
Өмір… Қызығы да, шыжығы да қайнап жатқан тіршілік мекені. Бұл өмірде қуаныш та, қайғы да қатар жүреді. Өмір бар жер де өлім хақ. Одан ешбір пенде сытылып кете алмас. Артында қалған ет жақын ағайын мұрқұмдарды еске алып, Құран бағыштап, ас беріп жатады. Мұрқұмға сауабы тисін деген мақсатта берілетін асты халқымызда «Құдайы ас» деп атайды. Марқұмның әруағына ас беріледі, Құран оқылып, көпшілікпен дұға жасалады. Дүниеден өткен марқұм үшін көппен бірге Алладан рақым және кешірім тілейді. Марқұмның күнәсі кешіріліп, артынан сауап амал жетсе деген үміт тұрады.
Алайда садақа жиындарында шариғат талабын орындап жатыр ма, ас беру мәдениетін қаншалықты сақтап жүрміз?! Бүгінде көп ойландыратын қоғамның сұрағы осы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көптің көкейіндегі өзекті мәселеге бей-жай қарап қалмады. Еске салайық, 2020 жылы «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық форумында «Ас беру мәдениеті» құжатын бірауыздан қабылдаған болатын. Аталған құжаттан аса маңызды жәйттерді көруге болады.
Қабылданған құжаттың мақсаты – Қазақстанның барлық аймағында шариғат шеңберінде, салт-дәстүрімізді ескере отырып, отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын және ысырапқа жол бермейтін құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыру және оны көпшілікке насихаттау. Құдайы ас беру ата-бабамыздан келе жатқан халықтық дәстүр мен ұлттық мәдениетіміз болғандықтан, оның бүгінгі заман талабына сай кейбір тұстарын бір ізге келтіріп, келешек ұрпаққа аманат етіп жеткізу.
Қайтыс болған кісіні арулап көміп, жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда дастархан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда белең ала бастады. Мысалы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ «көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз» деп дастархан жайып, шектен тыс шығын жасап, ас та төк, ағын-төгін дастархан жаюда. Бұл, орташа табысы бар көптеген отбасыларға ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі күні еске алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мәселесі шариғат заңдары мен салт-дәстүр бойынша реттеуді талап етеді.
Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Осыдан келе жұрттан қарыз алып, қауғаланып «парызымды орындаймын» деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес. Ал шын мәнінде шариғатта: «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» деген. Бүгінгі күні осы сынды әдет-ғұрыптар мен рәсімдер реттелмесе, жыл өткен сайын бұл қиындықтар күшейе түсуі мүмкін. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы рәсімдерді реттеп, бір жүйеге келтіретін арнайы құжат қабылдауды басты назарға алды. Бұл құжатты негізге ала отырып, қоғам болып бірауыздан қолдауымыз қажет. Сонда ғана ысырапшылдықты тоқтатқан болар едік.
Құдайы астың негізгі мәні – көпшіліктің басын қосып марқұмға Құран бағыштап, дұға жасау, Алла Тағаланың мейірімін, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатын тілеу, пендешілікпен өткен қателіктері мен күнәлары үшін Жаратқаннан жарылқау сұрау.
Қазақ халқының дәстүрінде марқұмдарға арнап берілетін құдайы астардың бірнеше түрі бар. Мысалы, «үш күндігін беру», «жетісін беру», «қырқын беру», «жүзін беру», «жылын беру» және т.б. Яғни көңіл айтып келген кісіге дастархан жайып ас беру қазақ халқының қанына сіңіп, дәстүріне айналған. Сондықтан дүниеден озғандарға арналған құдайы астардан бөлек көпшілікке берілетін астар да бар. Ата-анасының, басқа туыстарының дүниеден озғанына бес жылдық, он жылдық, тіпті марқұмның 100 жасқа толуын еске алатын құдайы астың түрлері бар.
Түсіне білсек, шариғат бойынша ысырапшылдық жасамай, марқұмның артынан ізгі тілек тілеп, дұға жасаудың сауабы мол. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан әзірленіп, 2017 жылы жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында: «Қайтыс болған кісінің атынан ас беру – ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз. Дінімізде «міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан ірі қара мал сойып, садақа бер» деген үкім жоқ. Садақалар, құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс», – делінген [«Жаназа және жерлеу рәсімдері» – Астана, 2017. – 148 бет].
