ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
08/16/2019 291

АҚЖАРМА: Жаңа мешіт ашылды

Қасиетті Құрбан айттың соңғы күнінде Сырдария ауданына қарасты Ақжарма аулында 200 адамға арналған мешіттің ашылу салтанаты болып өтті.

Имандылық үйінің көк желегін қию рәсімінде ҚМДБ-ның облыстағы өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы аруақтарға бағыштап құран оқыды.

«Нұр-Отан» партиясы Сырдария аудандық филиалының орынбасары Еркебұлан Жақып сөз сөйлеп, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында халықтық істердің қарқын алып отырғанын тілге тиек етті. Қазір облысымызда 171 мешіт болса, бұған енді Басапа ишан имандылық үйі қосылып отыр. Сонымен бірге ол имандылыққа ұйыған ауылдың ұйтқысы болып отырған кәсіпкер Қайрат Нұрсейітовке алғыс білдірді.

Аталмыш мешіттің бой көтеруіне «Ақжарма и К» шаруа қожалығының төрағасы, кәсіпкер Қ.Нұрсейітов мұрындық болған. «Қызыл Жарты Ай» қорынан көмек алуға қол жеткізіп, елдің қолдауына сүйенген кәсіпкер сауапты істің негізгі салмағын өз арқасына салыпты.

Мұнан соң осы шараға арнайы келген Біріккен Араб Әмірлігі «Қызыл Жарты Ай» қоғамының Алматыдағы өкілі Асим Фадль Мохаммед сөз алды. Ол қазақ елінің дін ісінде өте игілікті жұмыстар атқарып келе жатқанына ризашылық білдірді.

Сонымен бірге Басапа ишан ұрпақтары – еңбек ардагері Ширек Ысқақов, Мұрат Сейітасқаров, Алматбек Әбілқасымұлы секілді кісілер де ыстық лебіздерін білдіріп, сөз арасында Басапа ишанның өмір жолынан деректер келтірді.