Жұма, 26 Желтоқсан 2014   |   1884 рет оқылды

Мәзхабтардың иман жайындағы көзқарастары

Ислам тарихындағы көптеген мәзхабтардың әрқайсысының ұстанатын жолы мен өзгелерден айыратын ерекшеліктері бар. Сол ерекшеліктердің бастысы иман мәселесінде түрлі пікірлер айтуында. Яғни, иман етуді әр мәзхаб әртүрлі түсінеді. Енді сол мәзхабтардың иман ету жолдарына жеке-жеке тоқталып, әһли сүннет тұрғысынан қарағанда қандай айырмашылықтары бар екендігін айтып өтеміз.

 

а) Иман - жүрекпен бекіту (тасдиқы) дегендердің пікірлері

Әшғари  мен   Матуриди   каламшылары   бойынша, иман,  иман  етілуі  керек  нәрселерді  жүрекпен  тасдиқ ету  (бекіту)   арқылы  болады.  Бұл  пікірді  қолдайтын ғалымдар қатарында  Бақиллани (өл.403/1013), Жууайни (өл.478/1085), Ғаззали (өл.505/1111), Әбул Майн Нәсәфи (өл.508/1115),  Шахристани  (өл.548/1153)  және  Амиди (өл.631/1233) сынды ғалымдар бар еді. Бұл ғалымдар иман – жүректің қуаттауы деген пікірді дәлелдеу үшін көптеген аят пен хадисті  негіз ретінде келтірген.

Аяттан    келтірген    дәлелдері:   «Әй,    пайғамбар! Ауыздарымен:  «Сендік»  деп,  жүректері  сенбегендер мен  Яхудилерден күпірде жарысқандар сені кейітпе- сін» (5.Майда-41).

«Бәдәуилер  «Иман  келтірдік»  деді.  Мұхаммед оларға  айт:  «Сендер  иман  келтірмедіңдер.  Алайда

«Мұсылманболдық» деңдер. өйткені иман жүректеріңе кірмеді»  (49.Хужурат-14).  Бұл  екі  аятта  жүректерінде иманы жоқ кісілердің мумин бола алмайтындығы айты- лады дейді. Сонымен қатар, бұл мәселеде мына аяттар да айқын дәлел болатындығын білдіреді: «Кімде кім әуелі Аллаһқа  сеніп,  кейін  оның  көңілін  күпірлік  билеп кетсе (өз еркімен солай етсе) ол Құдайдың қаһарына ұшырайды, ауыр азап шегеді. Ал егер біреудің мәжбүр етуімен,  еріксіз  істегендер  болса,   жүректегі  сенімі бекем болса, (ол күнәға саналмайды)» (16.Нахыл-106).

«Міне    солардың     жүректеріне     Аллаһ     иман жазған әрі оларды өз жағынан бір нұрмен қолдаған» (58.Мужадәлә-22).

Ал хадистен келтірген дәлелдері төмендегідей:

1. Жоғарыда айтып кеткен Усама ибн Зәйд (өл.54/674) оқиғасына байланысты айтылған хадис. Усама ибн Зәйд ибн Харис бір жорық кезінде мүшріктермен қақтығысады. Сонда Усама ибн Зәйд шайқас үстінде бір адамның басын алмақ болғанда әлгі адам: «Лә иләһә иллаллаһ (Аллаһтан басқа құдай жоқ)», – дейді. Усама оның бұл айтқан сөзіне мән берместен басын шауып тастайды. Себебі, оны әлгі тұтқын өлімнен  қорыққандықтан айтты деп пайымдай- ды. Усама жорықтан  оралған соң болған оқиға жайлы Пайғамбарымызға (с.а.у.) айтқанда, Аллаһ Елшісі ашулы кейіппен: «Өлтірген адамның рас айтып, айтпағанын қайдан  білесің? Әлде оның жүрегін жарып көрдің бе?- дейді».  (Муслим,  Иман-41;  Әбу  Дәуіт,  Жиһад-95;  Ибн Мажа, Фитән-1).

