ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
08/12/2020 36

АБАЙДЫҢ ДІНИ ТАНЫМЫ

Технократия дендеп еніп, жаһандану белең алған заманда озық қоғам мен озат адам қалыптастырудың басты құралы бар, ол – дін. Дінсіз мемлекет, дінсіз қоғам жоқ. Себебі әрбір ұлттың ұлттық құндлығы белгілі бір сеніммен ұштасады. Сол сеніммен адамдар бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір-бірінің жанын ұғынады. Туыстық болмаса да, сенімдік жақындығы артып, ұлттық бірлік қалыптасады. Осы ретте дана Абайдың ұлтымызға қосқан зор еңбегі әлі күнге ұлттың ұлы руханиятына айналып келеді. Кез келген қазақ сөзіне Абайдың сөзін арқау етіп, әсемдеп жатады. Себебі Абайдың қайсы бір сөзін алмайық қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерімен ұштасып жатыр.  

Халқымыздың дара туған дана перзенті Абайдың абырой-беделі көзі тірісінде-ақ біраз жерге жетсе, бүгінде түрлі тілге аударылып, әлемнің кітап сөрелерінен еркін орын алып, қазақ елінің даңқын асқақтатып отыр.

Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен ерекше көзге түскенін баршамыз білеміз. Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесіңде 3 жыл білім алғаны, әкесі оны ел билеу ісіне араластырып, адалдық пен парасаттылықты үйретіп, ел үшін барынша қызмет етуді ұғындырғаны болар, әрбір сөзі қазақтың тәрбиелі болашағын жыр етеді. Ахмет Байтұрсынұлы Абайдың тұлғалығын сөз етіп: «Он бес жасында-ақ балалық қылмай, үлкендердің қатарына кіре бастаған. Жиырма жасында ел ішіндегі белгілі бір шешені атанған. Зеректікпен естігенін ұмытпаған. Ел ішіндегі сақталған қазақтың бұрынғы өткен билерінің билігі, шешендерінің сөйлеген сөзі, көсемдердің істеген ісі, үлгілі сөздер, ұнасымды әзілдер, мақалдар, мысалдар сияқты нәрселерді Абай көп біледі екен» деп айтуы Абайдың даналығын паш етеді.

Абайдың шығармалары оның Ислам шариғатымен өмір сүрген мұсылман, иман негіздеріне сенген мүмін екенін көрсетеді. Дін саласында Абайдың қосқан сүбелі еңбегінің бірі – оның қара сөздері. Ондағы пікірлер дінге томпақ келмейді, қайта үндесіп сабақтасып жатыр. Кейбір сөздері бір ғана діни мәселелерді қозғаса, енді бірінде тағдыр, иман, ақыл, ғибадат, тіпті қалай дәрет алу керектігіне дейін тоқталады.

«Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны яки иман десе керек» деп шариғатымызда ең басты негізгі ілім саналатын  сенім ілімі жайлы айтады.

Қасиетті Құранда: «(Мүміндерге): «Көкіректеріңдегіні (ниет-пиғылдарыңды) жасырсаңдар да, жария етсендер де, бәрібір, Аллаһ тағала бәрін біледі. Сондай-ақ, Ол – жеті қат аспан мен жердегінің бәрін біледі. Аллаһтың құдіреті бәріне толық жетеді» – деп айт» («Әли Имран» сүресі, 29-аят) делінгендей, иманға тек пайдакүнемдік мақсатпен немесе елге жақсы көріну ниетімен келуді құптамайды. Ол адам өмірінің мәні сеніммен тікелей байланысты екенін алға тартады.

Ұлтқа дін қандай керек болса, сенімге, дінге ғылым соншалықты маңызды екенін жиі айтады. «Ғылымсыз оқылған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж ешбірі ғибадат орнына бармайды» дейді. Ғылымның бір аты – ақыл. Қысқасы ғылым Жаратушының адамға дүниені тану үшін жаратқан құралы екенін аңғартты. Исламға қатысты мұндай терең мағыналы ойларды Абайдың қара сөздерден көптеп табуға болады. Отыз сегізінші қара сөзінде: «Адаспай тура іздеген хакимдер болмаса, дүние ойран болар еді» деп, дінді дұрыс білмесең, ақиқатын ізденбесең, соқыр сеніммен дүние ойран болатынын кесіп айтып отыр.

Он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен. Не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деп нағыз шариғи нұсқау айтқаны да Абайдың дініне беріктігін білдіреді.

Қорыта айтқанда, Абай Құнанбайұлы – ұлт руханиятының жарқын шамшырағы мен көрнекті тұлғасы, Ислам ілімі мен ахлағын еліне насихаттаған, ойшыл ұстаз. Абайдың шығармалары мен дүниетанымға деген көзқарасы, халқымыздың Ислам құндылықтарын танып білуі үшін рухани негіз болары хақ.

Абайдың қара сөздеріне ой жүгірткен жан, хәкімнің Қасиетті Құран мен хадистерді басшылыққа ала отырып, ғұмыр кешкеніне, өзі жинақтаған ілімін кейінгілерге ұлағат етіп қалдыруға тырысқан даналығы баршамызға ұмытылмас өнеге болса деп тілеймін.

Болатбек АБУОВ,

Қызылорда облысының бас имамы