ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
10/12/2019 304

Қызылордада қайырымдылық мекемесі ашылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезекті қайырымдылық мекемесі Қызылорда қаласында қолданысқа берілді.

Мекеменің ашылу рәсіміне ҚМДБ «Қайырымдылық және уахып істері» бөлімінің меңгерушісі К.Тұрдыбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов, өкіл имам Болатбек Ұласқанұлы бастаған қала және аудан мешіттерінің имамдары мен жамағаттары, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әбішев, БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты шараға арнайы келген ҚМДБ бөлім меңгерушісі Камалжан Бекбосынұлы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің ыстық сәлемдемесін жеткізіп, Сыр жамағатын қуаныштарымен құттықтады.

Мекеменің салтанатты түрде лентасы қиылған соң, қонақтар ғимарат ішін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. 2 қабаттан тұратын мекеме 45 адамға шақталған және де жатын орны мен тамағы тегін. ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешіті жанынан ашылған мекемеге «Ақмешіт-Сырдария» қайырымдылық жеке мекемесі» атауы беріліп, директоры қызметіне қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы М.Үркімбаев тағайындалды.

Бас мүфтидің тапсырмасына сәйкес, ҚМДБ жанынан қайырымдылық мекемелерінің ашылу мақсаты – ең бірінші тұрмысы төмен және әлеуметтік жағдайы аз қамтылған көпбалалы отбасыдан шыққан жеткіншіктерге көмектесу, жас ұрпақты отансүйгіштікке, мейірімділікке, имандылыққа тәрбиелеу, теріс пиғылды адамдардың арбауына түсудің алдын алу болып табылады.

Мекеме өз қызметінде ҚР Конститутуциясын, Азматтық Кодексін, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы», «Баланың құқығы туралы», «Білім туралы», «Діни қызмет және бірлестіктер туралы» Заңдарын, сонымен қатар аталған мекеме туралы Діни басқарманың шешімімен қабылданған Жарғыны басшылыққа алады.