Қармақшы Ата мешіті
Қармақшы Ата мешіті 2015 жылдың 28 ші қараша айында Қармақшы ауданыңда ашылды.
Тұңғыш Президент күніне орай Қармақшы ауданында жаңа имандылық үйі ел игілігіне берілді. Қармақшы ата мешітінің ашылу салтанатынан тілші репортажы.
Еліміз Егемендік алғаннан бері дініміз бен ділімізге баса мән берілуде. Бұл ретте халықты имандылыққа тәрбиелеуде, ата-бабалар ұстанған салт-дәстүрімізді құрметтеуде Елбасы әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Осы орайда, Жосалы кентінің орталығынан бой көтерген жаңа мешіт, Тұңғыш Президент күні пайдалануға берілді. Күмбезді ғимараттың сәулеті мен сәні әдемі үйлесім тапқан. Мұнда бір мезетте 250 адам құлшылық ете алады. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі қатысып, қуанышқа жиылған қауымды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Мешітке көптің қалауымен Қармақшы ата атауы берілді. Аңыз-әңгімелерге сүйенсек ол он жетінші ғасырда өмір сүрген әулие-әмбие кісі болған. Қармақшы ата өмір бойы балық аулауды кәсіп етіп, тапқанын кедейлер мен жетім-жесірлерге беріп, қайырымды жан ретінде ел жадында қалған. Мешіт құрылысына демеушілік жасап, басы-қасында болған баба ұрпақтары бұл игілікті істі жақсылыққа балайды.