ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
12/28/2020 9

АҢШЫЛЫҚ ӘДЕПТЕРІН БІЛЕМІЗ БЕ?

Аңшылық – адамзаттың көнеден келе жатқан күнкөріс тәсілдерінің бірі. Қыранмен аң аулау, оны баптау, тазы салу – қазақ халқының төл мұрасы.

Халқымызда аңшылықтың жөн-жоралғысын білетін адамдар: аңшы, аңкөс, құсбегі, бүркітші деп аталады. Нәсібін саят құрып іздеген аңшылар қанжығасына түсетін олжаның аулануына мән, адалдығына маңыз беретін болған. Ата-бабаларымыз аң аулаудың: бұлғап (шақырып) ату, итпен аулау, қарды омбылату, құспен аулау, мойын қатыру, мұз қатыру, ор қазып аулау, тасқақпанмен аулау, тормен аулау, түтін салу, ұлып ату тәрізді түрлі тәсілдерін меңгерген.

«Жеті жарғының» 19-бабында: «Аңға салатын итті, құсты (бүркітті) өлтірген адамнан олардың иесі бір құл немесе бір күң беруді талап ете алады», – делінеді. Осыдан да халқымыздың аңшылық өнеріне қаншалықты үлкен мән бергендігі байқалады.

Асыл дініміз Исламда да аңшылық тақырыбы қалыс қалдырылмаған. Шариғатымызда еті желінетін жабайы аңдарға немесе еті желінбесе де терісі, жүні, мүйізі іске пайдаланылатын аңдарға аңшылық қылудың үкімі – мубах[1]. Қасиетті Құранда Алла Тағала:

يَسْأَلُونَكَ مَاذَا أُحِلَّ لَهُمْ قُلْ أُحِلَّ لَكُمُ الطَّيِّبَاتُ وَمَا عَلَّمْتُم مِّنَ الْجَوَارِحِ مُكَلِّبِينَ تُعَلِّمُونَهُنَّ مِمَّا عَلَّمَكُمُ اللهُ فَكُلُوا مِمَّا أَمْسَكْنَ عَلَيْكُمْ وَاذْكُرُوا اسْمَ اللهِ عَلَيْهِ وَاتَّقُوا اللهَ إِنَّ اللهَ سَرِيعُ الْحِسَابِ

«Олар, сенен өздеріне не нәрсенің халал қылынғандығын сұрайды: «Сендерге таза нәрселер халал қылынды», – де. Және де Алланың өздеріне білдіргенін үйретіп, тәрбиелеген жыртқыштарды: Алланың атын айтып (аңға) салсаңдар, сендер үшін ұстағандарын жеңдер»[2], – дейді.

Аңшылықты дінімізге сай атқаруды қалаған адамның келесідей әдептерді білуі тиіс болады.

«Бисмилләһ» сөзін айту

Аңға оқ атарда, үйретілген итті жіберерде: «Бисмилләһ» деп айтуды жумһур ғалымдар шарт екендігін айтқан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ғадди ибн Хатим деген кісіге:   إِنْ أَرْسَلْتَ كَلْبَكَ وَ سَمَّيْتَ فَأَخَذَ فَقَتَلَ فَكُلْ وَ إِنْ أَكَلَ مِنْهُ فَلَا تأْكُلْ فَإِنَّمَا أَمْسَكَ عَلَى نَفْسِهِ

«Егер итіңді жібергенде бисмилләні айтқан болсаң, (аңды) ұстап, бауыздап, оны же. Ал егер (итің) одан жейтін болса, оны жеме. Себебі ол (аңды) өзі үшін ұстағандығы»[3], – деген. Осыған орай аңшылықта «Бисмилләһ» деп айтуды әдейі тастауға болмайды. Әлде біреу оны білмей, ұмытып айтпай кеткен жағдайда, ол аңның еті желінеді. Алайда,  «бисмилләһ» деуді әдейі айтпаған болса, ол аңның еті желінбейді. Өйткені Құранда:

وَلاَ تَأْكُلُوا مِمَّا لَمْ يُذْكَرِ اسْمُ اللهِ عَلَيْهِ وَإِنَّهُ لَفِسْقٌ

«Және Алланың аты аталмағанның (етін) жемеңдер»[4], – делінген.

