ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
07/12/2021 101

ҚҰРБАНДЫҚ ОРНЫНА САДАҚА БЕРУГЕ БОЛА МА?

Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айт күндері құрбан шалу бай[1], муқим (жолаушы болмаған), азат мұсылманға – уәжіп.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Ендеше, Раббың үшін намаз оқы да, құрбан шал»[2], – дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  مَنْ كَانَ لَهُ سَعَةٌ وَلَمَ يُضَحِّ فَلاَ يَقرَبَنَّ مُصَلَّاَنَا

«Кімде-кім шамасы бола тұрып құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жоламасын»[3], – деген. Мұндай ескерту уәжіп міндетін орындамаған адамға қаратып айтылады.

Тағы бір хадисте:

 مَنْ ذَبَحَ قَبْلَ الصَّلَاةِ فَلْيَذْبَحْ شَاةً مَكَانهَا وَمَنْ لَمَ يَكُنْ ذَبَحَ فَلْيَذْبَحْ عَلَى اسْمِ اللَّهِ

«Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын. Ал кім шалмаған болса, Алланың есімімен бауыздасын»[4], – делінген.

Сондықтан біздің мәзһабта құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу – міндет[5].

Алайда, сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені, уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді.

Демек, құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап қан шығаруы тиіс.   

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

[1] Бай деп құрбан айт күні өзінің және отбасының негізгі қажеттелігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қарамалы немесе 5 түйесі бар) адамға айтылады.

[2] Кәусар сүресі, 2-аят.

[3] Ахмад риуаят еткен.

[4] Мүслим риуаят еткен.

[5] Радд ул-мухтар, 9/454.