ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
01 Қазан, 2019 8

Болатбек қажы Ұласқанұлы: ҚАРТ ЖҮРГЕН ЖЕР – БЕРЕКЕ!

Адамзаттың жер бетіндегі қай ұлты? Қай мекені болмасын дала заңы ретінде қалыптасып кеткен үлкендерге құрмет көрсету салты ерек. Барлығында дерлік қарттарға деген ілтипат болып, олардан төрелік алып отырған. Соның ішінде қазақи дәстүрімізде «Қартың болса, жазып қойған хатпен тең» – деп қарттарды ерекше құрметтеп, «Қарияның жасын берсін!» деп олардың жасын қасиетті санаған. Дана халқымыздың жазба байлық қорында қалған тәрбиелік маңызы зор сансыз мақал-мәтелдер мен өнегелі сөздердің барлығы осындай данагөй қарттарымыздан қалған. Аузы дуалы қарттарымыздан бата алып, ас беріп, батасымен елді көгертіп отырған. Жастарға өнеге айтып: «Шалды шақыр, асыңа келсін, шалдығына күл, басыңа келсін» – деп шалдардың ақ батасын алумен оларға қызмет көрсетіп жасына жете берудің керемет жоларын көрсетіп отырған. Себебі, Әз, пайғамбарымыздың (с.а.с) Имам Термизи жеткізен хадис шарифінде: «Қандайда бір жас жігіт, жасы үлкен кісіге құрмет көрсететін болса, Алла Тағала ол жігітке қартайған шағында өзін құрметтейтін кісіні тағайындап қояды» – дейді. Демек, қарттарымыз аман болса – біз аман, сыйлы болса – біз жақсы, бізде береке болмақ екен.

Олай болса сол Термизидің басқа бір жеткізген хадисінде: «Егер жасы үлкен қауым көрсеңдер – құрмет көрсетіңдер» – деп бұйырғанындай қарттарымызға деген құрметті барынша аямауымыз керек. Алайда, өкінішке орай, бүгінде сол асыл қарттарымызға құрмет бүгінде сейіліп бара жатқандай. Кешегі де болмаған – қарттар үйі, Келін, бала-шаға алдындағы бүгінгі сөз айталмаған қарттар сыйы әттең-айды айтқызып, бас шайқатады.

Қазақтың «Жас жүрген жер – мереке, қарт жүрген жер – береке» – деген, өне бойыңа өрелі тәрбиені сіңіретін өнегелі сөздері, өшіп-ақ жатқандай. Қарттарына құрметі жоқтың қайдан берекесі болсын, қайдан өшпесін?! Пайғамбарымыз (с.а.с): «Адамдарға мейірімділік көрсетпегенге, Алла мейірімін төкпейді» – деп ескерткен емес пе? Олай болса Алланың мейірімі болмаған жерде қайдан береке болсын? Қайдан іс жүрсін? Қайдан өсіп-өнбекпіз? – деген сауалдар сананы саралап келеді.

Құранда Алла Тағала «Құранның аруы» болған «Әр-Рахман» сүресінің 60-аятында: «Жақсылықтың сыйлығы тек жақсылық қана» – десе, «Әр-Рум» сүресінің 10-аятында: «Жамандық істегендердің соңы, тіпті де жаман болады» – деп ескереді.

Демек, бұл аяттардан түсінетініміз үлкендерге қылған жақсылығымыз, жоғарыда хадисте айтылғандай өзімізге қартайған шақта жақсылық болып оралады. Үлкендерге құрмет көрсету жайлы көптеген аяттар мен хадистер келген. Мақсат сол хадистердің барлығын теріп айту емес, қарттарымызға құрмет ілтипат көрсетуімізге тікелей Құран аяттары мен хадистерде мұсылмандық міндеттемелер келгенін сезіндіру. Дана халқымыздың етене қанымызға сіңіп кеткен үлкенді сыйлау дәстүрін ұмытпауымыз керектігіне шақыру еді.

Пайғамбарымызға (с.а.с) дінді қабылдауға келген бір топ кісінің ішінен сөзге шешендеуі сөз ала бергенде, әз, пайғамбарымыз (с.а.с) «Үлкенге жол бер, үлкенге жол бер» – деп дін қабылдауға келген топқа да алғашқы кеңесінің бірі үлкенге жол беру дініміздің негізі екенін ұғындырған еді. Тіпті мұсылманның бес парызының бірі Намазға сапқа тұрғанда да алдыңғы сапқа үлкендерді шығару сүннет амалы екенін білеміз. Олай болса үйіміздің, еліміздің берекесі болған қарттарға деген құрметімізді асырайық.

Алла қарттарымызға қуат, жүздеріне қуаныш, шаттық бергей!  Әмин!

 

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,

Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы:

Болатбек қажы Ұласқанұлы