ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
04/08/2021 84

МИСУАК ҚОЛДАНУДЫҢ ХАДИСТЕГІ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?

Дінімізде мисуак қолдану сүннет амалына жатады. Мисуак – «әрак» (Salvadora persica) атты ағаштың майда бұтақтары не тамыры. Хош иісті бұл ағаштың түрі негізінен Араб түбегі, Батыс және Оңтүстік Азия, Африка аймағында өседі.

Әбу Һурайрадан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Үмбетіме ауыр соқпағанда әр намаздың алдында мисуак қолдануды бұйырар едім» (Бұхари). Жалпы Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мисуакты өзі де жиі қолданатын және сахабаларына да қолдануға кеңес бергені жөнінде хадистер жеткілікті.

Алайда хадис мәтінін сөзбе-сөз үстіртін қабылдап, сүннет аясын мисуак таяқшасымен ғана шектейтін болсақ – онда бұл Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзіндегі көзделген мақсатты толық түсінбегеннің көрінісі. Яғни сүннет амалын тек қана мисуакпен шектеп, одан басқа заманауи құралды қолданып жүргендердің істері сүннетке жатпайды деп есептеу хадистегі негізгі мақсаттан алшақтау.

Айша анамыздан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте: «Мисуак ауыз тазалығы, Раббының разылығы» (Бұхари) делінеді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен сахабалары мисуакты ауыз тазалайтын тіс құралы ретінде қолданған. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және сахабалары сол замандағы өздеріне қолайлы болған құралды пайдаланып, тіс тазалығын, мұсылмандық гигиена талабын орындаған болатын. Демек мұндағы негізгі мақсат – ауыздың тазалығы, тістің саулығы және ауыздағы жаман иісті жойып, хош иіспен алмастыру. Демек қазіргі таңда «әрак» ағашынан алынған мисуак таяқшасы немесе заманауи тіс щеткасы мен пастасын пайдалануға болады.

Біз күнделікті қалтамызға салып жүрген мисуак таяқшасына шаң не ауадағы бактериялар қонуы мүмкін. Денсаулығымызға зиян келмеуі үшін мисуакты өз орнымен пайдаланған жөн. Мұндай жағдайда сауапқа бастар сүннет амалы әрі медициналық тұрғыдан пайдасы да көп болмақ. Осы ретте Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріндегі түпкі мақсаттарды түсіну аса маңызды дүние. Сөздің мұраты сыртқы формасында емес, бәлкім ішкі мән мағынасында жатыр. Ислам шариғатындағы фиқһи қағидалардың бірі: «Істер өз мақсатына қарай». Ғалымдар аталмыш қағида «Білімнің үштен бірін қамтиды» десе, енді бірі «Үлкен бес қағиданың алғысы» деп баға берген. Кейбір амалдарды жүзеге асыру құралдары уақыт ағымына қарай өзгеруі әбден мүмкін. Алайда діни мәтіндегі түпкі мақсаттарды анықтап барып, амал етуіміз қажет.

Жоғарыдағы хадистен алатын ғибрат – мисуак таяқшасының өзі емес, тіс пен иектерінің күтімі, ауыз тазалығы. Себебі Ислам рухани тазалықпен қатар дене тазалығынада ерекше көңіл бөлетін ең асыл дін.

Нұрлан БЕКБОЛАТҰЛЫ,

«Нұр Астана» мешітінің бас имамы