ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
02/01/2021 190

Мәзһаб –ынтымақ кепілі

Қазір дінге енді ғана бұра бастаған, əлі де діни көзқарасы мен білімі таяз жастар арасында діни мəселеде талас-тартыстар жиі орын алып жатыр. Олар өздерінің білімсіздігі былай тұрсын, діни сауатты имамдармен сөз таластырып, аят-хадис айтып, өз көзқарастарын көпшілікке таңуда.  Біріншіден, дініміз ислам əрбір ақыл-есі дұрыс адам баласына екі дүниеде де ба қытты болудың жолын нұсқайды. Екіншіден, кез келген қоғамның жік-жікке бөлінуін емес, жұдырықтай жұмылып, ынтымақ-берекеде, тату-тəтті тіршілік кешуін қалайды. Үшіншіден, ислам дін ұстанған пендені талас-тартысқа мүлдем шақырмайды . Ал сіздің сұрағыңыздың жауабы өз ішінде тұр. Яғни, діни көзқарасы мен діни білімі таяз жастар ғана дінде талас-тартыс туғызары сөзсіз. Имамдар – қоғамның рухани айнасы. Имамдар – соңғы пайғамбардың ізін жалғастырушы. Пайғамбар жеткізген дінді ғалымдар көрсетіп берген жолмен жалғаушы. Бір имамның кемшілігін немесе діни білімінің төмендігіне қарап, оған құрметсіздік таныту мұсылмандыққа жатпайды. Кез келген саланы алып қарасаңыз, білімі жоғарысы да, білімі орташасы болады. Сондықтан, дін деген осы деп, өзіңді аз біліміңмен жоғары санау немесе тартысқа бару ақылға сыймайды. Білімсіз, əдепсіз талас нəпсіге еруге жол ашады. Нəпсісіне бой алдырған пенде дінге зияндылық əкеледі. Ислам ғалымдары бір-бірлерін жоққа шығару мақсатында пікір таластырмады. Керісінше, бір-бірлерінің білімдерін толықтырып, пікір алмасудың əдебін қалыптастырды. Мына мысалға қараңыз. Имам Ағзам Əбу Ханифаның баласы ғылыми айтыс-тартысты ұнататын еді əрі жат топтардың теріс пікірлеріне еліктеп кете жаздағанда, əкесі оны олардан қайтарып алатын. Сонда баласы əкесіне таңырқай қарап: «Мен сіздің де əр қилы мəселелерде пікір таласып, айтыс атыныңызды көретінмін, ал енді мені содан тыйғаныңыз қалай?» – деп сұрайды. Əбу Ханифа: «Балам-ау! Біздің пікірталастағы сақтығымыз соншалық, төбемізде құс қонып тұрғандай аса мұқияттылықпен сөйлеуші едік. Бəсекелесіміз қателеспей, екеуіміздің де ойымыз бір жерден шықса екен деп тілейтінбіз. Ал сендер бір-біріңнің беттеріңнен алып, қарсыластарыңның қателесіп, тура жолдан адасқанын қалап тұрасыңдар. Есіңде болсын, кімде-кім бəсекелесінің қателесіп, тура жолдан адасқанын қаласа, ол оның діннен шығуын қалағанымен бірдей. Ал серігінің дінсіздігін қалаған адам, сол арам ниеті үшін, əуелі өзі дінсіздер қатарына қосылады», – деген екен. Діни білім алуды қалаған кісі ұстазды дұрыс таңдау керек. Мүмкіндігінше ең білімді, аса тақуа жəне жасы үлкен ұстазға бару қажет. Ал, дініне нағыз жаны ашитын ұстаз шəкірттерін арандатушылыққа, бүлікке, бауырының аяғынан шалуға тəрбиелемейді. Керісінше, білім алудағы əдептерін үйретіп, кішіпейіл, əрнəрсеге байыппен қарайтындай етіп тəрбиелейді. Қазақ: «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп бекер айтпаған. Ал мұндай көркем мінезді жаны діни талас-тартысты қалап тұратын жастардың бойынан таба алмайсыз. Сондықтан, діни білімді интернеттен немесе шынайы танымаған бəзбір шешен шейхсымақтардан емес, Алланың нұры жауған мешіттердегі ұстаздардан дəріс алуға шақырар едім. Өйткені, мешіттен діни сауат ашқан кез келген жастар, уақытын бос талас-тартысқа жұмсамайды. Өзіне, отбасына жəне қоғамға пайдалы дүниелер жасап, алтын уақытын жақсылық əкелуге пайдаланады. Біз өткенімізге ой жүгіртейікші, қазақ даласында дінге қатысты қандайда бір дау орын алған ба? Осы күнімізге дейін бабалар ұстанған жол қандай болды? Соны неге ойламаймыз. Аллаға шүкір, қазақ топырағында дінге қатысты бөлінушілік немесе жамағатшылдық орын алмаған. Себебі, халық та, патша да, шариғат тұрғысында имамның сөзіне құлақ асып, бір мəзһабта, бір жолда болған. Дін қамын ойлаған адамның басты мақсаты бірлік, ынтымақ болуы керек.