Аталған құжатта «ас беруде ысырапқа жол бермеу» керектігі жөнінде былай делінген: «Ас та төк ысырап жасау кез келген отбасыға материалдық тұрғыда шығын әкеледі. Қасиетті Құранда: «… ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят).
Шариғаттағы көптеген міндеттер орта деңгейлі отбасының жағдайына қарай белгіленген. Мысалы, рамазан айындағы пітір садақасы – жан садақасы бола тұра, барлық мұсылмандарға емес, тек дәулеттілерге ғана міндеттеледі. Сол үшін шығынның көптігімен емес, ниеттің тазалығымен таразыланады.
Мал-дәулеті бар адамдар да құдайы асты қарапайым деңгейде бергені жөн. Алайда марқұмның атынан басқа да сауапты амалдар жасауды қаласа, жетім-жесірлерге, кедей-кепшіктерге қайыр-садақа беріп, мешіт, медресе, мектеп, бала-бақша, халық жүретін жол, көпір салып, ағаш егіп, басқа да ізгі істер арқылы өз ниетін іске асыруына болады.
Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс.
Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және т.б.) таратуды шариғат талап етпейді. Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу – әлде-қайда сауапты». Құжаттағы көрсетілген ас беру мәдениетін ел болып сақтауымыз керек. Мұның барлығы шариғат талаптарына негізделіп әзірленген.
«Тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар. Демек, қазалы үйде қазан көтерілмеуі керек. Қайғыдан қан жұтып отырған шаңырақтан тамақ ішіп, бос әңгіме айтып, арсыз күлкіге еру мүлдем дұрыс емес. Қайта туыс-жақыны, көрші-қолаңы, жора-жолдасы жандарына демеу болып, қаралы отбасын қамқорлыққа алып, қайғысын жеңілдетіп, барлық шаруадан босатуға күш салуы қажет. Қазаға мал іздеп, базар аралап, өзгеден қарыз сұрап сабылып кетпеуі тиіс. Бұл көптің көкейіндегі, халықты толғандырып, әлі күнге дейін бас қатырған өзекті мәселеге айналды. Бұған атүсті қарай салуға болмайды. Мұсылманның ісінен шариғат көрініп тұру керек. Шариғат – Алланың қалаған заңдылығы.
Судың да сұрауы бар. Әрбір ысыраптың да обалы бар. Әсіресе осы ас-құдайыдағы жағдайымызға аса мән берейік. Ас берудегі ысырапшылдыққа тоқтау қоятын кез жетті. Түбегейлі тоқтату үшін мұнымен халық, әулет, ру басы, ақсақалдар болып үн қатып айналысуымыз қажет. Өйткені, қазалы жерлерде азық-түлікті аямай, дастарқанды жайнатып ас беретіндер бар. Құдайыға емес, тойға келгендей сезімде боласың. Мал-дәулеті бар адамдар да құдайы асты қарапайым деңгейде бергені жөн. Кейбір ағайындар қалтасы көтермей қиналады. Қарызданып-қауғаланып, елден қалмайын деп дастарқан жаюға тырысып жатады. Мұндай жағдай біріншіден – ысырапшылдыққа, екіншіден, қазалы отбасыны шектен тыс ауыртпашылыққа итермелейді. Кісі баласын қаржылық қиындыққа немесе қарызға батырып қою – қиянат іс екенін өздеріңізде білесіздер.
Қорытып айтсақ, «Жан қайғысы болған үйде мал қайғысы болмасын» деген қанатты сөз бар. Марқұмның алдындағы «парызымды орындаймын» деп, тіршілік еткен ағайыныңыз «қарызымды қайтіп өтеймін» деп қиналып жүрмесін. Біздің ортақ мақсатымыз – қаралы үйге салмақ түсірмей, ысырапқа жол бермей, Жаратқанның ризашылығына бөлену болуы тиіс.
«Ас беру мәдениеті» құжаты елдегі мұсылман қауымы үшін әзірленген. Ондағы бекітілген ережелерді сақтайық. Бір ғана мақсат – мұсылман қауымының өзіндік құдайы ас беру мәдениетін қалыптастырып, оған қатысты жоралғыларды, қалыптасқан дәстүрді жүйелендіру болып табылады.
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
Қызылорда қалалық
«Мүсірәлі ата» мешітінің имамы