2. Әбу  Хурайраның  (өл.59/679)  риуаяты  бойынша сахабалардан бір топ кісі Пайғамбарымызға келіп былай дейді:

-  Ішімізден  сондай  бір  нәрселер  сезінеміз.  Мұны айтудың өзін үлкен күнә деп санаймыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Шынында да сондай бір нәрсе сезініп жатырсыздар ма? – деді. Олар:

- Иә, - деп жауап берген кезде, Расулуллаһ:

- Бұл иманның дәл өзі, - деп жауап қайтарды. (Мус- лим, Иман – 60).

Бұл хадис иманның жүрекке қатысты бір жайт екен- дігін білдіреді.

3.  Пайғамбарымыз  (с.а.у.)  көптеген  хадистерінде жүрегінде бидайдай яки титтей иманы болған кісілердің соңында жәннәтқа кіретіндігін айтып кеткен. Сондықтан иман  жүректің  ісі,  жүрекпен  қуатталса  жеткілікті  деп есептейді Матуриди мен Әшғари каламшылары.

Жоғарыда иман мәселесінде айтып өткеніміздей, Ха- нафи мәзхабы бойынша мұндай иман жеткіліксіз болып есептеледі.  Себебі,  адам  сенген  нәрсесін  тілімен  айт- пайынша діни тұрғыдан оның кім екендігін біле алмайды. Олай болатын болса  иман етудің бұл жолы Ханафилар үшін толық болып есептелмейді.

 

б) Иман – сенілуі қажет негіздерді жүрекпен білу (мағрифат) дегендердің көзқарастары Жәхм ибн Сафуан (өл.128/745) жағынан құрылған Жахмия мәзхабы бойынша, иман жүректің мағрифатынан тұрады.  Яғни, жүрекпен тасдиқ етпестен (қуаттамай-ақ) Аллаһты және Хазіреті Пайғамбардың айтқан хабарла- рын жүрекпен білсе, сезсе жеткілікті деп есептейді. Бұл дегеніміз,  сіз иман негіздерін жай жүрегіңізбен сезініп, біліп жүрсеңіз болғаны деген ұғымды білдіреді.

Имам Матуриди бұл пікірге мүлдем қарсы: «Иман жүректің біліп қана қоюынан тұрмайды. Себебі, мағрифат сөзінің антонимі - надандық (жахилдік). Ал иман сөзінің антонимі  -  күпірлік.  Егер  иман  мағрифаттан  тұратын болса, надандық, сауатсыздық күпірлік болуы керек еді. Нәтижеде әрбір сауатсыз кісінің кәпір, әрбір ғалым кісінің мумин болуы тиіс. Бірақ, бұл мүмкін емес».

Захири Ибн Хазым (өл.456/1064) бұл мәселе жайын- да өте орынды жауап береді: «Иман жүректің мағрифаты (танып   білуі)   болғанда   яхуди   мен   христиандардың Хазіреті  Пайғамбарды,  шайтанның  Аллаһты  білгендік- тері үшін мумин болулары  керек еді. Бірақ бұл Құран аяттарына қайшы келуде», - дейді.  Шынында да яхуди және  христиан  оқымыстылары  Хазіреті   Пайғамбарды дүниеге келмес бұрын білді. Оның қандай ерекшеліктері мен қасиеттері болатындығын бес саусағындай  білгені сол, тіпті өз балаларынан артық танитын еді. Мысалы, Пайғамбарымыздың  12  жасында  көкесі  Әбу  Тәліппен Сирияға сауда мақсатымен сапарға барғанда Бахира есімді монахтың Пайғамбарымыздың болашақ соңғы пайғамбар екендігін Әбу Тәліпке айтып, оны яхудилерден таса ұстау қажеттігін ескертеді.

