ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
06/23/2023 1863

АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ ҚОШТАСУ ҚАЖЫЛЫҒЫ

АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ ҚОШТАСУ ҚАЖЫЛЫҒЫ

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанына тоғыз жылдан асқан еді. Меккенің ашылуымен Ислам нұры бүкіл араб жазирасына тарап, адамдар асыл дінімізді қабылдау үшін Мәдина қаласына жан-жақтан ағылып жатқан болатын. Ұлы хикмет иесі Жаратушы Алла кемел діннің соңғы кірпіші ретінде хижреттің 9-жылы мұсылмандарға қажылық құлшылығын парыз етті.

Алла Тағала қасиетті Құранда ол жайында былай деген: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Егер кімде-кім күпірлік қылып, қажылықты жоққа шығарса, біліп қойыңдар, Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж» («Әли Имран» сүресі, 97-аят).

Қоштасу қажылығының атаулары 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да қажылық парызын өтегені белгілі. Алла елшісінің қажылығы «қоштасу қажылығы» деп аталады. Қоштасу қажылығына қатысты бірнеше атау бізге мәлім. Біріншісі – Ислам қажылығы. Бұлай аталу себебі – Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хижрет жасағаннан кейін өмірінде тек осы қажылықты орындаған. Екіншісі – тамам, яғни кемелдену қажылығы. Осы ұлы құлшылықтың шариғатта заңдастырылуы арқылы Ислам кемеліне келді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі орындауы арқылы қажылық парызы толықтырылды. Осы қажылықта Құранның ең соңғы аяттарының бірі «Мәида» сүресінің алғашқы аяттары түсіп, діннің мерейін одан бетер үстем етті.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріндегі соңғы қажылық сапары болғандықтан, бұл қажылық «қоштасу қажылығы» деп аталды. Себебі Алла елшісі осы қажылық кезінде сахабаларымен қоштасқан болатын. Тіпті кейбір сахабалар Пайғамбарымыздың ұзамай Раббысымен қауышатынын сезген еді.

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңғы қажылығы хижреттің 10-жылында жүзеге асты. Пайғамбарымыз бұл қажылығы жайында: «Құлшылықтарыңды маған қарап істеңдер, бәлкім бұл менің ең соңғы қажылық сапарым болар», – деген еді (Мүслим). Осы қажылық сапарынан үш ай өткеннен кейін Пайғамбарымыз көп ұзамай хижреттің 11-жылы науқастанып, дүние салды.

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қажылығы жайында ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер болған еді. Алайда олар Мәдина қаласына қоныс аударғаннан кейінгі Пайғамбарымыздың алғашқы әрі соңғы қажылығы екеніне бірауыздан келіскен. Мүслимнен жеткен хадисте: «Пайғамбар Мәдина қаласында болған тоғыз жылында қажылық жасамады, тек оныншы жылында қажылық жасады», – делінген.

Пайғамбар қажылығының сипаты

Қажылық хижреттің 9-жылында парыз болды. Алайда бұл құлшылық белгілі айлардың белгілі күндерінде ғана өтелетіндіктен, хижреттің 10-жылы орындалды. Алла Құран Кәрімде бұл жайында: «Қажылық – белгілі айларда өтелетін құлшылық», – деген («Бақара» сүресі, 197-аят).

