар адасқан мұсылмандарға, пәлсафашыларға, өзге діндегілерге  қарсы исламның иман негіздерін қорғады. Оның пікірлері мен ұстанымы тез арада ислам әлемінің түкпір-түкпіріне тарап, мұсылмандардың көпшілігі Имам Әшғаридің бір жүйеге келтірген иман негіздерін ұстануға көшеді.  Әсіресе  Ирак,  Сирия,  Мысыр  және  Солтүстік Африканың  тұтастай  осы  ақида  қағидаларын   қолдап, Әшғарилік жүйенің дамуын едәуір жылдамдатты. Имам Әшғари 324/936 жылы Бағдатта дүние салды.

Қазіргі таңда әлемдегі сүннит мұсылмандардың 13%- ін  құрайтын  Маликилердің  барлығы,  33%-ін  құрайтын Шафилердің төрттен үші, Ханафилер мен Ханбалилердің аз  ғана  бөлігі  Имам  Әшғаридің  қалыптастырған  иман негіздерін   ұстанады.  Әшғарилік  жолдың  кең  тараған аймағы Хижаз,  Солтүстік Африка, Мысыр, Ирак және Сирия өлкелері болып табылады.

Имам   Әшғари    мен   ұстазы  Әбу Али   Жуббаи арасындағы  «Үш  ағайынды»  мәселесі  былай  болған:

«Муғтазила сенімі бойынша пенденің ғұмырында жақсы, қайырлы  болған  нәрсені  Аллаһтың  жасауы,  жаратуы уәжіб.  Өйткені,  құлды  жаратқан  Аллаһ  болғандықтан оған қажетті нәрсені өзі жаратуы керек. Имам Әшғари бұл мәселеде аз-кем күмәнданып ұстазы Әбу Али Жуббаиға былай деп сұрақ қояды:

- Бірі кәпір, бірі мумин, бірі жастай өлген үш ағайынды жандар жайында не айтасыз?

Ұстазы:

- Мумин болғаны жоғары дәрежеге жетеді (жәннәтқа барады), кәпір болып өлгені азапқа душар болады, жастай дүниеден өткені сауапқа да, азапқа да душар болмайды,

- деп жауап береді. Әшғари:

-  Әлгі  жастай  кеткені  мумин  салих  дәрежесіне барғысы келсе рұқсат беріле ме?

Ұстазы:

- Жоқ, берілмейді. Және оның жауабы былай бола- ды: «Сенің бауырың бұл жоғары мақамға мойынсұнумен, амалдарымен жетті. Ал сенің мойынсұнған амалың жоқ». Әшғари:

- Егер жас бала: «Я, Аллаһ, кінә менде емес қой, сен маған  ғұмыр бергеніңде саған мойынсұнар едім»,- деп айтса, Аллаһ Тағала не айтар еді?

Ұстазы:

- Жауап төмендегідей болар еді: «Сен өмір сүргеніңде бас көтеріп, қарсы шығып, менің азабыма ұшырайтын едің. Мұны білгендіктен саған ғұмыр бермедім. Сен үшін пайдалы, қайырлы болғанын жасадым». Әшғари:

- «Сонда кәпір болып дүниеден өткен бауыры: «Әй, әлемдердің Аллаһы! Әй, жанашырлардың ең көп жана- шыры! Оның жағдайын білген болсаң, менің де жағдайым Өзіңе белгілі  еді. Не үшін оның пайдасына, қайырына болған нәрсені жасадың да мен үшін пайдалы, қайырлы болған нәрсені жасамадың?», – деп айтса, бұған не дей- сіз?» дейді.

Ұстазы:

- Уасуасаға  түстің  (шайтан  азғырып  отыр),  -  деп жауап береді.

Әшғари:

-  Жоқ,   мен   уасуасаға   түспедім.   Өкінішке   орай шейхіміздің айтар сөзі қалмады, - дейді.

Бұл мәселені әһли сүннет сенімі бойынша қарайтын болсақ, үш ағайындының басынан өткен нәрсе олардың тағдыры болып саналады. Кімнің қашан өлетіндігі дүниеге келместен   бұрын  оның  тағдырына  жазылып  қойған. Балиғатқа толмай  дүниеден өткен балалар сұрақ-жауап- сыз  жәннәтқа  барады.  Өйткені  Пайғамбарымыз  (с.а.у.) былай  дейді:  «Үш  кісіге  қалам  жүрмейді.  Сауыққанға дейін есі ауысқан адамға, оянғанға дейін ұйықтап жатқан адамға, балиғат жасына толғанша балаларға». (Бухари, Талақ 11. Худуд 22; Әбу Дәуіт, Худуд 17; Тирмизи, Худуд

1). Мұндай үзірі (себебі) бар пенделер құлшылықтан жа- уапты болмайды. Құлшылық ете білу үшін ақыл есі сау, балиғатқа толу керек деген қағида бар.

Ал,    фиқһта    Имам    Әшғаридің     қай    мәзхабты ұстанғандығы  жайында  түрлі   пікірлер  айтылады. Әрбір мәзхабты ұстанатын ғалымдар, ислам ғұламасын өз  мәзхабтарына   жақын   санайды.   Шындығына   кел- генде,   Имам  Әшғаридің  фиқһта  нақты  қай  мәзхабты ұстанғандығы  белгісіз. Тарихшы Мақризи (өл.841/1441) деген кісі Әшғаридің Ханафи мәзхабын ұстануы мүмкін деген жорамал жасайды.  Бұған негіз ретінде муғтазила мәзхабын дәлел ретінде келтіреді. Себебі, муғтазилиттер ақылға көбірек мән бергендіктен, фиқһта Ханафи жолын ұстанған (Әбу Ханифа пәтуа бергенде көбінесе  ақылға (рәйге) сүйенетін). Сондықтан осы қағида муғтазилиттер ұстанымына сәйкес келгендіктен, фиқһта олар Ханафи бо- латын. Имам Әшғари де әдепкіде, 40 жыл бойы муғтазила мәзхабын  ұстанып келгендіктен, оның да фиқһта хана- филік жолды ұстану ықтималы басымырақ деп тұжырым жасайды.

Имам   Әшғари    ақида    мәселесінде    Ахмед   ибн Ханбалдің  жолымен  жүреді.  Сол  себепті,  ол  ақидада көбінесе  сәләфилік  әдісті  ұстанған.  Бірақ,  ақылды  да қолдана отырып «Калам әдісін» пайдаланды. Нәтижесінде алғашқы  мұсылмандар  секілді  тек  нақылмен  шектеліп қана қоймай немесе муғтазилиттер сияқты асып та кетпей (тек ақылға басты орын беріп) орта жолды ұстанды. Имам Әшғариден кейінгі осы  мектептің өкілдері ақидаға кей- бір өзгешіліктерді енгізді. Мысалы, Имам Әшғари мута- шабих аяттарды жорамалдамай керісінше тәуилге қарсы шығып,  бұл  мәселеде  алғашқылардың   қағидаларымен жүрсе,  кейінгі  келген  Имамул  Харамәйн   әл-Жууайни (өл.478/1085), шәкірті Ғаззали (өл.505/1111), Шәхристани (өл.548/1153) сынды тұлғалар тәуилді еркін қолданған.

 

а) Имам Әшғаридің еңбектері

Имам  Әшғари  муғтазила  мәзхабынан  шыққаннан кейін, сол мәзхабтың кем-кетік жерлерін сынап, әрі кей бір тұжырымдарына жауап ретінде бірқатар еңбектер жа- зады. Деректер бойынша ол кісі муғтазиладан шыққаннан кейін 70-тей еңбек жазған. Кейбір Әшғари ғалымдарының айтуына қарағанда еңбектерінің саны 100-ге жеткен. Мы- салы Әшғари ғалымы Ибн Фурак (өл.405/1015) пен Ибн Анасир (өл.571/1176) ғұламаның 70 еңбегінен өзге, және

30 еңбектің атын келтіреді. Имам Әшғари тек калам сала- сында ғана емес, әрі тәфсир саласында да еңбектер жазған екен.  Имамның  бүгінгі  күнге  дейін  жеткен  еңбектері төмендегілер ғана:

1. әл-Ибәнә ан усулид-диянә - муғтазиладан шыққан соң жазған алғашқы еңбегі

2. әл-Лума фир-рәдди ала ахлиз-зәйғи уәл бида

3. Рисаләту фи истихсанил-хауд фи илмил калам

4. Мақалатул исламиин

5. Рисаләту илә әхлис-сағри бибабил әбуаб

 

б) Әшғарилік мектептің өкілдері

Имам Әшғари  құрған  жүйе  мен  мектеп  тез  арада ислам  әлеміне тарап, көптеген мұсылмандардан қолдау табады. Бұл жүйені одан ары жалғастырушы ғалымдар да көптеп кездескені тарихтан белгілі. Әһли сүннет жолын ұстанушы  мұсылмандар  арасында  каламға  байланысты оқылған кітаптардың көпшілігі  Әшғари ғалымдарының еңбектері болып табылады.