Аңды шектен тыс мөлшерде ауламау

Аңшылықты сылтауратып жануарларды шектен тыс өлтіруге болмайды. Бұлай істеу табиғатқа зиян тигізіп қана қоймай, адам жүрегіндегі мейірімділіктің кетуіне алып келеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ قَتَلَ عَصْفُورًا عَبَثًا عَجَّ إِلَى اللهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ يَقُولُ يَا رَبِّ إِنَّ فُلَانًا قَتَلَنِي عَبَثًا وَلَمْ يَقْتُلْنِي مَنْفَعَةً

 «Кімде-кім бір торғайды ермек үшін өлтірсе, қиямет күні (ол) үн қатып, Алла Тағалаға: «Ия, Раббым! Расында пәленше деген адам мені пайдасы үшін ауламай, ермек үшін өлтірді», – дейді»[5], – деп айтқан.

Кей ғалымдар: «Аңшылық – өмірге қажеттілік тұрғысынан болса – халал, отбасын қамтамасыз ету үшін болса – мандуб[6], жанды сақтап қалу үшін қажеттілік жағдайда – уәжіп[7],  ермек үшін болса – мәкруһ[8], ешбір ниетсіз жай ойын-сауық үшін болса, ол – харам. Себебі бұл хайуанды себепсіз азаптауға әкеледі[9]», – деп айтқан.

Аңшының мұсылман болуы

Ұсталған аң етінің желінуі адал болуы үшін аңшының мұсылман не кітап иелерінен болуы керек.  Құранда:

وَطَعَامُ الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ حِلٌّ لَّكُمْ وَطَعَامُكُمْ حِلٌّ لَّهُمْ

«Сендер үшін кітап берілгендердің (христиан, яһудилердің бауыздаған) тамағы халал етілді. Сендердің тамақтарың да оларға халал етілді»[10], – делінеді.

Отқа, пұтқа, күнге т.б. дүниелерге табынатындар ұстаған аң етінен мұсылмандардың жеуіне болмайды. Егер мәжуси адам мұсылманмен бірге аңға шығып, итін бірге жіберсе, бірге мылтықтан оқ атса, алайда аңға кімнің иті бірінші барып жарақаттағанын, кімнің оғы бірінші тигенін білмейтін болса, аңға шығып, итін бірге жіберсе, бірге мылтықтан оқ атса, алайда аңды кімнің иті бірінші барып жарақаттағанын, ондай аңның да еті желінбейді. Себебі мубах пен харам ортақтасар болса, ықтияттылық үшін харамға басымдылық беріледі. Осыған ұқсас үйретілген ит пен үйретілмеген ит,  Алла Тағаланың есімі айтылып жіберілген ит пен Алланың есімі әдейі айтылмай жіберілген ит ортақтасқандағы жағдайдың үкімі де дәл осындай болмақ.

 Аңға салатын иттің үйретілген болуы

Аңға салатын ит үйретілген болуы тиіс. Үйретілген деп – аңды ұстағаннан кейін өзі жемей иесін күтіп тұратын, иесі шақырған уақытта қайтып келетін итке қатысты айтылады. Құран аятында: 

وَمَا عَلَّمْتُم مِّنَ الْجَوَارِحِ مُكَلِّبِينَ تُعَلِّمُونَهُنَّ مِمَّا عَلَّمَكُمُ اللهُ فَكُلُوا مِمَّا أَمْسَكْنَ عَلَيْكُمْ وَاذْكُرُوا اسْمَ اللهِ عَلَيْهِ وَاتَّقُوا اللهَ إِنَّ اللهَ سَرِيعُ الْحِسَابِ

«Және де Алланың өздеріне білдіргенін үйретіп, тәрбиелеген жыртқыштарды Алланың атын айтып (аңға) салсаңдар, сендер үшін ұстағандарын жеңдер»[11], – делінген. Иесі келгенінше аңды өзі жесе, алып қашса, ондай иттің ұстаған аңының еті желінбейді. Жоғарыда келген хадисте де осы жайт баяндалып:

 إِنْ أَرْسَلْتَ كَلْبَكَ وَ سَمَّيْتَ فَأَخَذَ فَقَتَلَ فَكُلْ وَ إِنْ أَكَلَ مِنْهُ فَلَا تأْكُلْ فَإِنَّمَا أَمْسَكَ عَلَى نَفْسِهِ

«Егер итіңді жібергенде бисмилләні айтқан болсаң, (аңды) ұстап, бауыздап, оны же. Ал егер (итің) одан жейтін болса, оны жеме. Себебі ол өзі үшін ұстағандығы»[12], – деп айтылған.