Құранда: «Уа, мүміндер! Түп-түгел Алланың жібіне жабысыңдар да, бөлінбеңдер»[1], – дейді. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден сақ болыңдар – деген.

Себебі шайтан жалғызбен бірге, екі адам біріксе шайтан аулақ болады. Сондай-ақ басқа сөзінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім жəннат рақатын қаласа, жамағаттан ажырамасын» – деп, сахабаларына насихат айтқан. ҚМДБ-ға қарасты мешіттердегі имамдардың ұстанымы Құран жəне сүннетте көрсетілгендей, мұсылман үмметінің бірлігін нығайтып, ынтымақта ғұмыр кешу. Имамдардың насихатына құлақ салғысы келмей, қарсы шығушылардың əрекеті мен мақсаты – бүлік қана дер едім. Кейбір жастар өзгелерге «мəзһабпен жүргенше сүннетпен жүр» дегенді айтады.

Осы мəзһаб деген не, сүннет деген не? Қандай айырмашылығы бар? – Иə, бұлар діни сауаты жоқ адамды осындай қитұрқы сауал арқылы жанды жерден ұстағысы келеді. Бұл сұрақ əлгі теріс бағытты ұстанған кейбір бауырларымыз тарапынан қойылып жатады. Қараңызшы, екі жауаптың қайсыбірін таңдасаңыз да ерсі естіледі. Кешегі Сирия жерінде шəһид болған ислам ғалымы Рамазан əл-Бути мұны былай келтіреді: «Мəзһаб» десең сүннеттен тайғандай боласың, «сүннет» де сең мəзһабты сүннеттен бөлек нəрсе еткендей боласың. Алайда негізгі проблема сұрақтың жөнсіз қойылуында ғана жатыр. Бұл жоғарғы оқу орнының құрылымынан хабарсыз адамның, шала-шарпы білгенімен «университетте оқисың ба, əлде факультетте оқисың ба?» деген сұрағы сияқты. Мұның бір ғана жауабы бар: «университеттің пəлен факультетінде оқимын». Екеуін екі бөлек көрсету əсте мүмкін емес. Ал, мысырлық ғалым Мұхаммад Ғазали өзінің мақалаларының бірінде: «Менен адамдардың бірі «Пайғамбарымызға ересің бе, əлде Əбу Ханифаға ересің бе?» деп сұраған кезде, оның сұрағына еріксіз күліп былай деуші едім: «Пайғамбарымыздың сөзіне Əбу Ханифаның түсіндіргені бойынша еремін. Əбу Ханифаның қадірлі болуы өзінің жеке басынан туындаған нəрсе емес. Тек оның айналысқан діни ғылымына жəне пайғамбар (с.ғ.с.) қалдырған жолмен жүруіне ғана байланысты. Бүгінге дейінгі барлық мүжтаһид имамдар да дəл осылай дедім» деп тамаша ой айтады. Сүннет дегеніміз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) салып берген сара жол.

Мəзһаб – дегеніміз сүннеттің сара жолынан таймауға бастайтын мектеп. Демек, мəзһаб ұстану ешқандай адасушылыққа алып бармайды. Халыққа дінді дұрыс ұстануға жəрдем беретін жеңіл жол. Бұл топтың (сəлəфтар, уахабшылар) мақсаты не? Бұлар кімдердің айтқанымен жүреді. Діни білімді кім береді жəне қайда оқытады? – Өмірде жақсы мен жаманның қатар жүретіні ақиқат. Хақ діннің атын жамылып, іштей іріткі тудырып, жек көрінішті көрсету дəл бүгінгі қоғамда өршіп тұр. Діннің оң-солын ажыратуға қазіргі бұқара халықтың діни сауаты жете бермейді. Көшедегі əрбір тақия киген жан молда емес. Дəл сол секілді жылы сөзбен тамылжыта уағыз айтқанның барлығын дұрыс, білімді деп те айта алмаймыз. Міне, сырттай əдемі сөзбен баурағысы келетін ағымның мақсаты – исламның дұрыс əрі кең таралуына кедергі келтіру. Ал қазір əлемде сəлəфия мен уаһабизм сөзі қатар жүреді. Себебі, ағымды «белсенділікке» жетелеген Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың атына балау əлем мұсылмандары арасында орын алған. Ал «уаһһаби – осы ағымның негізін қалаушы Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың көзі тірісінде оның соңынан ерушілерге берілген атау. Уаһһабилік тарихта «харижиттік» əрекет ретінде танымал болған. Өйткені олардың əрекеттеріндегі қатыгездік, өз ұстанымдарына қосылмағандарды «кəпір» деп айыптау əрекеттері харижит ақидасының (сенімінің ) көшірмесі іспетті. Ал қазіргі ислам əлемінде орын алған ахуалға тоқталар болсақ, Мұхаммад ибн Абдулуаһһабқа ерген ағым өкілдері «əһли сунна» жолын ұстанушы төрт мəзһабтың біреуін де ұстанбайды. Əрине, бұл үлкен қателіктері. Қазіргі ағымда жүрген біздің елдегі бауырларымыз да Ханафи мəзһабын мойындағылары келмейді. Алайда кейінгі кездері бəзбіреулері Ханафи мəзһабы дұрыс екен, біз оған қарсы шығудан аулақпыз, ол кісіні Алла рақымына алсын деген пікір айтып жүр. Ал неліктен онда осы жолмен жүрмейсіңдер дей қалсаң, баяғы өздерінің əртүрлі сылтауларын айтып, өз сөздеріне өздері қарсы шығып жүр. Демек, өз еліндегі діни басқарманы жəне ондағы имамдарды тыңдамай, басқа елдегі ғалымдардың соңына еру – тағы да бір ағымға еру деген сөз. Міне, өз жолын саралай алмаған жандар нəтижесінде əһли сунна жолын ұстанушы, дұрыс бағытпен жүретін – ханафи мəзһабын оп-оңай адасушылыққа шығара салады. Ұмытпайық, адасқан ағым орға жығады. – Жалпы осындай жөнсіз пікір-таласқа Алланың кітабы жəне Елшісі не айтқан? Ислам дінінде пікір-таласқа орын бар ма? – Ең алдымен мынаны ұмытпауымыз керек. Кез келген Құран аяты мен пайғамбар хадистері жік-жікке алып баратын тартыстан қайтарады.

 Бұл жайында Қасиетті Құранда былай делінген: «Өздеріне ашық дəлелдер келгеннен кейін (сондай) бөлініп, қайшылыққа түскендер тəрізді болмаңдар. Міне, соларға зор азап бар»[2]. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Таласып-тартыспаңдар, жүректерің таласып-тартысуға бейім болып қалмасын», – деп айтқан. Бұғанасы бекімеген, діни білімі жетілмеген, көркем-мінезі қалыптаспаған жастар бес аят пен он хадис аясында талас-тартыс жасаймын деп жүріп, жүрегінің соған қалай байланғанын білмей қалады. Бұл – болмашы жерден бүлік туғызып, əрбір қылтиғаннан кемшілік іздейтін пендеге əкеп соғады.

         Ал негізінде, Ханафи мазхабы біздің кез-келген мәселелерімізді шешетіндей бай, барша қажеттілігімізді өтейтіндей қолайлы. Себебі, бұл мәзхаб бүгін шыққан тегі жоқ жаңа ағым емес. Тарихы бар, сүйенген негізі бар. Бұл мәзхабпен кезінде бірнеше ислами мемлекеттер, оның ішінде, әсіресе, жеті ғасырға жуық уақыт Осман халифаты басқарылған. Қазіргі таңда да әлем мұсылмандарының жартысына жуығы осы мәзһабты ұстанады. Сондықтан Ханафи мәзхабының сүннеттен дәлелі жоқ, болса да әлсіз деп оған атүсті қарауға, әсте, болмайды. Біз, бұл жерде басқа сүнни мәзһабтарды қателесіп, адасып жүр деуден де аулақпыз. Тек айтпағымыз – еліміздегі мұсылмандар ғасырлар бойы Ханафи Мәзһабын ұстанғандықтан, халық арасындағы ауызбіршілікті сақтау, әрі енді енді намаздарын оқып үйреніп жүргендердің ойын сан-саққа жүгіртпеу үшін халқымыздың үйреншікті мәзһабын насихаттауымыз қажет.  

Кенжебай БЕРІМБАЕВ,

Қазалы ауданы «Жиенәлі ахун» мешітінің имамы

[1] «Əли-Имран» сүресі, 103- аят

[2] «Əли Имран» сүресі, 105-аят