ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
01/18/2022 82

Алкогольсіз сыра харам ба?

Сұрақ:
«Ассалаумағалейкум! Алкогольсіз сыра (сыра сусындарын) ішуге бола ма?
Кейде адам баласы Алла Тағаланың мыңдаған халал тағамы тұрғанда неге соның ішінен санаулы харамына құмар болып тұрады? Әрбір күнә өзінен кейінгі үлкенірек күнәның хабаршысы. Күнәлар баспалдақ тәрізді бірінен соң бірі жетелеп күпір жарына түскенге дейін пендені жетелей бермек.
Жалпы сыра деген не нәрсе өзі? Оның шыққан жері, ата-тегі не? Сыра әу баста шыққанда харам болып шыққан. Бұл сауал маған «құлағалы тұрған үйде тұруға бола ма?» дегендей естіледі.
Құранда Алла Тағала зинаға қатысты «зина жасамаңдар» демейді. «Зинаға жақындамаңдар» деп бұйырады. Өйткені зинаға жақындаған адам кез-келген сәтте соның арбауына түсіп қалуы мүмкін.
Исламда «Сәд зара′ и» деген қағида бар. Бұл қазақ тілінде «харамға жетелейтін кез-келген нәрседен қашық тұру» дегенге саяды. Ендеше, сіздің «алкогольсіз сыраңыз» да осыған ұқсайды. Яғни сол сырада спирт болмағанымен, ішкен адамды мас қылмағанымен бұл сыра түбінде өзінің тегіне тартып, сізді сол еліне қарай жетелеуі мүмкін. Бүгін алкогольсіз сыраны ішкен күн ертең кәдуілгі сыраны ішпесіне кім кепіл?!
Алкогольсіз сыра тек ГОСТ, яғни мемлекеттік стандарт бойынша алкогольсіз болып табылады. Шариғат бойынша алкогольсіз сусын деп, құрамында мүлдем алкоголі жоқ сусынды айта аламыз. Мұндай сусындардың рұқсаты екі фактормен анықталады:
▪️бұл сусынды ішу адамды мастық күйге жеткізе ме, жоқ па;
▪️бұл сусынның түрі қоғамда қалай қабылданады. Егер сусын мастық күйге жеткізетін зат ретінде белгілі болса, онда оған автоматты түрде тыйым салынады. Себебі оны қолдану, тіпті алкогольсіз түрінде болса да, фитнаға әкелуі мүмкін.
Сондықтан алкогольсіз сыраны шыққан тегіне қатысты «Сәд зара′ и» қағидасы тұрғысынан харамға жатады.
Ең дұрысы Аллаға ғана мәлім!
©Отбасы ғылымхалы