ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
02/14/2024 10058

АТА-АНАҒА ҚАТЫСТЫ ӘДЕПТЕР

АТА-АНАҒА ҚАТЫСТЫ ӘДЕПТЕРБұл дүниеде ең бірінші жақсылық жасауымызға лайықты жандар – ата-ана. Ата-анаға қатысты әдептер асыл дінімізде әдептердің ең маңыздысы саналады. Ал оларды сыйламау ауыр күнәлар қатарына жатады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Ауыр күнәларға Алла Тағалаға серік келтіру, ата-ананы құрметтемеу, адам өлтіру және жалған ант беру жатады», – делінген (Бұхари).

1. Құрмет көрсету. Ата-анаға деген құрметке екеуінің көзінше дауыс көтермеу, алдына шығып жүрмеу, дастарқанда төрге шығару, ас ішуді олардан бұрын бастамау сияқты т.б. игі істер жатады. Құранда Алла Тағала: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «туф» деп (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей, Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей гөр!» де», – деп бұйырған («Исра» сүресі, 23-24-аяттар).

Ата-анаға құрмет қылмау – үлкен күнә. Халқымыз қарт әке-шешеге лайықты құрмет қылмау, оларға дауыс көтеріп сөйлеуді береке мен ырыстың жоғалуы деп білген. Ыбырай Алтынсарин:

Береке кеткен елдерде,
Күн қысқарса керек-ті.
Алатаудай әкеге,
Ұл қышқырса керек-ті.
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Аялы қолда талпытқан,
Қаймақты сүттей қалқытқан,
Суық болса жөргектеп,
Қорғасын оқтай балқытқан.
Айналасына ас қойып,
Айдынды көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан.
Сондай сорлы анаға,
Қыз қышқырса керек-ті, – деген.

2. Екеуіне жақсылық жасау. Жақсылық жасауға ең лайықты болған жандар – ата-ана. Алла Тағала Құранның бірнеше жерінде оларға ең көркем түрде жақсылық жасауға бұйырған: «Адам баласына әке-шешесіне жақсылық істеуді өсиет қылдық» («Ахқаф» сүресі, 15-аят), «Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге жақсылық қылыңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят). Аятта Алла Тағалаға ешбір серік қоспай, құлшылық жасау керектігі жөнінде айтылғаннан кейін екінші орында ата-анаға жақсылық жасаудың бұйырылуы – ата-анаға жақсылық жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Ата-ананың жасы ұлғайған сайын оларға қатысты атқаратын міндеттеріміз де көбейе түспек. Абдулла ибн Омардан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте үш адам үңгірге кіріп, үңгір аузын тас жауып қалатыны айтылады. Сонда әрқайсысы өзінің ең бір ізгі амалын айтып, Алла Тағалаға дұға қылып, сол бір ізгі амалының құрметі үшін құтқаруын сұрап жалбарынады. Сонда алғашқы кісі: «Уа, Алла, менің қартайған ата-аналарым бар еді. Мен кешке оларға сүт бермейінше, үй ішіндегілерге де, құлдарға да сүт бермейтінмін. Бірде мен ағаштарды іздеп жүріп үйден алысқа кетіп қалыппын, үйге қайтып келсем, олар ұйықтап қалған екен. Мен сүт сауып болған соң, олардың ұйықтап жатқанын көріп, оларды оятқым келмеді. Олардан бұрын үй іші мен құлдарға да сүт беруді қаламадым. Осылайша мен қолымдағы ыдысты ұстап таң атқанша олардың оянғанын күтіп тұрдым. Осы аралықта аяғымның жанында балаларым қарындары ашып жылап жатты. Сосын менің ата-анам оянып, кешкі асын ішті. Уа, Алла! Егер осының бәрін мен Сенің разылығың үшін істеген болсам, бізді осы тастың кесірінен болған жайымыздан құтқар!», – деді. Осыдан кейін тас орнынан кішкене қозғалды», – делінген (Бұхари, Мүслим, Ахмад, Әбу Дәуіт). Бұл хадисте қарт ата-анаға жәрдемдесудің артықшылығы баян етіледі. Демек бар күш-жігерін бала-шағасының қамы үшін жұмсаған ата-анаға құрмет көрсетіп, олардың қартайған шағында қажетінде болу, көркем мәміле жасау – әрбір перзенттің міндеті.

3. Оларға бағыну. Мұсылман адамға ата-анаға бағыну – міндет. Оларға қарсы шығу харам болып саналады. Құранда Алла Тағала: «Адамдарға ата-анасына қарайласуды бүйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның – Мен жақ. Егер екеуі білмеген нәрсеңді Маған ортақ қосуға зорласа, Оларға бағынба!» – деген («Лұқман» сүресі, 14-15-аяттар). Яғни мұсылман адам күнә болмаған істерде әрдайым ата-анасына бағынып, олардың разылығын алуы қажет. Кім бұл істерде ата-анаға бағынбаса, Алланың әмірін орындамаған болады. Тек аятта көрсетілгендей күнәлі істерге бұйырған жағдайда ғана оларға бағынбауға болады.