Қажылық парызын өтеу үшін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) он мың сахабамен Мәдина қаласынан зулқағда айының жиырма бесінде Меккеге аттанды. Қаладан он жеті шақырым ұзаған кезде Зул-Хулейфа елдімекеніне жетіп, аталған аймақты мәдиналық қажылар үшін миқат алаңы етіп бекітті. Осы жерде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғұсыл құйынып, ихрам киімін киді және сол жердегі мешітте бесін намазын оқыды. Кейін қажылықтың басталғанын білдіру үшін көтеріңкі дауыспен «Ләббәйк, Аллаһүммә ләббәйк, ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләбәйк, иннәлхамдә уән-ниғмәтә ләкә уәл-мүлк, лә шәрикә ләк» деп тәлбия айта бастады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сапарында ұмра мен қажылықты бір ихрамда орындады, сондықтан ол «қиран қажылығы» деп аталды. Зул-хижжа айының төртінші күнінің кешінде Мекке маңындағы елдімекенге келіп ат басын тірейді. Сол жерде мұсылмандармен таң намазын оқып, ғұсыл құйынып, күндіз Мекке шаһарына кіреді. Бірден шарапатты Қағбаға қарай беттеп, қара тасты сипап
сүйеді. Меккеге жақындап Харам аймағына кіргенде мына дұғаны оқу мустахаб амал: «Аллаһумма һәзә Харамука уә әмнука, фәхарримни аләннар, уә аминни азәбәкә йәума тәб’асу ибадәкә, уәж’ални мин әулияика уә әһли та-атика» (Мағынасы: «Уа, Алла! Бұл жер Сенің харамың және сақ қылған аймағың. Мені тозақ отынан қорғай гөр. Құлдарыңды қайтадан тірілтетін (қиямет) күнінде азабыңнан сақтай гөр. Мені әулиелеріңнен және әһли таатыңнан қыла гөр»).

Харам мешітіне кірген кезде сәлем намазын оқымастан тауап жасауға кіріседі. Тауаптың барлық айналымында Рукнул-Йамани мен Рукнул-Хажарул-Әсуадтің арасында мына дұғаны оқиды: «Раббанәә әәтинәә фид дуния хасанатән уа фил ахирати хәсәнәтән уақинәә ъазабәннәәр уа адхилнәл жәннәтә маъал абрар, иә ъазизу ия ғаффар ия раббал ъәәләмин» (Мағынасы: «Раббым бізге бұл дүниеде де, ақыретіңде де жақсылығыңды беріп, тозақ отынан сақта. Бізді жақсы игі құлдармен бірге жәннатқа кіргіз. Уа Азиз, уа кешірімді Ғаффар, уа бүкіл әлемнің Раббысы!».

Кейін Ибраһим мақамына барып «Бақара» сүресінің 25-аятын оқиды: «Уа, мүминдер! Ендеше, сендер де «Мақам Ибраһимге» намаз оқып, дұға етіңдер». Кейін екі бас сүннет намазын, алғашқы ракағатында «Кәфирун», кейінгі ракағатында «Ықылас» сүресін оқиды. Тауапты тамамдағаннан кейін Сафа төбесіне беттеп «Бақара» сүресінің 158-аятын оқиды: «Сафа мен Маруа – Алланың қасиетті нышандарының бірі. Кімде-кім қажылық парызын өтеу немесе ұмра жасау ниетімен Бәйтулланы зиярат етсе, онда аталған екі төбенің арасында сағи жасаса, күнә арқаламайды».

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Құранында Сафамен бастады, мен де Сафадан бастаймын», – деп тауап құлшылығын бастайды. Сафа төбесіне көтеріліп, құбыланы бетке алып, Аллаға тәкбір айтып, оның жалғыздығын дәріптеп дұға жасап, үш мәрте мына дұғаны оқиды: «Лә иләһә иллаллаһу уахдаһу ләә шәрика ләһ, ләһул мулк уа ләһул хамд, уа һуа ъалаа кулли шайиин қадиир» (Мағынасы: «Алладан басқа тәңір жоқ. Ол жалғыз, серігі жоқ, барлық иелік Оныкі және күллі мадақ Оған тән. Оның барлық нәрсеге құдіреті жетеді»).

Кейін Маруа төбесіне қарай беттеп, ол жерде де дәл Сафада айтқан дұғаны қайталайды. Екі төбенің ортасына жеткен кезде жүрісін жылдамдатады. Жеті мәрте тауап жасағаннан кейін ихрамнан шықпайды және сахабаларға былай дейді: «Кімнің құрбандығы болмаса, ихрамнан шықсын. Таруия күні Минаға келгенде ихрамын қайта кисін. Ал кім құрбандығын әкелген болса, ихрамда қала берсін. Егер мен бұған
дейін бұл жайында хабардар болғанымда құрбан малыма ен салып белгілемес едім. Мен де сендер секілді ихрамнан шығар едім, енді маған құрбандық шалмайынша ихрамнан шығуға болмайды». Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеде төрт күн тұрақтайды.

