ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
10/26/2020 23

АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ ҚАНДАЙ МҰҒЖИЗАСЫ БАР?

Мұғжиза – Алла Тағаланың өз пайғамбарларына берген адам баласының қолынан келмейтін таңғажайып істері. Мұғжиза көрсетудегі мақсат – олардың пайғамбар екендігін дәлелдеу. Мұғжиза – негізінен Алланың ісі, пайғамбар тек оған дәнекер ғана болады. Құран Кәрімде: «Ешбір елші Алланың рұқсатынсыз бір де бір мұғжиза келтіре алмаған», – делінген («Ғафыр» сүресі, 78-аят). Мұхаммед пайғамбарға да көп мұғжизалар берілген. Ол жайында хадистерде және сира кітаптарда (пайғамбарымыздың өмірбаянында) баяндалады. Осында сол мұғжизалардың кейбіреулеріне тоқталып өтсек.

Салман Фарси ең алғашқы кездесуде Алла елшісімен арабша сөйлеуді білмеген. Мәдинада арабша, парысша білетін бір яһуди саудагер бар екен. Сөйтіп оны тілмаштыққа шақырған.

Салман Фарси Алла елшісін мақтап, Тәурат, Інжілде көрген қасиеттерін айтса, яһуди оның сөзін теріс аударған. Оны естіп, Алла елшісі мұңға батыпты. Сонда Жәбірейіл періште келіп, Салманның сөзін дұрыстап аударып берген.

Әлгі яһуди ұятқа қалып: «Уа, Мұхаммед! Өзің парысша біледі екенсің, мені неге шақырдың?» – деген. Сонда Алла Елшісі: «Бұл тілді білмейтінім рас, маған оның мағынасын Жәбірейіл періште айтып тұр», – деген.

Сосын яһуди: «Бұрын сенің пайғамбар екеніңе күмәнмен қарайтын едім. Енді анық білдім, Тәурат, Інжілде жазылған ақырзаман пайғамбары сен екенсің», – деп, иманға келіпті. Алла одан разы болсын!

***

Фаһд ибн Атия риуаят еткен: «Алла елшісі алдына жасы оннан асқан, туысынан мылқау баланы алып келіп: «Уа, Расулалла, мына баланың тілі шықсын деп дұға етіңізші», – деді.

Сонда Алла елшісі балаға қарап: «Мен кіммін? – деп сұрады. Бала дереу: «Сіз Алланың пайғамбарысыз», – деп жауап берді. Сонымен әлгі бала тілге келді.    

 

***

Алла елшісі: «Сақиф тұқымынан екі сұм адам шығады: бірі – кәззап, екіншісі – қанішер», – деді.

Тарихшы ғалымдардың айтуы бойынша, Сақиф тұқымынан шыққан бұл екі адамның бірі – Мұхтар ибн Убайд, екіншісі тасжүрек Хажжаж еді. Екеуінің де мінезі, істеген ісі Алла елшісінің айтқан сөзіне дәлме-дәл еді.

 

***

Алла елшісі: «Мен өлгеннен кейін отбасымнан қызым Фатима бәрінен бұрын маған қауышады», – деген.

Расында Фатима анамыз Пайғамбарымыздан алты ай кейін қайтыс болды, сол кезде оның жасы 28-де еді.

 

***

Бір күні Алла елшісі немересі Хасанды еркелетіп: «Мына менің ұлым, ұлы мәртебелі қожа. Меннен кейін мұсылмандар арасында шығатын үлкен қақтығысты осы балам тоқтатады. Оның ықпалымен екі мұсылман әскер нақақ қантөгістен сақтанады», – деді.

Айтқандай, Әзірет Әлі шейіт болғаннан кейін, Хасан таққа отырып, алты ай халифалық қызмет атқарады. Дәл сол уақытта Муғауия ибн Суфян Шам уәлаятының әмірі еді. Хасаннан халифалық орнын алуға Шамнан әскер тартып келеді. Хасан әскер жинап, оған қарсы шығады. Екі жақтан да 150 мың әскер қатысады. Міне, осы кезде Хасан ибн Әлі қан төгуден сақтанып, өз ықтиярымен халифалықты тапсырады. Алла одан разы болсын!

 

***

Алла елшісі Табук шайқасына бара жатқанда сахаба Әбу Зар Ғифаридің мінген түйесі шаршап, жолда қалады. Мұны естіген Алла елшісі: «Егер оның жақсылықтан несібесі болса, артымыздан жетіп келеді», – деді.

Түйесі жүрмеген соң, Әбу Зар жүгін иығына алып, әскер артынан жолға түседі. Күн ыстық, жол жүру қиын еді. Алла елшісі бір жерге тоқтап отырғанда, алыстан бір қара көрінді.

Алла елшісі: «Әбу Зар болу керек», – деді. Шынында сол еді. Тағы: «Әбу Зарға Алла жар болсын, жалғыз жүріп, жалғыздықта өледі. Қияметте де жалғыз тіріледі», – деді.

Әзірет Осман халифалық кезінде Әбу Зар басшылықпен тіл табыса алмағандықтан, Мекке мен Мәдина аралығындағы Рабза деген жерге қудаланды. Ол жерде оған көрші болатындай ешкім жоқ еді. Айтқандай, осы жерде жалғыздықта қалып өлді. Алла одан разы болсын!

***

Алла елшісі былай деген: «Ислам халифаты Құрайыш қолында тұрады, Құран жолымен жүрсе, дінін дұрыс ұстана білсе, бұл дәулеттен мүлдем ажырамайды».

Айтқандай, Құрайыш халқы дүниеге қызығып, дінін тиісінше күте алмағандықтан, билік басқа мұсылман ұлттарына өтті. Әсіресе, түріктер ұзақ уақыт Ислам халифалығын басқарды. Ал қазіргі таңда жер жүзі мұсылмандары Исламның атымен, Құранның хатымен ғана шектеліп, жік-жікке бөлініп отыр. Алла дінімізге қуат бергей!

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

меңгерушісінің орынбасары