Бірақ бүркіт, сұңқар, қаршыға, ителгі сияқты жыртқыш құстар иесі келгенінше ұстаған аңының етінен жесе де ол аңның етін жеуге болады.

 Қолға тірі түскен аңды бауыздау

Аң жарақаттанғаннан кейін аңшы барғанынша өліп кетсе, бауыздамаса да оның етін жеуге болады. Ал тірідей қолға түскен жағдайда, оны «Бисмилләһ» сөзін айтып бауыздау шарт. Аңшы итті не құсты жібергеннен кейін немесе мылтықты атқаннан соң өзге шаруамен шұғылданып кетпей, аңды бауыздау үшін оның ізіне түсіп, артынан баруы қажет. Ханафи мәзһабының көзқарасында аң жараланғаннан кейін бір күн не жарты күн өмір сүре алатындай халде болып, алайда бауыздалмай өлген жағдайда оның еті желінбейді. Себебі, аңшының бауыздауға жағдайы бола тұрып, бауыздамағаннан кейін ол өздігінен өлгеннің үкіміндей болады[13]. Құран аятында:

حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةُ وَالدَّمُ وَلَحْمُ الْخِنْزِيرِ وَمَا أُهِلَّ لِغَيْرِ اللهِ بِهِ وَالْمُنْخَنِقَةُ وَالْمَوْقُوذَةُ وَالْمُتَرَدِّيَةُ وَالنَّطِيحَةُ وَمَا أَكَلَ السَّبُعُ إِلاَّ مَا ذَكَّيْتُمْ وَمَا ذُبِحَ عَلَى النُّصُبِ وَأَنْ تَسْتَقْسِمُوا بِالأزْلاَمِ ذَلِكُمْ فِسْقٌ

«Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды. Бірде буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал – арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздағандарың басқа. Және тігілген тасқа (пұтқа) арнап бауыздалған мал әрі оқтар арқылы талай сынауларының (бал ашуларың) да арам етілді. Бұларың бұзықтық»[14], – делінген.

Қолға түскен балық «бисмилләһ» деп айтылмай, бауыздалмай өліп қалса да желіне береді. Тек суда өздігінен өлген балықты жеуге тыйым салынған. Себебі, бұндай жағдайда балық аурудан өлген болуы әбден мүмкін. Ал балықтың: құрғақшылық пен қатты суықтың болуы, ауға түсіп қалуы, найзағай тиюі сияқты өлу себебі белгілі болған жағдайларда желінуі рұқсат. Абдулла ибн Омардан жеткен хадисте  Пайғамбарымыз  :  

أُحِلَّتْ لكم مَيْتَتَانِ وَدَمَانِ فَأَمَّا الْمَيْتَتَانِ فَالْحُوتُ وَالْجَرَادُ وَأَمَّا الدَّمَانِ فَالْكَبِدُ وَالطِّحَالُ

«Сендерге екі өлік және екі қан адал етілді. Екі өлік дегенім – балық пен шегіртке, екі қан дегенім – бауыр мен көкбауыр»[15], – деген.      

Аңның жарақаттан өлуі

Аңшылықта қолға түскен аң жарақаттан өлуі тиіс. Ал үйретілген ит немесе құс аңды ешбір жарақаттамастан ұрып, тұншықтырып, қорқытып өлтірсе, ол аңның еті желінбейді. Себебі аңшылықта жарақат – бауыздаудың үкіміне жүреді. Аң ешбір жарақатсыз, қан ақпастан өлсе, бауыздаусыз арам өлген болады.

