ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
04/26/2020 164

Таршылықта да, кеңшілікте де “таспих” айту

Таспих – Алла Тағаланы кемшілік атаулыдан ада екенін айтып дәріптеу. Оның формалары көп. Ең қысқасы – “Субханалла!”.

Алла Тағала Құранда пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.):

“Олардың осындай күпір сөздерінен көкірегіңнің қарс айырылатынын, қатты қамығатыныңды Біз жақсы білеміз. Ендеше, Раббың кемшілік, мұқтаждық атаулыдан ада әрі мінсіз екенін айтып жар сал әрі Оған мақтау айт! Әрдайым сәжде етушілердің қатарынан табыл”, – дейді.

📕“Хижр” сүресі, 97-98-аяттар

Сондай-ақ, 📕 ”Наср” сүресінде:

“Алланың жәрдемі мен (көптеген жеңістерге жол ашқан) ұлы жеңісі келген кезде, (1) Сондай-ақ адамдардың лек-легімен Алланың дініне кіргенін көргенде, (2) Міне, сонда Раббыңды мадақ айтып ұлықта һәм Одан кешірім тіле… (3)

Біз жоғарыда екі түрлі сүреден аяттар келтірдік. Біріншісінде пайғамбарымыздың (с.а.у.) Мекке мүшіріктерінен естіген қыршаңқы сөздердің себебінен қамығып жүретін болғандығы айтылған. Әрі Алла Тағала оған “таспих” айтуды және сәжде жасап Өзіне жалбарынуды бұйырған.

Екіншісінде, Алла Тағала жуырда Мекке мұсылмандардың қолына өтіп, айналасындағы тайпалардан бастап, адамдардың лек-легімен Ислам қабылдайтынын хабарлайды. Әрі сол кез келгенде де “таспих” айтып Өзіне кешірім тілеп жалбарынуды бұйырады.

Міне, мұсылман адам таршылыққа, қиыншылыққа, тіпті күйзеліс пен уайым-қайғыға тап болса да, кеңшілікке кенеліп, шат-шадыман күйге бөленсе де Алла Тағаланы дәріптеп, ұлықтауы керек!

Оның үстіне, егер бір істі бастасаңыз, сізді сынап-мінейтіндер көбейеді, қателесе қалсаңыз табалайтындар да табылады. Соның бәрі сізге жағымсыз әсер, көңілсіз күй сылайды. Біреулер “Ол сенің самооценкаңның төмендігінен. Самооценкаңды көтер. Ондай сөздерге мән берме” деп кеңес береді. Ал Алла Тағала “Таспих айт” дейді. Өйткені, сіз пендесіз. Сізге кемшілік, қателік т.с.с. нәрселер тән. Ал еш кемшіліксіз тек Алла ғана!

Сол сияқты, арман-мақсаттарыңызға қол жеткізсеңіз де, жан-жақтан сізді жарыса мақтай жөнелетіндер де көбейіп кетеді. Алла Тағала ол кезде де “Таспих айт” дейді. Себебі, мақтау тек Аллаға ғана тән!

@dastan_kurmanbayev