Ислам әлеміне және әлемдік пәлсафада танымал тұлғалардың басым көпшілігі Әшғарилік жүйені ұстанушы ғалымдар. Әшғари мектебінің ең танымал ғалымдарын атап  айтар болсақ: Ибн Фурак (өл.400/1009), Әбу Бәкір Мұхаммед  Бақыллани (өл.403/1013), Имамул Харамәйн әл-Жууайни (өл. 478/1085), Ғаззали (өл. 505/1111), Шех- ристани (өл. 548/1153), Амиди (өл.631/1233), Фахруддин Рази (өл.606/1210), Қады Бәйдауи (өл.685/1286), Адудуд- дин әл-Ижи (өл.657/1355), Тафтазани (өл.793/1390), Сайд Шариф әл-Журжани (өл.816/1413) және Жалаледдин әд- Даууани (өл.908/1502)36.

 

в) Матуридилік пен Әшғарилік жүйе арасындағы айырмашылықтар

Әһли сүннеттің ақида және калам мектебін құрушы Матуридилік пен Әшғарилік негізін ұстанатындардың қағидалары  мен  жолдары  бір.  Екі  мектеп  те  алдымен нақылға (аят пен хадиске) сүйеніп, одан кейін ақылға да бел- гілі бір дәрежеде мән береді. Бұл екі мектептің ұстанымы ақайд саласында ақылға  орын бермеген сәләфилер мен ақылды шектен тыс қолдануға  барған муғтазилиттердің ортасынан орын алады. Дегенмен, бұлардың арасында да нақылға сүйене отырып, ақылды қолдану  тәсілінде кей- бір мәселелерде пікір қайшылықтары туындап  жатады. Мұның өзіндік себептері де жоқ емес. Матуридилік Ма- уарауннахрдан шықса, Әшғарилік Иракта пайда болды. Ирак сол кезде идеологиялық пікірлердің қайнап жатқан отаны  еді.   Сонда  Әшғарилердің  муғтазилалықтармен көбірек күресіп, кей  тұстарда орта жолды ұстана алмай қалған кездері де болды. Кейде нақылға қатты басымдық берсе, кейде ақылға көбірек күш салып жіберді. Ал Мату- ридилер болса, мұндай жайттармен кездеспегендіктен (ол кезеңде Мауарауннахрда әһли бидғат  (адасқандар) топ- тары болмады) ақыл мен нақылды қолдану  мәселесінде нағыз орта жолды ұстанып, сәтті қадамдар жасай білді.

Әшғарилік  пен  Матуридиліктің  арасында  кейбір мәселеде айырмашылықтар бар. Бұл айырмашылықтарды ғасырымыздағы Етхем Рухи Фыглалы атты ғалым «Чаы- мызда итикади ислам мезхеплери» атты еңбегінде былай- ша атап көрсетеді:

1.   Жузи   ирада   (қалау    еркіндігі).    Матуридилер бойынша, құлда жеке жузи ирада (қалау еркіндігі) бар. Әшғарилер бойынша, бұл қалау еркіндігі жеке емес, оны Аллаһ жаратады.

2.    Хусн    және    Қубх    (жақсы-жаман,    сүйкімді- сүйкімсіз).  Әшғарилер  бойынша,  бір  нәрсенің  жақсы немесе  жаман  (Хусн-қубх)  екенін  ақыл  біле  алмайды. Бұлардың жақсы не жаман екендігі Аллаһтың әмірі мен тыйымдары нәтижесінде белгілі болады.

Матуридилер  бойынша,  жақсы-жаманың  өлшемін ақылмен   білуге   болады.   Аллаһ   бір   нәрсені   жақсы болғандықтан ол үшін әмір етіп, жаман болған нәрсеге тыйым салады.

3. Мағрифат. Әшғарилер бойынша, діни үгіт-насихат жасалмаған жердегі адамдар Аллаһты өз ақылдарымен тауып, оған иман келтіруге міндетті емес.

Матуридилер бойынша діни үгіт-насихат болсын- болмасын  адам  Аллаһты  өз  ақылымен  тауып,  сенуі керек.  Мысалы,  тау  басында  өмір  сүрген  адам  біздің сеніміміз  бойынша  Аллаһтың  бар  екендігін  ақылымен тауып, оған сенуі керек. Бірақ, оған діни заңдылықтарды ешкім үйретпегендіктен  мұндай жағдайда ондай пенде құлшылықтан жауапты болмайды.

