ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
03/29/2021 186

Қайырымдылық- қазақ  құндылығы

 

 Қайырымдылық  –  қоғамның біртұтастығын қамтамасыз ететін төте жол, ел-халықтың әлеуметтік жағдайын сақтаудағы маңызды рөлге ие асыл іс.

           Қасиетті Құран Кәрімде: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» («Сәбә» сүресі, 39), деген аят бізге Алланың разылығы үшін жасалған әрбір қайырымдылық –  көмегіміз бізге Раббымыздан  еселеп қайтарылатындығын  ұғындырады.

                Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бес нәрсенің қадірін біл. Олар: Өлімнен алдын өмірдің, ауру келмей денсаулықтың, әурешіліктен бұрын бос уақыттың, кәріліктен  бұрын жастықтың, кембағалшылықтан бұрын байлықтың қадірін біл» ,- деген. Орасан зор болмаса да, азын-аулақ табысының өзін өзгелермен бөлісіп жүретін жаз дидарлы жандарды көргенде,  жүрегің жібіп сала береді. Сауапты істің сан соқтырмайтынын білетін елдің бір бөлігі қолындағы барын бөлісіп келеді.

               Дана халқымыз да:

“Өзін ғана ойлаған,

Жамандықтың белгісі.

Өзгені де ойлаған,

Адамдықтың белгісі.” ,- деу арқылы бізге адамгершіліктің түп негізі қайырымдылықта екенін ұғындырады. Демек,  пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» – деген сөзін  біз ұмытпай, жас ұрпаққа жақсылап жеткізуіміз керек. 

          Қазақ халқы ежелден жомарт­тығымен танылған. Ұлтымыздың ұлы ұрпағы да ата дәстүрді жалғас­тырып, тұрмысы төмен отбасыларын, жетім-жесірді қолдан келгенше демеп, жығылғанға жылулық сыйлап жүрген жайы бар. Осындай игі шаралар көбейсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

          Имам Ахмад (р.а.) жеткізген хадис-шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады» ,- деген.

          Жоғарыда айтылған жауһарларды тілге тиек етіп отырған себебіміз, осы өмірде қандай да бір игілікті, қайырымды істеріміздің қарымтасы – барлық мүліктің иесі Алла Тағаланың беретін сыйы екенін жадымыздан шығармай, соған амал етуге қолдан келгенше атсалыссақ, “он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жер – соқпақ,  мың адам жүрген жерде даңғыл жол қалады.”,-дегендей, жақсылықты  жаюда біз бен сіздің рөліміз орасан. Алла Тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін! 

Нұрболат ҒАБИТҰЛЫ,

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы,

«Ораз- Мұхаммед» мешітінің бас имамы