ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
27 Қыркүйек, 2019 111

ИТ АСЫРАУДЫҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

Ассаламу алейкум уа рахматуллаһу уә баракатуһ!
Менің  сіздерден сұрайын дегенім, үйімнің ауласында екі ит бар. Біреулер шариғат бойынша үйге, яғни аулаға ит асырауға болмайды дейді. Соған маған нақты жауабын берулеріңізді сұраймын. Ақниет Байғали

Уа алейкум ассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ!
Ит – жеті қазынаның бірі дейді халқымызда. Аңшы мен малшыға ит таптырмас серік. Алайда, оны асырау және тағы басқа күнделікті тұрмыста итке қатысты шариғатта айтылған жайттарды біле жүрген артық етпес.

Ит нәжіс пе?

Шафиғи мен ханбали мәзһабында ит тұтастай нәжіс десе, малики мәзһабындағылар ит мүлдем нәжіс емес дейді. Ал, Ханафи мәзһабы бойынша иттің сілекейі, зәрі және басқа да бойынан шығатын ылғалдықтары нәжіс. Иттің қалған денесі таза, нәжіс емес. Әбу Һурайра (р.а.): «Ыдыстарыңды ит жалаған болса, оны тазалау: жеті рет жуу, алғашқысы топырақпен[1]», – деген хадисін риуаят еткен.

Шафиғи мен Ханбали мәзһабында хадистегідей жеті рет жуу – уәжіп. Оның алғашқысында топырақпен тазалайды. Ал, Маликиде иттің өзі де, сілекейі де таза болғандықтан жеті рет жуу тек мустахаб.

Ханафи мазхабында аталмыш хадисті жеткізуші сахаба өз риуаятына сөзбе-сөз амал етпей, үш рет жуғанын негізге алып, үш рет жуу уәжіп еткен.

Итті асырау.

Фақиһ ғалымдар бірауыздан итті тек қажеттілік үшін асырауға болады деп пәтуа берген. Мәселен, аң аулау, мал мен егінді, қора мен үйді күзету, зағип адамға жәрдемші ету сияқты ит жасай алатын жұмыстар үшін асырауға болады. Итті осы айтылған жұмыстарды үйрету үшін күшікке кезінен асырауға рұқсат.

Итті сату.

Ханафи мәзһабы бойынша итті сатуға рұқсат етіледі. Өйткені, бұл шаруашылықта пайдаланылатын хайуан. Фиқһ кітапта: «Ешбір ихтилафсыз үйретілген немесе жабайы тырнақты құсты сатуға болады. Сонымен бірге, доңыздан басқа, азу тісті ит, гепард, арыстан, жолбарыс, қасқыр, мысық секілді хайуандарды біздің ғұламалар көзқарасында сатуға болады[2]»,-деп айтылған.


[1] Муслим
[2] Кисани, Бадаиғ Санаиғ, 5/142