 

 Ихрамдағы кісінің аң ауламауы

Ихрамға кіру – қажылық өтеушінің умра не оның екеуін де орындауды ниет еткенін жариялап, ихрам киімін киюі, сонымен қатар белгілі бір тыйымдар мен шектеулерге байланысты жағдайға енуі[16]. Ихрамдағы адамға еті желінетін және еті желінбейтін түз аң-құс түрлерін аулауға тыйым салынады. Ол турасында Құранда: 

يَا أَيَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لاَ تَقْتُلُوا الصَّيْدَ وَأَنْتُمْ حُرُمٌ وَمَن قَتَلَهُ مِنْكُم مُّتَعَمِّدًا فَجَزَاءٌ مِّثْلُ مَا قَتَلَ مِنَ النَّعَمِ يَحْكُمُ بِهِ ذَوَا عَدْلٍ مِّنْكُمْ هَدْيًا بَالِغَ الْكَعْبَةِ أَوْ كَفّارَةٌ طَعَامُ مَسَاكِينَ أَوْ عَدْلُ ذَلِكَ صِيَامًا لَّيَذُوقَ وَبَالَ أَمْرِهِ عَفَا اللهُ عَمَّا سَلَف وَمَنْ عَادَ فَيَنْتَقِمُ اللهُ مِنْهُ وَاللهُ عَزِيزٌ ذُو انْتِقَامٍ

«Әй, иманға келгендер! Ихрамда болған кездеріңде аңдарды өлтірмеңдер. Сендерден кім оны әдейілеп өлтірсе, оның жазасы (өтемі) – өлтіргеніндей бір мал. Оны сендерден екі әділ кісі Кағбаға баратын бір құрбанды үкім етеді. Немесе ісінің кәффараты – міскіндерді тамақтандыруы не оның орнына ораза ұстауы. Бұл істегенінің жазасын татуы үшін. Алла өткенді кешірді. Ал кім қайтадан істесе, Алла оны жазалайды. Алла – бәрінен Үстем, жазалау күшіне Ие»[17], – деп баяндалған.

Алайда, қой, ешкі, сиыр, түйе, тауық сияқты қолда ұстайтын жануарларды союға тыйым салынбайды. Өйткені бұлар түз аң-құсына жатпайды. Сол сияқты теңіз хайуанаттарын аулауға да тыйым жоқ. Жоғарыдағы аяттың жалғасында:

أُحِلَّ لَكُمْ صَيْدُ الْبَحْرِ وَطَعَامُهُ مَتَاعًا لَّكُمْ وَلِلسَّيَّارَةِ وَحُرِّمَ عَلَيْكُمْ صَيْدُ الْبَرِّ مَا دُمْتُمْ حُرُمًا وَاتَّقُوا اللهَ الَّذِي إِلَيْهِ تُحْشَرُونَ

«Сендерге (жергіліктілерге) және жолаушыларға пайдалануларың үшін (ихрам кезінде) теңіз аңы мен тағамдары рұқсат етілді. Ал, құрлықтағы аң ихрамда болған кездеріңде, сендерге тыйым салынды. Өздерің алдына жиналатын Алладан (Оның жазасынан) қорқып, сақтаныңдар»[18], – делінген.

Ихрам күйінде адамға зиян келтіретін жануар мен жәндік түрлерін өлтіруге де рұқсат етіледі.  Айша анамыздан жеткен хадисте:

خَمْسٌ فَوَاسِقُ يُقتَلْنَ فِي الْحِلِّ وْالْحَرَمِ: الْحَيَّةُ وَالْفَأرَةُ وَالْغُرَابُ الْأَبْقَعُ وَالْكَلْبُ وِالْحِدَأَةُ

«Бес нәрсе – зиянкестерден. Оларды кәдімгі жағдайларыңда да, ихрамда да өлтіріңдер. Олар: жылан, тышқан, теңбіл қарға, қабаған ит және кезқұйрық»[19], – деп айтылған. Ғалымдар бұл хадис мәтінінде айтылмаса да, адамға зиян келтіретін өзге жануарларды да өлтіруге рұқсат екендігін айтқан.

Ихрамдағы кісінің аулаған аңы «өлексе» деп танылады. Оның еті желінбейді, сатуға да рұқсат етілмейді. Ихрамдағы кісіге: жай адамның аң аулауына жәрдемдесуіне, жол көрсетуіне, сатуына, сатып алуына, сыйлық қылып қабылдауына да болмайды. Абдулла ибн Аббастан жеткен хадисте:

عَنْ الصَّعْبِ بْنِ جَثَّامَةَ اللَّيْثِي أَنَّهُ أَهْدَى لِرَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ حِمَارًا وَحْشَيًّا وَهُوَ بِالْأَبْوَاءِ أَوْ بِوَدَّانِ فَرَدَّهُ عَلَيْهِ فَلَمَّا رَأَى مَا فِي وَجْهِهِ قَالَ إِنَّا لَمْ نَرُدَّهُ عَلَيْكَ إِلَّا أَنَّا حُرُمٌ

«Сағб ибн Жәссама әл-Ләйси бір құлан аулап, оны Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сыйлайды. Пайғамбар әл-Әбуа не Уаддән деген жерде болған еді. Алланың елшісі  құланды оған қайтарып берді. Сағбтың көңілі түсіп кеткенін байқап: «Егер біз ихрамда болмасақ, оны саған қайтармас едік», – деді»[20], – делінген.