4.Тәкуин     (жаратушы).    Әшғарилер    бойынша, Аллаһтың Тәкуин деген жеке бір сипаты жоқ, бұл сипат «Құдірет» сипатының ішіне кіріп кетеді. Ал матуридилер- де,  тәкуин Аллаһтың жеке бір сипаты. Аллаһтың Құдірет, Ирада  деген жеке-жеке сипаттарының болғаны тәрізді, Тәкуин де сол сипаттардың бірі болып табылады.

5. Пайғамбарлық.Әшғарилербойынша,пайғамбардың ер кісі болуы шарт емес. Әйел кісінің де пайғамбар болуы мүмкін.  Олардың пікірінше, Хазіреті Хауа ана, Мариям ана, Асия, Сара,  Хажар, Хазіреті Мұсаның анасы бәрі пайғамбарлар. Өйткені, оларға Аллаһ уахи жіберген. Уахи келген кісі пайғамбар болады деді.

Матуридилер бойынша, пайғамбардың ер кісі болуы шарт.  Әйел  кісілерден  пайғамбар  келмейді.  Ал  уахиге қатысты олардың нақты айғақтары бар. Уахидің де түрі бар,  басқалай  айтқанда  уахидің  де  уахиі  бар.  Құранда Аллаһ Тағала араларға да уахи еткендігін білдіреді. Олай болса, аралар да пайғамбар болуы шарт болып шығады. Және бұл мәселеде матуридилер негізінен төмендегі аятқа сүйеді: «Сенен бұрын да өздеріне уахи етіп еркектерді ғана жіберген едік. Егер білмесеңдер Кітап иелерінен сұраңдар» (21.Әнбия-7).

Әшғарилер пайғамбар жіберілмеген жағдайда адам- дар Аллаһты ақылымен табуы уәжіп емес десе, матуриди- лер уәжіп дейді.

6.  Тәклифи  ма-ла  ютақ  (пендеге  күші  жетпейтін нәрсені  жүктеу).  Әшғарилер  бойынша,  Аллаһ  пендеге күші  жетпейтін нәрсені әмір етуі және бұдан жауапты етуі де мүмкін.

Матуридилер бойынша, Аллаһ пенденің күші жет- пейтін нәрсені оған жүктемейді және жауапты етпейді. Се- бебі, аятта: «Аллаһ кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді...» (2.Бақара – 286) – деп, нақты айтылған.

7. Себеп пен хикмет. Әшғарилер бойынша, Аллаһтың жасағандарынан    себеп   іздестірілмейді   және   оның ешбір хикметпен байланысы да жоқ. Өйткені, Аллаһ жасағандарынан жауапты емес.

Матуридилер      бойынша,   Аллаһтың  жасаған нәрселерінің  бір  хикметі  бар  және  себепке  сүйенеді. Өйткені, Аллаһтың әрбір ісінде бір хикмет бар. Ол бәрін біледі және Хаким.

8. Құран. Әшғарилер Құран сүрелерінің кейбірін бірқатарынан жоғары деп есептейді. Матуридилер    Құран    сүрелерінің    бәрі    бірдей, ешқайсысы бір-бірінен жоғары, яки абзалырақ емес.

9.  Құлшылық.  Әшғарилер  иман  етпеген  жанның құлшылық етуге міндетті екендігін және етпеген жағдайда ақыретте сол үшін бөлек жазаланатындығын айтса, Мату- ридилер мұсылман болмаған кісі құлшылық етуге міндет- ті емес, өзі кәпір  болса, оған құлшылық қалайша парыз болсын және ақыретте  бұл  үшін оған бөлек жаза беріл- мейтіндігін айтады.

10. Діннен шығу. Әшғарилер діннен шыққан (мур- тад)  мұсылман  кісі  қайта  иман  ететін  болса,  алдыңғы жақсылық  пен  жамандықтары амал дәптеріне қайта жазылады дейді. Матуридилер діннен шыққан мұсылман кісі қайтадан иман  ететін болса да, оның алдыңғы жасаған жақсы не жаман амалдары амал дәптеріне тіркелмейді дейді.

11. Жан алқымға келгендегі тәубә.  Әшғарилер жан алқымға келгенде жасалған тәубә қабыл болмайды десе, Матуридилер  бойынша  мұндай  тәубә  қабыл  болады. Бірақ,  Матуридилер пенде жан алқымға келгенде иман етсе, оның қабыл болмайтындығын айтады.

12. Иман. Әшғарилер иманның артып, кемитіндігін қабыл етсе, Матуридилер ондай түсінікке түбегейлі қарсы. Яғни, олардың пайымынша иман артпайды да, кемімейді де.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы