ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ресми сайты
02/15/2021 1546

Ата ананың қарызы – ұрпақтың өмірлік парызы

Адамзат баласы жер бетіне шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап өмірлік парызы болып жаратушы Аллаға шынайы түрде иман келтірумен қатар басты міндеті саналатын ізгі амал ол- ата анаға деген перзенттік борышпен қатар ықыласты қарым – қатынас болып саналады. Жер жүзінің қай қырын алып қарасаңызда перзент өмірінде ана мен әкенің қастерлі қасиеттеріне теңеу келер ештеңе жетпейді десекте орынды болып саналмақ. Себебі, ана сәбиін құрсаққа біткеннен бастап құндаққа алғанша бар жүрегімен жамандық атаулыдан қорғауда болады. Құндақтан тәй-тәй басқанша алақанында аялайды. Тәй-тәй басқан сәтінен бастап үлкен өмірге қадам бастырып өмірінің соңына дейін бар жақсыны беруге талпынады.   Қазақ халқының қандайда бір дәстүрін алып қарасаңызда түбінде тұңғиық сырға толы тәлім-тәрбие мұрасы жатқандай. Асыл дініміз ислам тұрғысында да ата – ананы құрметтеу жайлы аят-хадистеріміз де жетерлік.  Қасиетті Құран кәрімде Аллаһ Тағала: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке – шешеге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «уһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып былай деп дұға жаса: «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды сенде солай мейіріміңе бөлей көр»-делінген.

Қасиетті аятта Құдай Тағала ата-анаға «түһ» деп айтудың өзіне тыйым салып тұр. Бұл кейістік білдірудің түрі, ата-ананы жәбірлеудің ең жеңіл түрі саналады. 

Осы аяттың мағынасы туралы Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла «түһ» деуден де төмен нәрсе болса, оған да тыйым салған болар еді. Ата-анасын құрметтемеген жан қанша ізгі амал істесе де ешқашан да жәннатқа кірмейді. Керісінше, ата-анасын құрметтеуші қандай (кіші) қателік істесе де ешқашан тозаққа кірмейді», – деген. Жаратқан Иеміз адамзат атаулына ата-анаға жақсылық қылуға бұйырып, өсиет еткен.

«Біз адам баласына ата-анасына ізгілік қылуды өсиет еттік. Оны анасы әлсіздік үстіне әлсіздене жүріп көтереді де, оны екі жылда емшектен шығарады. Маған және ата-анаңа шүкірлік қыл! Шындығында, қайтатың жағың Мен жақ» («Лұқман», 14-аят)

АбдураҺман ибн Абу Бәкірден жеткен хадисте Пайғамбарымыз с.а.у үш рет: «Сіздерге күнәләрдің ең үлкенін айтайынба?»-деді

Сахабалар:  «Йә, айтыңыз, Расулалла!»-деді.

«Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы келу»-деп айтып, жамбастап жатқан орнынан тұрып осы сөзді бірнеше мәрте қайталаумен болады.

   Арабша «уқуқ»сөзі «жару» және «кесу» мағыналарында зиян тигізу, қарсы келу деген мағынаны береді. Бір сөзбен айтқанда «уқуқ » сөзі ата ананың қарғысы болып табылады.

   Пайғамбарымыз с.а.у бұл хадисте үлкен күнәләр жайында хабар беріп жатыр. Алла елшісі с.а.у Аллаға серік қосу сияқты дүниедегі ең үлкен күнәдан кейін екінші орында тұратын жаратушы алдында әке шешеге қарсы шығу екенін айтып отыр. Демек, адам баласы Аллаға серік қосудан қатты қорқатын болса, әке шешеге  қарсы келуге де солай қорқу қажет Сол сияқты өтірік сөлеуден өсектен де солай қорқу қажет.

   Пенде болғаннан кеін кей сәттерде адам баласы өзім білемге салынып ата – ананы ренжітетін жайыттар болып жатады.

   Пайғамбарымыз с.а.у өзінің құдси хадисінде «Жұмақтың исі бес жүз жылдық ара қашықтықтан сезіледі. Оның исін істеген жақсылығын міндет етуші және әке-шешеге қарсы келуші адамдар сезбейді»-деп  қатаң түрде ескерту жасаған.  Негізінде әке-шешеге жақсылық жасалуы керек болған амалдың терісін жасаған, әке-шешенің ренжуіне себеп болатын, олардың көңілдерін түсіретін және олардың қайғыруына себепші болатын ұрпақ –бұл дүниесі мен Алланың алдындағы риззығын жоқ қылып, үлкен күнәларға жол бастаушы болмақ.

     Бірде халифа Омарға бір кісі келіп:

«Менің ата-анам қатты қартайды. Кішкентай кезімде олар маған қызмет еткеніндей мен оларға қызмет етіп келемін. Олардың алдындағы перзенттік міндетімді өтеген болып саналамын ба? » деп сұрайды. Сонда халифа Омар (р.а):

«Жоқ. Өтеген болып саналмайсың. Себебі, олар сенің өсіп, мықты азамат болуың үшін саған қызмет көрсетті. Ал сен олар жақында дүниеден өтуі мүмкін деп қызмет көрсетудесің » деген екен.

 Біздерге өздері жемей, жегізген, кимей, кидірген, ұйықтамай, ұйықтатқан, өмірдің дауылдарынан бізге бір шаң тимесін деп, бүкіл болмысын арнаған ата-ана ақысын төлеу, әсте, мүмкін емес…  

Алла Тағала баршаларымызға әке шешелеріміздің өмірлік кезінде разылығын алуымызды нәсіп етсін.

Бахыт УЛЖАЕВ,

Шиелі ауданының Бас имамы