Терең ойлау – пайғамбарлардың ғибадаты, ізгі адамдардың әдеті, Аллаға жақындата түсетін игі амал. Терең ойға бойлаған адам әлемнің жаратылысындағы әсемдікті, табиғаттағы таңғажайып үйлесімді, Жаратушы Алланың бар әрі бір, аса құдіретті екендігін ұғынып, өмірін жақсы істерге арнайды. Бұрынғы ізгілердің «Бір сағат терең ойланып, пікір жүргізу – алпыс жыл құр (ықылассыз) құлшылық жасағаннан артық» деген сөзінде үлкен мән бар.
Алланың әміріне бойсұнуда үмбетіне көркем өнеге қалдырған ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне елшілік жүктелмей тұрған кезде Хира үңгірінде оңаша қалып, терең ойға бататын. Меккені жайлаған надандық, әлемнің жаратылысы жайлы ойға шоматын. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне пайғамбарлық келген соң да бұл ғибадатынан танған емес.
Ислам дінін жүрек қалауымен қабылдаған атабабаларымыз да Алланың құдіретіне терең ой жүгіртіп, ұрпағын имандылыққа ұйытып отырған. Маңғыстау облысына барған сапарымызда киелі өлкедегі көптеген жерасты мешіттерін араладық. Осы сәтте дінді берік ұстанған бабаларымыздың жерасты мешітінде терең ойға шоматын бөлек шағын бөлмелерін көріп, таңғалдық. Аллаға шүкір, терең ойға бойлаған бабаларымыздан қаншама өсиет сөз, рухани мұра қалды.
«Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой!
Бес асыл іс көнсеңіз» деп жырлаған хәкім Абайдың терең ойлау амалын бес асыл істің қатарына жатқызғаны тегін емес. Әрине осы аталған қасиеттердің қай-қайсысын алып қарасақ та, Исламның рухымен астасып жатқанын анық көреміз. Дініміз білімді талап етуге, отбасы мен елдің игілігі үшін аянбай еңбек етуге, терең ойлауға, қанағатшыл, рақымды болуға үндейді. Бұлардың маңыздылығы жайлы аят пен хадистерде көп айтылған. Солардың ішінде терең ойлаудың мәні бөлек.
Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзат баласын терең ойлануға шақырып, Құранда былай әмір еткен: «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Сендерге бар-жоғы бір ғана насихат айтамын: Естеріңді жиыңдар, мейлі жұптасып, мейлі оңаша қалып Алла үшін (менмендік пен сыңарезулікті қойып) шын көңілмен ақылға салып ойланыңдаршы!..» деп айт» («Сәбә» сүресі, 46-аят).
Осы аятқа тәпсір жазған Мұхаммед Әли асСабуни өзінің «Тәпсірлердің таңдаулысы» кітабында былай дейді: «…Сендерге Мұхаммедтің жағдайы жайында ойлануларыңды насихаттаймын. Қолында мынадай мұғжиза кітабы бар адамда жындылықтың ізі де болмайтынын немесе мұндай адамның жынды болмайтынын сендер жақсы білесіңдер. Әбу Хайян: «Аяттың мағынасы мынау: Мен сендерге ақиқатты таба алатын бір нәрсені насихаттап тұрмын. Ол да Алланың разылығы үшін екеуден немесе біреуден тұруларың және Мұхаммедтің және оның алып келген кітабының ахуалын ойлануларың», – деген.
Алла Тағала «екеуден, біреуден» деді. Өйткені адамдар бәрі бірдей жиналып келетін болса, әртүрлі ой айтылып, ойы сан-саққа жүгіреді. Айтқандай, бір топ адамның жиналған дәрісінде осылай болады. Бірақ екеу-екеуден жиналатын болса, біреуден келетін болса, оларға айтылатын нәрсе тез жетеді. Жалғыз адам да жақсы ойлай алатын болса, ақиқатты табады. Міне, Мекке кәпірлері де ойланатын болса, хазірет Пайғамбарға жынды деп айтудың мүмкін еместігін ұғынады. Ешқандай ақылды адам мұндай көзқараста бола алмайды…».
Шын мәнінде саналы адам, ойланған пенде ешқашан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген ақиқатын жоққа шығармайды. Табиғаттың өзі Алланың аса құдіретті екеніне дәлел емес пе? Ауладағы ағаштың көктемде көгеріп, жазда жайқалып шығатыны, күзде жапырақтары түсіп, қыста «өліп», көктемде қайта бүр жарып, «тірілетіні» терең ойланған адамға ғибрат емес пе? Ағаш ешқашан өздігінен «өліп», «тірілмейді». Оны «өлтіріп», қайта «тірілтетін» құдіретті күш бар. Ол – әрине Жаратушы Жаббар Иеміз. Адам да бұл өмірден көшкен соң есеп күнінде қайта тіріледі. Бұл – ақиқат.
Ғалымдардың айтуынша, терең ойланған адам даналыққа ие болады. Терең ойлану адам рухын оятып, Аллаға деген ықыласы мен махаббатын арттырады. Адамның ойлануы артқан сайын білімі кеңейеді, білімі кеңейген сайын амалы көбейеді. Адам Алланың ұлылығы жайлы көп ойланса, Оған қарсы келуден тайсалады. Терең ойлану адамның жүрегіне бір Жаратушының бар екеніне берік сенім орнатып, иманын қуаттайды.
Бір кісіге: «Алланың бар екеніне қандай дәлел айтасың?» – деген сұрақ қойылыпты. Сонда ол даналықпен былай жауап беріпті: «Түйенің тезегі түйенің бар екенін білдіреді. Есектің тезегі есектің бар екенін айғақтайды. Жерде жатқан із жүріп өткен біреудің бар екенін көрсетеді. Ендеше жұлдызға толы аспан, шатқалды-сайлы жер, толқыны таласқан теңіз – соларды жаратқан құдіретті бір Жаратушының бар екенін білдірмей ме?».
Шын мәнінде терең ойланған адам аспан мен жердің арасындағы жаратылыстардың Жаратушысы бар екенін түсінеді. Алла Тағала баршамызды терең ойланып, даналықты бойымызға дарытуды нәсіп еткей! Әмин!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
«Иман» журналы, №12, 2024 жыл