Таруия және Арафат

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зул-хижжа айының сегізі күні бейсенбінің таңында сахабаларымен Минаға беттейді. Сол жерде бесін, екінті, ақшам, құптан, таң намаздарын оқиды. Кейін Намира аймағына шатыр тігуді әмір етеді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшін арнайы құрылған шатырда бесін намазына дейін қалады. Кейін Урна жазығына беттеп, өзінің атақты құтбасын оқыды. Азан шақырылып, бесін мен екінті намаздары қысқартылып қосылып оқылады. Намаздан кейін Арафат аймағына беттейді, қалың мұсылман қауымы артынан ерді. Арафаттың ортасындағы Рахма тауына барып тоқтап, құбылаға бет бұрады. Арафат аймағында күн батқанға дейін тұрады. Сол бір керемет сәтте Құранның ең ұлы әрі ең соңғы аяттарының бірі «Мәида» сүресінің 3-аяты нәзіл болды: «Бүгін Мен сендерге діндеріңді кемеліне жеткіздім әрі нығметімді толықтырдым және Исламды сендерге дін етіп құптадым».

Күн батар алдында Мұздалифа жазығына қарай жол тартады. Усама ибн Зайдты (оған Алла разы болсын) артына мінгестіріп алған еді. Ол өзіне ерген адамдарды Аллаға зікір айтуға үндеп, жамағатты тыныштандырды.

Мұздалифа мен Мина

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мұздалифа алаңына жетіп, ақшам мен құптан намазын қосып оқыды да кейін демалды. Таң намазын оқып болған соң құбылаға бетін бұрып Аллаға дұға жасаумен болды. Тәкбірлер, мақтаулар айтып, таң ағарғанға дейін осы әрекетін жалғастырды. Бұдан кейін Минаға қарай беттеді, жол бойы Абдулла ибн Аббасқа (оған Алла разы болсын) жеті қиыршық тас алуын әмір етті.

Минаға жеткен кезде шайтанға тас ататын жерге барып, көлігінің үстінде тұрып, тас атты. Әр тас атқан сайын Алланы ұлықтаумен болды. Кейін құрбан шалатын жерге беттеп, құрбандығын өз қолымен бауыздады. Мүбәрак шашын қысқартып, ифада тауабын жасады.

Қоштасу құтбасы 

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы қажылық сапарында Ислам тарихындағы ерекше оқиғалардың бірі болды. Алла елшісі асыл дінімізді толығымен тәмамдағанын айтып, мұсылмандарға Ислам тарихына «қоштасу құтпасы» деген атпен енген соңғы өсиетін жеткізді. Қоштасу құтпасында мынадай үкімдер айтылды: жан, мал-мүлік және ар-намыс қасиетті, түрлі зорлық-зомбылықтан қорғалған; аманат иесіне берілуі керек; өсімнің (пайыздың) барлық түрі – харам; қан дауы (қанға қан) жойылды; ерлер әйелдердің құқығын қорғайды, әйелдер де ерлердің құқығына құрмет көрсетеді. Әйел де, ер де бойын зинадан аулақ ұстауы керек; барлық мұсылман – бір-біріне бауыр. Дін бауырының құқығына қиянат жасау – харам; қызметшілерге жақсы қарау керек. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер берік ұстансаңдар, еш уақытта адаспайтын нәрсе қалдырып барамын. Ол – Алланың кітабы және Пайғамбарының сүннеті», – деп мұсылмандарға екі қымбат қазына қалдырды. Ендеше, біз де Алла елшісінен мирас болған осы екі қымбат қазынаны қадірлеп, Пайғамбар өсиетіне берік болуымыз керек!

 

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,

Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы

«Иман» журналы, №6, 2023 жыл