ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
08/15/2022 8

АҚЫРЗАМАНДА МӘДІНІҢ ШЫҒУЫ ХАҚ ПА?

АҚЫРЗАМАНДА МӘДІНІҢ ШЫҒУЫ ХАҚ ПА?Құранда имам Мәді және оның келуі жайында ештеңе айтылмаған. Бірақ Әбу Дәуіт, Термизи, Ибн Мәжа, Табарани, Әбу Яғла, Бәззаз, Ахмад ибн Ханбал секілді хадис ғалымдары ұлық сахабалардан Имам Мәді туралы біраз хадистер жеткізген. Оның бірінде Имам Мәдінің есімі ашық баяндалса, басқаларында астарлап айтылған. Ибн Халдун секілді кейбір ғалымдар ол жайында келген хадистерді әлсіз деп санаған. 

Діни дереккөздерде ол туралы былай баяндалады: «Ақырзаман жақындағанда Мекке мен Мәдина жерінде имам Мәді пайда болады. Яғни бір халифа қайтыс болып, мұсылмандар арасында тәртіпсіздік болады. Мәдиналық бір кісі Меккеге қашып шығады. Меккелік бір топ адам оны қарсы алып, өзі қаламаса да оған Рүкін мен Мақам арасында байғат береді. Міне, сол кісі имам Мәді болады.

Ол Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасы хазірет Әлі мен Фатима анамыздың баласы имам Хасанның нәсілінен (Алла оларға разы болсын) болады. «Мәді» (мәһди) деген сөз «тура жолда жүрген және басқалардың тура жолмен жүруіне себепші» деген мағынаны білдіреді.

Имам Мәдіге қарсы Шам өлкесінен әскер жіберіледі. Мекке мен Мәдина арасында оларды жер жұтады. Бұл хабарды естіген Шам мен Ирақ өлкесінің ұлық кісілері келіп, имам Мәдіге қол тапсырады.

Кейін ол Құддыс мешітіне барады. Сол сәтте Тажал да келеді. Артынан Шам өлкесінің Дамаск қаласындағы шығыс мұнарасына Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар түседі. Ол да Тажалмен соғысуға келеді. Екеуі бірге Тажалды өлтіреді. Сосын екеуі намаз оқығанда Иса пайғамбар имам Мәдіні имамдыққа шығарады (Шарх китаб әл-фиқһ әл-акбар, 191-192 беттер).

Имам Мәді адамдар арасында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін жария етеді. Сөйтіп Ислам діні жер бетіне толық орнығады. Имам Мәді жомарт кісі болады. Ол бар мал-дүниені халыққа таратады, оны санамайды. Ол жеті жыл халифа болады. Қайтыс болғанда мұсылмандар оның жаназасын оқиды».

Әһлі сүннет уәл жамағат өкілдері Имам Мәдінің шығуына сенеді. Оның шығуын жоққа шығарған адамды кәпір деп санамайды.

 

Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ,

«Мұнара» газеті, №22, 2021 жыл