4. Ананың хақы. Ананын хақы әкенiң хақынан үш есе жоғары тұрады. Бұл жайлы хадисте былай делiнген: «Бiрде Алланың елшiciне (оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын) бip кici келдi де: «Уа, Алланың елшici! Адамдардың iшiнде жақсы қарым-қатынас жасауыма ең лайықтысы кiм?» – деп сұрады. Ол: «Анаң», – дедi. Ол адам: «Одан кейiн ше?» – деп сұрады. Ол: «Анаң», – дедi. Ол адам: «Одан кейiн ше?» – деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын) тағы да: «Анаң», – дедi. Ол адам: «Одан кейiн ше?» – деп төртiншi рет сұрады. Сонда ғана Пайғамбарымыз: «Әкең», – дедi» (Бұхари, Мүслим). Бұл хадис дiнiмiздi дұрыс түсiнбейтiн кейбiр адамдардың «Ислам әйел құқығын таптайды» деген түсiнiктерiне айқын айғақ. Ата дiнiмiзде әйел баласы ана ретiнде бүкіл адамнан дәрежесi жоғары тұрады.

 

Ата-ананың дүниеден өткеннен кейiнгi хақылары

1. Олар үшiн Алладан дұға етiп, кешipiм тiлеу. Ата-ана дүниеден озғаннан соң артында қалған ұрпақтары олар үшiн үнемi Алладан кешipiм тiлеп, дұга етiп тұруы керек. Алла eлшici (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам дүниеден өткенде оның амалынан басқасының бәрі тоқтап калады. Олар – үзiлмейтiн садақа, басқаларға пайдасы тиетiн бiлiм жане салиқалы ұрпақтың оған арнап жасайтын дұғасы», – деген (Мүслим). Әбу hұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен тағы бiр хадисте былай делінген: «Алла Тағала iзгi құлынын, жәннәттағы дәрежесiн көтередi. Сонда ол: «Уа, Раббым! Бұл дәреже маған не себептi берiлдi?» – деп сұрайды. Оған: «Сенің балаңның саған кешipiм тiлегенi үшiн (беpiлдi)», – делiнедi» («Фатху ал-кадир» (3/214). Құранда Ибpahим (оған Алланың сәлемi болсын) пайғамбардың былай деп дұға еткенi келген: «Раббымыз! Есеп құрылатын күні менi, әке-шешемдi және мүминдердi жарылқа»(«Ибpahим» cүpeci, 41-аят).

2. Ата-ананың достарын құрметтеу. Ата-ана дүниеден өткеннен кейiнгi бiзге мiндеттi болатын хақылардың бipi – олардың жақындарын, туыстары мен достарын құрметтеу. Қазақта «Әкең өлсе де, әкеңнiн көзiн көрген өлмесiн» деген сөз бар. Хадисте: «Расында, адамның әкесi жақсы көрген кiсiлермен араласуы құрмет көрсетудiң шыңы caналады», – делiнген (Мүслим).

Мәлик ибн Рабиға әс-Сағди (Алла оған разы болсын) былай дейдi: «Бiрде бiз Алланың елшiciмен бiрге отырғанымызда оған Бану Сәлима руынан адам келдi де: «Уа, Алланың елшici! Meн ата-анам өмiрден озғананнан кейiн де оларға құрмет көрсетіп, жақсылық жасай аламын ба?» – деп сұрады. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын): «Иә, егер оларға дұға жасасаң, Алладан олар үшiн кешiрiм сұрасаң, олардың артынан уәделерiн орындасаң, өзің ата-анаңның туысқандарымен байланысты жалғастырсаң және олардың достарын құрметтесең (оларға жақсылық жасаған боласың)», – дедi (Әбу Дәуiт).

Абдулла ибн Динар былай дейдi: «Бiрде бір бәдәуи Меккеге бара жатқан жолында Абдулла ибн Омарды (Алла оған разы болсын) кездестіреді. Абдулла оны өзінің есегіне отырғызып, өзінің киіп жүрген сәлдесін береді. Сонда біз оған: «Алла саған ақыл қоссын! Бұлар азға да риза болатын бәдәуилер ғой!» – дедік. Бұған Абдулла ибн Омар: «Расында, бұл адамның әкесін (менің әкем) Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) жақсы көретін. Мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, адамның әкесі жақсы көрген кісілермен араласуы құрмет көрсетудің шыңы саналады», – дегенін естідім», – деп жауап береді (Мүслим, Термизи, Әбу Дәуіт).

Думан НӘДІРҰЛЫ,

РАНТ мүшесі

«Иман» журналы, №1, 2024 жыл