Жай кісі аулаған аң етінен ихрамдағы кісінің жеуіне болады. Тек ихрамдағы кісі аңды ұстауға жәрдемдесу ниетімен жай адамға жол сілтеп көрсетпесе болғаны. Әбу Қатаданың баласы Абдулла жеткізген хадисте: «Әбу Қатада бір топ ихрамдағы кісілердің арасында болады, бірақ Әбу Қатаданың өзі ихрамда емес еді. Ол аңшылық жасап, бір құланды қолға түсіреді. Сонда ихрамдағы адамдар Алла елшісінен  оны жеудің үкімі жайлы сұрайды. Алланың елшісі олардан: «Сендерден біреу оған аңға жол сілтеді ме? Немесе сендерден біреу оған бұйырды ма?» – деп сұрайды. Олар: «Жоқ, Алланың елішісі!» – дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Онда жей беріңдер» – дейді»[21].

Аңшылық – өнер ғана емес, жөні мен әдебі, обалы мен сауабы бар үлкен жауапкершілік. Ата-әжелеріміздің сапарға, яки қонаққа кеткен жанның артынан: «Аңшының кешіккеніне сүйін» деп, үмітпен, сүйсіне күтетіні бар еді. Бұл сөздің де астарынан аңшыға деген құрметтің лебін сеземіз.  Халқымызда одан бөлек аңшылыққа қатысты мақал-мәтелдер мен өлең-жырлар аз емес. Ата-бабамыз аңшылықты құмарға айналдырмаған, аң-құсты бекерге қырып-жоймаған. Айдын көлде балапан ерткен үйрек-қазды, жапан далада құралайы бар киікті, елік пен ақбөкенді атпаған, қонжығын ерткен кірекейге тимеген. Ілгері буынның осындай ірілігін үлгі тұтып, құр құмарлық пен құлқын үшін аң-құсты аяусыз қырудан сақтансақ екен.

Думан Сайфулла,

ҚМДБ «Уағыз-насихат» бөлімінің маманы

[1] Мубах – шариғат тыйым салмаған және бұйырмаған істер. Оны істегені үшін сауап алмайды және істемегені үшін жазаланбайды. http://fatua.kz/kz/post/view?id=453

[2] «Мәйдә» сүресі, 4-аят;

[3] «Нилу әл-әутар» 8/134;

[4] «Әнғам» сүресі, 121-аят;

[5] Насаи (4446), Ахмад (19470);

[6] Мандуб – құпталатын амал. Шариғатта орындалуы абзал, орындамағаны үшін сөгіс алмайтын амал. Қара: сүннет, нәпіл. http://fatua.kz/kz/post/view?id=453

[7] Уәжіп – шариғатта орындауға міндетті, орындамаған жағдайда күнә, істесе сауап алатын істер. http://fatua.kz/kz/post/view?id=460

[8] Мәкруһ (макруһ) – шариғат тыйым салмаған, бірақ оны істеуді құптамайтын ұнамсыз амалдар. http://fatua.kz/kz/post/view?id=453

[9] Д. Уаһбату әз-Зухайли, «Әл-фиқһу әл-исләмияту уә әдилләтуһу», 3-том, 684-бет

[10] «Мәида» сүресі, 5-аят

[11] «Мәида» сүресі, 4-аят

[12] «Нилу әл-әутар» 8/134

[13]  Д. Уаһбату әз-Зухайли, «Әл-фиқһу әл-исләмияту уә әдилләтуһу», 3-том, 688-бет

[14] «Мәидә» сүресі, 3-аят

[15] Ибн Мажа (3218)

[16] www.fatua.kz

[17] «Мәидә» сүресі, 94-95-аяттар

[18] «Мәидә» сүресі, 96-аят

[19] Бұхари (3314), Муслим (1198)

[20] Бұхари (1825), Муслим (1193)

[21] Бұхари (1823), Муслим (1196)