 

в) Иман иқрардан (тілмен айту) тұрады дегенді қостаушылардың сенімі

Муржия мен Каррамия мәзхабтары иман негіздеріне сенуде тілмен айту жеткілікті деп, яки иманды жүрекпен бекіту  қажет   емес  дейді.  Олар  бұл  тұжырымдарында Пайғамбарымыздың  алғашқы мұсылмандар үшін айтқан мына хадисіне сүйенеді: «Адамдар Аллаһтан басқа тәңірі жоқ, Мұхаммед оның елшісі деп айтқанға дейін олармен соғысуға әмір етілдім. Қашан бұл сөзді  айтатын болса жаны  мен  малын  менен  құтқарған  болады.  Бірақ  діни жазалар бұның сыртында. Ішкі дүниесінің есебі Аллаһқа қалады» (Бухари, Жихад-102; Иман-17; Муслим, Иман-8).

Асылында, бұл хадистің негізгі мағынасы дүниеде кәлимә таухидті айтқан адамды (тіпті ол кісі мунафиқ болса  да)  өлтіруге  болмайтындығы  турасында.  Себебі, тілімен кәлима келтірген жанды мұсылман деп есептеп, оның ішкі жан дүниесін, жүрегіндегі иманы мен сенімін, ниетін бір Аллаһқа тапсырамыз. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, егер бір кісі сенімін жүрекпен қуаттамай, тек тілімен иман еткенін айтқан болса, ол мунафиқ болады. Өйткені Құранда мұндай иман еткен пенделердің мунафиқ екендігін білдіреді. Егер иман тілмен айту арқылы жүзеге асады десек, онда мунафиқтардың бәрін мүмин деп қабыл етуіміз керек.   Әрине,  мунафиқ пен мүмин үш қайнаса сорпасы қосылмас  қарама-қайшы ұғымдар екені әмбеге аян.

Бұл  мәселе   жайында   Құранда   былай   делінген:

«Адамдардың  кейбіреулері,  екіжүзді  (мұнафиқтар):

«Аллаһқа, ақырет күніне сендік», - дейді. Бірақ олар сенбейді» (2.Бақара – 8).

«(Мұхаммед (с.а.у.)) Саған мұнафиқтар келген кезде:

«Сені анық пайғамбар деп айғақ боламыз» дейді. Сенің хақ пайғамбар екеніңді Аллаһ біледі. Сондай-ақ Аллаһ расында мунафиқтардың мүлде суайт екендігіне куәлік етеді» (63.Мунафиқун-1). (қараңыз: 49.Хужурат-14).

 

г) Иман - сенімін жүрекпен қуаттап, тілімен айту дегенді қостаушылардың ұстанымдары

Әбу  Ханифа  (өл.150/767),  Пәздәуи  (өл.482/1089), Сарахси  (өл.490/1097)  сынды  ғалымдар  мен  Ханафи фиқһшылары бойынша иман ету дегеніміз сенілуі керек болған мәселелерді жүрекпен бекітіп, тілмен айту. Хана- фи  фиқһшыларының «Қаули мәшхур» деп атаған пікір- лері  бойынша иман жүрекпен қуаттап бекіту (тасдиқ) және сенімін тілмен айтудан (иқрар) тұрады. Бұл екеуінің бірі кем  болса, иман еткен болып саналмайды. Себебі, жүректегі сырды адамдар біле алмағандықтан, оны тілі- мен де айтып жеткізуі тиіс. Сонда ғана ол адамға айтқан сөзіне қарап тоқтам жасалады деп, өз пайымдарын ортаға салуда. Дәлел ретінде мына хадисті келтіреді: «Әнас (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  айтты: «Кімде кім  шын  жүрегімен  «Лә  иләһә  иллаллаһ»  деп  айтса және жүрегінде арпа дәнінің салмағындай              жақсылық (иманы) бар болса, ол тозақтан құтылушы.  Кімде-кім

«Лә иләһә иллаллаһ» деп айтса  және жүрегінде бидай дәнінің салмағындай жақсылық (иманы) болса, ол - тозақ отынан құтылушы. Кімде-кім «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтса және жүрегінде тозаңның салмағындай жақсылық болса, ол - тозақ отынан құтылушы»,-  деді»,  (Бухари, Иман-33; Муслим, Иман-84; Тирмизи, Жәһәннам-9).

Ханафилер тілмен айту мәселесін иманның негізі деп емес, тек оның шарты ретінде қабылдайды.

Бір адам иман негіздерін жүрегімен қуаттап, тілімен сенімін айтатын болса, ондай кісіні мумин деп есептеп, мұсылманша қарым-қатынас жасап, артында тұрып намаз оқиды. Сойған малынан жеуге болады, зекеттен жауапты етіледі, өлсе  жаназасы  шығарылады,  мұсылмандардың қабіріне жерленеді. Керісінше иман негіздерін жүрегімен қуаттап,   тілімен  сенімін  айтпаса,  жоғарыда  келтірген әрекеттер жасалынбайды.

 

д) Иман - жүрекпен  қуаттап, тілімен айту және амал ету шарт дегендерді қостаушылар

Харижиттер,   Муғтазила,    Зәйдия    мәзхабтарымен қатар Имам Малик (өл.179/795), Әузаи (өл.157/774), Шафи (өл.204/819), Ахмед ибн Ханбал (өл.241/855), Ибн Хазм (өл.456/1064), Ибн Тәймия (өл.728/1328) секілді ғалымдар мен  хадисшілердің пікірі  бойынша  иман  ету  дегеніміз

- сенілуі  керек  болған  мәселелерді  жүрекпен  қуаттап, сенімін тілмен айту және амал ету. Бұлардың пікірі бойын- ша, осы үш негіздің біреуі кем болса, пенде иман еткен болып саналмайды. Мәселен, амалды жасамаған яки тәрк еткен кісі мумин деген атқа ие бола алмайды.

Харижиттер бойынша, бір адам иман етсе, бірақ амал етпесе, ол мумин емес, керісінше кәпір болады. Себебі, иман етудегі үш негіздің бірі болып саналған амал етуді тәрк еткендігі үшін иманы жарамсыз болып табылады.

Ал  Муғтализа  мен  Зәйдия  мәзхабтарының  діни түсінігі  бойынша,  бір  кісі  иман  негіздеріне  жүрегімен сеніп, тілімен сенімін айтып, амал етпесе, ондай кісі иман мен күпір  арасындағы  фасық (күнәһар) деген дәрежеде болады. Ондай кісіні кәпір де емес, мумин де емес фасық деп   атайды.   Муғтазиланың   бес   қағидасының   біреуі болған  «әл-мәнзиләту  бәйнәл  мәнзиләтәйн»  (екі  мекен ортасындағы бір мекен) қағидасы бойынша амал етпеген кісінің жағдайы осылай болады. Егер де фасық деп аталған кісі  істеген  күнәсі  үшін  тәубе  етпестен  өлетін  болса, о дүниеде мәңгілік тозақта қалады.  Тәубе етсе, мумин болып дүниеден өтеді деген пәтуә береді Муғтазилиттер мен Зәйдиялықтар.

Жоғарыда аты аталған Имам Малик, Имам Шафи, Имам Ахмед ибн Ханбал секілді ғалымдар мен хадисшілер амалды иманның бір бөлігі деп есептегенімен иман негіз- деріне жүрегімен сеніп, тілімен сенімін айтқан, құбылаға бет  бұрған  кісіні  кәпір  деп  есептемеген.  Амалды  тәрк еткендігі үшін  күнәһар болады, бірақ иман шеңберінен шықпайды. Істеген күнәсі үшін о дүниеде жазасын өтеген соң, түбінде жәннәтқа баратындығын қабыл етеді47.

Ал Ханафи мәзхабы бойынша амал ету иманның бір бөлігі  болып саналмайды. Сол себептен олар Харижит, Муғтазила, Зәйдия мәзхабтарының пікіріне қосылмайды. Сонымен қатар аты аталған ғалымдардың «амал иманның бір бөлігі» деген көзқарастарына да қосылмайды. Мұның себебіне төмендегі тақырыптарда тоқталып өтеміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы