Хорасанның əкiмi Абдуллаһ бин Тахир əдiл кісі болатын. Бiр күнi нөкерлерi бiрнеше қарақшыны тұтқындап əкiмнiң алдына алып келедi. Сонда қарақшылардың бiреуi қашып кетеді. Нөкерлер сол түні Нишапур қаласынан үйіне қайтып келе жатқан бір теміршіні қашқын деп тұтқынға алады. Оны да əкiмнiң алдына алып барады. Əкiм олардың бəрiн зынданға тастаңдар деп бұйырады. Кінəсіз темірші осылайша қарақшылармен бірге қамауға түсіп қалады. Ол қамауда дəрет алып, намаз оқиды. Намаз соңында қолын жайып Аллаһқа бы-лай деп жалбарынады: «Ей, жаратушы Раббым! Менi мына жерден құтқар! Менiң кiнəмнің жоқ екенiн жалғыз Сен ғана бiлесiң. Мені мына зынданнан Сен ғана құтқара аласың. Ей, Раббым құтқара гөр.» Əкiм сол түнi түсінде төрт алып дəу келiп, отыратын тағын төңкерейін деп жатқанда оянып кетеді. Дереу, дəрет алып, екi рəкат намаз оқып, қайтадан ұйқыға кетедi. Тағы да əлгi төрт алып дəу келiп, тағын жер-ге құлатпақшы болып жатқанын көріп ұйқысынан шошып оянады. Бұл түстен жазықсыз біреудің қарғысына ұшырағанын түсінеді. 

(Ей Раббым! Сен қандай ұлысың! Ұлылар да, кішілер де қиналғанда тек Саған жалбарынады. Сенен жəрдем сұраған адам ғана мақсат-мұратына жетедi.) 

Əкім дереу зынданның басшысын шақырып: «Қамауда жазықсыз адам бар ма?»- деп сұрайды. Басшы: «Бiлмедiм, бiрақ бір кісі намаз оқып, дұға етiп, көз жасын төгіп отыр»- дейдi. Əкім: «Оны маған алып келiңдер» деп бұйырады. Алып келген соң, тұтқынның жағдайын сұрап, кiнəсiз екенiн түсiнген соң, қатты өкініп кешірім сұрайды жəне мың күміс теңге сыйлайды. Бір жағдай болғанда қысылмай сарайға келуін өтінеді. Сонда темiршi: «Оқасы жоқ кешiрдiм. Сыйлығыңызды да қабыл еттiм. Бiрақ басыма iс түскенде сізге келе алмаймын. Өйткенi мен сияқты бір əлсіздің ақысы үшiн сіздей сұлтанның тағын аударып тастаған Иемдi қойып, қажетімді бір пендеден сұрау құлшылыққа жараса ма? Намаздан кейiнгi дұғаларым менi көптеген қиыншылықтардан құтқарды. Осыны көре тұра қалайша өзгелерге шағымданам? Ол сұраған нəрсеңнiң бəрiн бередi. Сұрауды білмеген əрине ала алмайды. Құзырына əдеппен шықпасаң рахметіне де қауыша алмайсың.»- деп жауап береді. 

Аллаһтың сүйiктi құлдарының бiрi Рабиа Адвия хазрет бiр адамның: «Ей, Раббым! Маған рахмет есiгiн аш!» дегенiн естiгенде, Ол: «Ей, Аллаһтың құлы! Аллаһтың мейiрiм есiгi осы уақытқа дейiн жабық па едi»- деген. (Рахмет есiгi əрдайым ашық болғанымен, рах-мет кiретiн жүрек есiгi əр адамда да ашық бола бермейді! Осы есіктің ашылуы үшін дұға етуіміз керек.) 

Йə, Раббым! Барша адамды қиыншылықтан құтқаратын жалғыз сенсiң. Бiздi дүние мен ахыретте қиыншылықтан құтқара гөр. Мұқтаждардың тілегін беретін тек сенсің. Бұ дүние мен ахыретте бiздi өзiңнен басқа ешкiмге мұқтаж етпе! Əмин!



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы