ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
04/28/2022 62

ҚЫЗЫЛОРДАДА ӨТКЕН ҚАДІР ТҮНІ

Екі жылдық үзілістен соң, іші-сырты жамағатқа толған Сыр мешіттері мың айдан да қайырлы Қадір түні ауызшардан бастап таң намазына дейінгі уақыт аралығында рухани бағдарламалар легін ұйымдастырды.
Аймақтың Бас мешіті – «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде өткен қасиетті түндегі көріністі сипаттар болсақ, алдымен мешіт жанындағы асханада облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаевтың ауызашарымен басталды.
Ауызашарға облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетұлы бастаған жергілікті билік өкілдері, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, имамдар мен зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Бұдан кейін құптан намазы алдында Бас имам Болатбек Ұласқанұлының құттықтау сөзінен соң, тарауық намазы оқылып, Құран түскен шарапаты мол айда оқылып біткен Құран Хатым дұғасы жасалды. Соңынан ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін және тұрақтылық пен бейбітшілік заман үшін дұға етілді.
Сонымен қатар, Бас имам Рамазан айы басталғаннан бастап облыстық мешітте тарауық намазын өткізген Сәдуов Шыңғыс қариға барша жамағаттың атынан алғыс білдіріп, кіші қажылыққа жолдаманы табыстады.
Және де облыстық мешіт жанындағы “Құран жаттау орталығының алғашқы түлегі 13 жасар Мұқамбетқали Қайратты таныстырып, 100 000 теңгелік сертификатпен марапаттады. Осындай ұрпақ тәрбиелеп отырған әкесі Әбдікамал мырзаға шапан жауып, құрмет көрсетті.
Берекелі айдың құрметіне орай ұйымдастырылған «қалалық Құран жарысы», «Рамазан – рухани тәрбие айы», «Өмірімді өзгерткен Рамазан» байқауларының жеңімпаздарын жариялап, барша жамағаттың алдында марапаттады
.
Құлшылық түнінде мешіт имамдарының ғибратты уағыздары айтылып, тәһажжуд, тасбих намаздары оқылды. Және де келушілер арасында викториналық сұрақ-жауап ойыны өткізіліп, белсенді азаматтарға кітап сыйға берілді.
Алла Тағаланың рақымшылығымен сансыз сауаптарға бөленетін түннің көрінісі мешіт атынан 500 адамға берілген сәресі асын ішіп, таң намазын оқумен аяқталды.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі